Тарихты қараламай, одан сабақ алған жөн

Oinet.kz 04-12-2017 872

Screenshot_2.jpg

Жуырда "Рейтинг" апталығында тарих ғылымдарының кандидаты, өңірімізге белгілі азамат Сапарбек Саховтың "Қазан төңкерісі және тәуелсіз Қазақстан" атты көлемді мақаласы жарық көрді. Биылғы күзде Қазан революциясына 100 жыл толуына орай ол жөнінде қоғамда әрқилы пікірлердің бар екенін айта келіп, оған өз көзқарасын білдірген. Автор «Қазан революциясы қазақ халқына не әкелді?» деген сұрақ төңірегінде ой толғай отырып, бұл оқиғаның  халқымызға әкелген жақсылықтарын да ұмытпауымыз керек  деген ой тастайды. Шындығында барлық нәрсені де салыстырып қараған жөн.

Солтүстік көрші империялық пиғылмен  стратегиялық маңызы зор, Азия елдеріне жол ашатын "қақпа мен оның кілті" болып табылатын кең байтақ қазақ даласын уысына түсірген соң оны мәңгі - бақи иемденіп алғысы келді. 1822 және 1824 жылғы Жарғылар бойынаша қазақ халқы саяси тәуелсіздігінен, яғни өзін-өзі билеу құқығынан айырылды. Ал 1867-1868 жылдардағы  реформалар бойынша қазақ жері Ресейдің жері деп жарияланды. Қазақтар ата-бабаларымыздан мұра болып қалған жерлерінен айырылды. Оған келімсектер көптеп қоныстандырылды. Қазақтар біртіндеп өз жерінде азшылыққа айналып, тілінен де айырыла бастады. Түптің түбінде патшалық кезеңде де, совет өкіметі тұсында да түпкі мақсат жаулап алынған халықтарды, соның ішінде қазақ халқын да орыстандыру еді. Бұл мақсат жолында олар үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Біржола орыстанудан Тәуелсіздік қана аман сақтап қалды.

Патша үкіметі мемлекетімізді жойып, қазақ жерін бөлшектеп жіберсе, Совет өкіметі формальды түрде болса да Қазақ автономиясын құрғаны рас, бірақ өздеріне толық бағынышты түрде. Бұл мәселеде В.И. Лениннің түсіністік танытқаны да шындық. Десек те, мақаланың кейбір біз келісе алмайтын тұстары да бар. 

Мәселен мына бір үзіндіні алып қарайық: "Экономикасы мыңдаған жылдардың тұңғиығынан, экстенсивті көшпенді мал шаруашылығынан шыға алмай, сондықтан да психологиялық келбеті мен сапа сезімі тасқамал консервациядан тек революциялық қопарылыс арқылы ғана шыға алатын жағдайға енген қазақ үшін бұл тарихи сый іспетті еді",- дейді автор. 1917 жылғы екі революция, 1918-1920 жылдардағы азамат соғысы, 1921 жылғы аштық, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық, шетке жаппай көшіп-қашу, ұлттық интеллигенцияның бетке ұстарларының түгелдей дерлік жазалауға ұшырауын "қазақ үшін тарихи сый" емес қазақ ұлты үшін демографиялық апат болғанын ұмытпаған жөн. Ұлтымыз үшін сондай революциялық қопарылыстар қажет пе? Ондай қопарылыстардың бетін аулақ қылсын. Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Міне, осы жағдайларды терең ой елегінен өткізе отырып, Елбасы Н.Назарбаев өзінің "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында алдағы уақытта, алыс-жақын келешекте ұлтымыз тек қана эволюциялық даму жолынан ауытқымауы керектігін айта келіп, "Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді,"- деген тұжырым жасағаны жайдан-жай емес. Біз де осы қағидаға толық қосыламыз. Ұлтымыздың болашағы жарқын, "Мәңгілік Ел" болсын десек, ешқандай революциялық қопарылыстардың, сілкіністердің қажеті жоқ.

Мақаладан түйгеніміз, тарихты бүтіндей ақпен немесе қарамен бояуға болмайды. Оған әр нәрсенің қонымды және қонымсыз жақтарын салыстыра отырып, диалектикалық тұрғыдан келу керек. Бұдан келіп шығатын қорытынды, ұлтымыздың ең басты құндылығы -Тәуелсіздік. Одан айырылып қалуымыздың өзі де ру –тайпаға бөлініп, ұлттық бірлігімізді жоғалтқаннан емес пе еді? Сондықтан бәрінен бұрын бабалар аңсаған Тәуелсіздігімізді қастерлейік, оны сақтаудың бірден бір жолы – ұлттық бірлік екенін естен шығармайық.

Тарих дөңгелегін кері айналдыру мүмкін емес, өйткені уақыт тек бір бағытта ғана, алға қарай қозғалады. Бірақ одан сабақ алуға,  қателіктерден қорытынды жасауға болады.

Жалпы алғанда мақалада келтірілген дәйектер оқырманға ой салу үшін жазылған, соны пікірлерімен тартымды, көңілге қонымды деген ойдамыз. Былайша айтқанда, ұлттық тарихымыздың беймәлім беттерін қайта зерттеп – зерделеу үшін, тарихи сананы қалыптастыру үшін мерзімді басылым беттерінде мұндай мақалалардың жиі жарық көргені жөн. Қалай дегенде де автор бұл тақырыпқа өзінше батыл байламдар жасап, өз көзқарастарын ашық білдірді. Мақала да сонысымен құнды, сонысымен өзекті.

Сейдехан Әлібек,

Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихшылар мен саясаттанушылар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тарих ғылымдарының докторы

Жыл жемісті болды, үздіктер марапатталды
Қатал бәсекеге дайын болуымыз керек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу