Қанатбек Досалиев: «Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруға күш салу керек»

Oinet.kz 04-12-2017 855

Screenshot_31.jpg

Бір жылда 365 күн болса, оның ішінде Қазақстан Республикасы үшін бір күн басқалардан ерекше, басқалардан тым ыстық. Ол қай күн десеңіз, 16-Желтоқсан дер едік. «Қай мереке ұнайды?» деген сұраққа іркілмей түрлі-түрлі мерекелерді атауыңыз мүмкін, бірақ, түбінде Тәуелсіздік мерекесі – барша мерекенің төресі. Ықылым заманннан бері әрбір халық өз елі, өз жері үшін, ақыр аяғында өз тәуелсіздігі үшін күрескен. Оған қанға бөккен тарих куә. Қазақ халқы да тәуелсіздік үшін күресте жан-жақтан анталаған жауымен қасық қаны қалғанша арпалысты. Әрбір қазақ – мұны парызым деп білсе керек. Себебі, Ұлы дала елінде туған әрбір қазақ тумысынан еркіндікке құштар. Жаны азаттықты аңсайтыны аян. Нәтижесінде шеті көкжиекпен тірелетін ұлан-байтақ дала біздің еншімізге қалды. 

Тағдыр тезімен патшалық Ресей құрамында, кейіннен қызыл империя құрсауында болған Қазақстан ғасырлар тоғысында 16-Желтоқсан күні өз тәуелсіздігіне қол жеткізді. Сол күні Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттік егемендігі туралы» заңды қабылдады. Бұл заң 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның Егемендігі туралы Декларациямен бірге Қазақ елінің елдігін нығайта түсті. Нәтижесінде, ресми түрде біздің егемендігімізді Америка Құрама Штаттарынан бастап барша алпауыт мемлекеттер мойындады. Осылайша, әлемдік аренада Қазақстан Республикасы деген мемлекет пайда болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында тәй-тәй басқан Қазақстан нық сеніммен көшке ілесті.    

Тәуелсіздік жемісі болар, бүгінде елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, білімді де білікті жастар қатары күн санап артып келеді. Ал, білімді ұрпақ – мемлекет болашағы екенін Елбасы әрқашан айтып келеді. Осы уақытқа дейін елімізде мектеп оқушыларына техникалық пәндерді ағылшын тілінде беру тақырыбы көтерілген болатын. Біле білсек, мұның маңызы зор. Кезінде Аристотельден кейінгі екінші ұстаз саналған Әл-Фараби 70 тілді білген деген аңыз бар. Көптеген тілдерді білу арқылы ол ғылымға жол ашты. Ұлы Абай да орыс тілін білу аса маңызды екенін айтқан болатын. Сол Абайыңыз артында ана тілінде талай жауһар дүниелер қалдырды. Орыс тілін үйренемін деп ана тілін ұмытып кетпеді. Ендеше, келер ұрпақ ана тілінен бөлек, орыс тілі мен ағылшын тілін жетік білу арқылы өркениетке қадам басады. Кішкентайынан өзге тілді біліп өскен бала қанмен берілетін ана тілінің қадірін біледі. Бұл жөнінде Президент: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» - деген ескерту айтқан болатын. Одан бөлек, мемлекет басшысы 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендер үлесі 95 пайызға дейін жететініне кепілдік берді. Сондықтан да, тіл ахуалы нашарлап жатыр деп байбалам салмай, керісінше, қазақ тілін – ғылым тіліне айналдыруға күш салу керек. Ол үшін жастар сапалы білім алып, оны пайдалана білгендері жөн. Ана Тіліміз-Тәуелсіздіктің тірегі екені әрдайым жадымызда жаңғырып тұрғаны абзал. 

Әрине, бұл жерде ата-аналар мен ұстаздар қауымына артылар жүк ауыр. Бұл жүкті міндет деп емес, парызым деп көтере білсек, елім дейін ұрпақ өсіп шығады. Елбасы тапсырмасын орындауда адами факторға байланысты кемшіліктер орын алуы мүмкін, дегенмен, бұл жаңа білім жүйесіне ешқандай нұқсан келтіре алмайды. Себебі, бұл жүйе – жаһандық бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелейді. 

Әрине, елімізде білім саласының мұндай жетістіктерге жетуінің ең басты себебі – Тәуелсіздік екенін ұмытпаған абзал.  

Қанатбек ДОСАЛИЕВ,

Жоғары жаңа технологиялар колледжінің директоры,Заң ғылымының докторы

Саттар Қуашбай. Елдің еркіндігін жырға қосып жүрмін
Жыл жемісті болды, үздіктер марапатталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу