«Алуан алуан әкім бар, Әліпбегі бір бөлек»
Тәуелсіздік мерекесіндегі іс-шарада мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаев өндірісте шыңдалған жан. Олай дейтініміз. 1983 жылы Қазақ химия-технологиялық институтын бітіргеннен кейін 2006 жылға дейін құрылыс саласында еңбек етті. Мемлекеттік қызметке осыдан 11 жыл бұрын ғана бет бұрды. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасын басқарды. Түркістандай киелі шаһардың тізгінін қолға алды. Оның үстіне Түркістанға бір емес, екі рет әкім болған адам некен-саяқ шығар.
Өндірісте жүргенде Түркістан қалалық мәслихатының депутаты болды. Бертінде Түркістан қаласының құрылыс бөлімін басқарып жүрген жылдары Кентау қаласы әкімінің орынбасары болу жөнінде ұсыныс түсті. Ал Қайрат Молдасейітов Түркістанға әкімдікке тағайындалған тұста туған жерінде қызмет еткісі келген Әліпбек Өсербаев оның орынбасары болып ауысты. Біраз қиындықтардан өтті, ысылды, жаңа қызметке төселді. Кейінірек көптен бері сырттай бақылап жүрген сол кездегі облыс әкімі А.Мырзахметов сенім білдіріп, Түркістан қаласының әкімі қызметіне тағайындады. «Сол сенімнің үдесінен шығайық деп әкімдік қызметке кірісіп кеттік. Менің түсінігім бойынша, қолыңнан іс келмесе, көке-жәке көмектесе алмайды. Көке-жәкең он жерден қолдау көрсетіп, сүйрегенмен, демегенімен, тәжірибең, білімің болмаса, жұмысты үйлестіре алмасаң, ұзаққа бармайсың. Мен осы қағиданы қарамағымдағы қызметкерлеріме ұдайы ескертіп отырамын. Мемлекеттік қызметке өндірістен тәжірибе жинап келдім. Сонау Қарағандыдағы асбест-цемент өнімдері зауытынан еңбек жолым басталды. Кезінде Тараз бен Алматының арасын жалғап жатқан күре жолды салдық... Міне, осынау көрген-түйгенімінің барлығы қызмет барысында кәдеге асып жатыр», -дейді Әліпбек Шәріпбекұлы өткен жылдарға көз жүгіртіп.
Бүгінде Ә.Өсербаев Түркістан қаласын дамыту мақсатында еңбек етуде.Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы деп жарияланған Түркістан қаласында маңызды да ауқымды шаралар өткізілді. Қаланы 2021 жылға дейін толық газбен қамтамасыз ету бағытында да нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. «Алуан алуан жүйрік бар азаматы бір бөлек, алуан алуан адам бар азаматы бір бөлек» деген халық даналығын елдің бүгінде «Алуан алуан әкім бар, Әліпбегі бір бөлек» деп ептеп өзгертіп, өң беріп айтып жүргені бекер емес қой.