Жыл жемісті болды, үздіктер марапатталды

Oinet.kz 14-12-2017 1000

Screenshot_1.jpg

Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда өткен Тәуелсіздігі күніне арналған алқалы жиында медицина саласына еңбегі сіңген ақ халатты абзал жандар лайықты еңбегіне қарай марапат алды.  Салтанатты жиында «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төс белгілері және  «Облысқа сіңірген  еңбегі үшін» медалі табысталды. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министірлігінің, облыс әкімінің,  облыстық мәслихаттың, «НұрОтан» партиясының Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.

- Биыл былтырғы жылмен салыстырғанда медицинаға қажетті  құрал жабыдықтарға 3.5 есе  көп қаражат бөлінді. Естеріңізде болса төрт жылдан бері емханалардың құрылысы тоқтап қалған болатын. Осы орайда бүгінде облыс әкімінің, облыстық мәслихат депутаттарының   қолдауы арқасында төрт бірдей емхананың құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Атап айтқанда  Сайрам ауданында, Жетісай қаласында, Мырзакентте, Кентау қалаларында жаңа ғимараттар  бой көтеруде. Келер жылы тура осындай екі үлкен  емхананың  құрылысы Атакентте, Шардарада басталғалы отыр.  Бұдан бөлек туберкулез ауруханасын қаланың сыртына шығару  мақсатында жер бөлініп, құрылысы қолға алынуда. Одан бөлек онкологиялық диспансердің құрылысын бастау мақсатында қазынадан қаржы бөлінді. 

Оңтүстік Қазақстан облысы халық көп шоғырланған аймақ болғандықтан  перзентханалардың жетіспейтіні белгілі. Сол себепті  Сарыағаш пен Шымкент қалаларында жаңа перзентхананың құрылысына  жобалау сметалық жұмыстары жүргізілді, жақын күндері құрылыс нысандары қарқынды жүретін болады. Елімізде, оның ішінде облысымызда мұнан басқа да айтуға тұрарлық   көптеген жобалардың жүзеге асуы, зор жетістіктерге жетуі, бәрі, бәрі  Тәуелсіздіктің арқасында. Осы сәтті пайдаланып Елбасының жүрізіп келе жатқан саясатына, облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының  қолдауына алғысымды білдіремін.

Бүгінгі марапат алған  барлық дәрігерлерімізді шын жүректен құттықтаймын. Биылғы жыл Денсаулық сақтау саласы үшін  жемісті жылдардың бірі болды. Ана мен бала өлімі бойынша былтыр бірінші орында болсақ, биыл тоғызыншы орынға төмендедік, яғни 47 пайызға азайды. Онкологиялық, жүрек қан тамырлар ауру түрлері айтарлықтай кеміді. Туберкулезден болатын өлім де азайған. Тағы айта кететін жайт- ауылда жұмыс істейтін мамандарға 1 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. Жас мамандар ауылға барып жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалынған.

Медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын  Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев осындай нақты деректермен тілге тиек етті. Жиынға қатысқан медицина қызметкерлерімен жолығып, қуаныштан жүздері бал-бұл жанған олардың ой-пікірлерін де білген болатынбыз. 

Бүркіт Арынбеков, Созақ аудандық емханасының оташы дәрігері: 

Елге қызмет көрсеткеніме елу жыл толды 

Созақ ауданының орталық емханасында қызмет еткеніме 50 жыл толды. Кезінде шалғай аудан болғанына қарамастан жоғарғы оқу орнын  бітірген соң  өзімнің туып өскен ауылыма жолдама алып жұмысқа кірісіп кеттім. Аурухананың дамуына үлес қосуға мүмкіндік алғаныма қуаныштымын. Қатардағы дәрігерден бөлім меңгерушісі, одан кейін бас дәрігердің орынбасары болдым. Уақыт өте келе  еңбегім бағаланып  14 жыл бас дәрігер болып қызмет істедім. Осы жылдар ішінде  қаншама қиындықтармен бетпе-бет кездестік. Артқа шегінбедік. Өте ауыр науқастар  жазылып кеткенде бойымнан ауыр жүк түскендей сезімде болдым.  Егеменді ел болғаннан кейін медицина саласында айтулы өзгерістер орын алды. Біздің елде шетелдің ауруханаларымен бәсекеге түсе алатын қауқар бар.

Несібелі Пернебайқызы, Кентау қалалық  емханасының мейірбекесі: 

Мен үшін бұл үлкен құрмет

Мейірбике болып жұмыс істеп жатқаныма 33 жыл толып отыр. Бүгін тәуелсіздік күніне орай Құрмет грамотасымен марапатталдым. Мен үшін бұл үлкен құрмет. Енді бұдан былайда халықтың денсаулығын сақтауда аянбай тер төгетін боламын.

Фируза Саидмұратқызы, Ордабасы  орталық аудандық ауруханасының бөлім меңгерушісі: 

Жұмысын адал атқарғандарға алғысым шексіз

 Міне, 32 жыл болды осы салада үздіксіз қызмет етіп келемін. «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісін алғаныма ең алдымен бүгінде біздің салының тасын өрге домалатқан іскер басшы Мұқан Кеңесбекұлына алғысымды білдіремін. Дәрігер болу мен үшін абырой және үлкен жауапкершілік. Қазіргі таңда өңірімізде жүрек аурулары және басқа да ауру түрлерінің саны азайған. Бұл медицинадағы жаңа технологиялардың дамуына байланысты екені рас. Дегенмен дәрігерлердің де рөлі маңызды. Осы орайда өзінің жұмысын адал атқарып жатқан барлық дәрігерлерге алғысым шексіз. 

Айман Қожанқызы, №7 Шымкент қалалық емханасының бас дәрігері: 

Ана мен бала өлімі азайды 

«Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісі табысталғанына қуаныштымын. Бұл марапат алдағы уақытта одан да жақсы көрсеткіштерді көрсетуге түрткі болады. Елімізде медицинаның дамуына барлық жағдай жасалынған, тек оның дұрыс бағытта қолданылуы  мына бізге, дәрігерлерге байланысты. Биыл ана мен бала өлімінің азайғаны, жаңа ауруханалардың соғылуы облыстағы медицина саласының дұрыс бағытта келе жатқанын аңғартады.  Сонымен қатар  бүгінде дәрігерлер білімін арттыру мақсатында шетелге түрлі конференцияларға барады. Яғни заман талабына сай үздіксіз дамып келеді. 

Зияш Баянқызы, №9 Шымкент қалалық емханасының акушер-гинекологы: 

Аянбай еңбек етудің жемісі 

Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні– ең қастерлі күн. Ал осынау айтулы датада «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медаліне ие болу құрметіне лайық болдым. Бұл мен үшін қуаныш, мақтаныш. Ана мен баланың өмірін сақтап қалуда аянбай еңбек етуімнің жемісін көріп отырмын. Дәрігерлерге, емханаларға, науқастарға барлық жағдайда жасап жатқан Денсаулық сақтау басқармасына алғысымды білдіремін. Барлық отбасыларға тек қана жақсылық тілеймін.

Эльвира Харисқызы, облыстық жүйке аурулары диспансері бас дәрігердің орынбасары: 

Оң өзгеріс көптігі көңіл қуантады 

1986 жылдан бері осы салада жұмыс істеп келемін. Облыстық жүйке аурулары диспансері еліміздегі ең үлкен, заманауи ауруханалардың бірі болып табылады. Науқастар 785 орынмен қамтамасыз етілген. Біздің ауруханамыз ауылдан, қаладан келген науқастарды бірдей қабылдай береді. «Денсаулық» бағдарламасына сәйкес жұмыс істейміз.Ал,бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі» төс белгісіне ие болып отырмын. Облыста денсаулық саласында оң өзгеріс көптігі көңіл қуантады.

Қанатбек Досалиев: «Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруға күш салу керек»
Тарихты қараламай, одан сабақ алған жөн
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу