Қатал бәсекеге дайын болуымыз керек
Бәсекеге қабілетті білікті маман даярлау -қазіргі уақытта техникалық және кәсіптік білім беру саласы алдындағы негізгі міндеттердің бірі. Дәстүрлі оқыту формасы оқу орнына түсу кездегі оқушының білім деңгейіне бағытталған, ал заман талабы бойынша түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратын оқыту нәтижесіне көңіл бөлінуі қажет. Сапалы оқыту нәтижесіне жаңа технологияларды пайдалану арқылы ғана жетуге болады.
Қазіргі кезде модульдік құзіреттілік негізінде оқыту технологиясы дидактикалық процесті тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыздандыратын, оқыту процесін жүйелі және біртұтас ұйымдастыратын технология болып табылады. Модульдік оқыту технологиясы 1960-70 жылдары АҚШ білім беру ұйымдарында дәстүрлі оқыту технологиясына альтернатива ретінде пайда болған. Модульдік оқыту – оқу материалдарын модульдерге (аяқталған және өздігінен жеке маңызы бар бірліктер, ақпарат бөліктеріне) бөліп ұйымдастырылған білім беру процесі. Модуль – оқу материалының логикалық аяқталған бірлігінен, іс-әрекеттің мақсатты бағдарламасы және мазмұны мен көлемі дидактикалық мақсаттарға байланысты қойылған мақсаттарға жетуді қамтамасыздандыратын әдістемелік нұсқаудан тұратын ақпарат блогы. «Модуль» ұғымы белгілі бір нақты жұмысты орындауға қажетті теориялық және практикалық дағдыларды қалыптастыруға қажетті оқу материалының көлемін білдіреді. Құзіреттілік – студенттің белгілі бір салада табысты еңбек етуге қажетті білім, дағды және кәсіби дайындығының жиынтықтық деңгейі. Модульдік –құзіреттілік негізінде білім беру бағдарламасы – біліктілік беруге қажетті белгілі бір құзіреттіліктерді игеруге бағытталған модульдер жиынтығы.
Біздің еліміздің техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары болашақта қатал бәсеке жағдайында өз қызметін атқаруға дайын болуы керектігін айта кетуіміз қажет. Бәсекеге қабілеттілікті арттыратын бірден бір тиімді жол – ол болашақ мамандарды оқыту процесінде инновациялық технологияларды кеңінен қолдану. Техникалық және кәсіптік білім беруде модульдік –құзіреттілік негізінде оқыту технологиясын қолданудың артықшылықтары қандай? Оқу мекемесі дайындаған жас маманның дайындық деңгейін анықтап, оқу орнының еңбегіне әділ баға беретін – ол, әрине, жұмыс беруші. Жас маманның өз заманына сай білім алып шығуына тікелей қызығушылық танытатын да, маманның жан-жақты дамуын, іргелі ғылым салалары бойынша білімінің, қажетті деңгейде практикалық дағдыларының болуын талап ететін де осы жұмыс беруші. Сондықтан, маман даярлау мақсатында оқу бағдарламасын құрастыруға, оқу процесін ұйымдастыруға және жас мамандардың практикалық білімін жетілдіруге жұмыс берушіні қатыстырған өте орынды болады. Модульдік- құзіреттілік негізінде оқыту технологиясы жұмыс берушінің оқу процесіне оң ықпалын қамтамасыздандыруға, білім алушыны жұмыс беруші ұйымдарда өндірістік практикадан өтуіне мүмкіндік береді.
Техникалық орта буын маманы өндірісті сауатты ұйымдастыруға ықпалын жасауы үшін жұмысшы мамандықтарының мүмкіндігін жетік меңгеруі шарт. Модульдік құзіреттілік негізінде оқыту технологиясы орта буын маманын дайындау барысында белгілі бір сатыларда білім алушыға жұмысшы мамандығының дағдыларын қалыптастыруды жүзеге асырады және ол туралы сертификат беріледі. Өзінің қол астында еңбек ететін жұмысшы мамандықтарының кәсіби міндеттерін жақсы меңгерген орта буын маманы еңбек нарығында сұранысқа ие болады.
Модульдік-құзіреттілік негізінде оқыту технологиясының тағы бір артықшылығы – оқу процесін жоспарлауда модульдік құзіреттілікті жүзеге асыру мақсатында бірнеше арнайы пәнді ортақ мақсатпен біріктіру сапалы түрде жүзеге асырылады, бұл сабақ уақытын тиімді қолдануға, іргелі білімдерді толығымен игеруге мүмкіндік береді. Ал практикалық сабақтарға көп көңіл бөлініп, олардың көлемі де, сапасы да едәуір артқан.
Жалпы айтқанда, модульдік құзіреттілік негізінде оқыту технологиясын оқыту процесіне ендіру мамандар дайындау ісін жаңа бір сапалық деңгейге көтеретіні сөзсіз. Шымкент аграрлық колледжі 2017-2018 оқу жылында 10 мамандық бойынша модульдік негізінде жұмыстық оқу жоспарлары дайындалып, оқу үрдісіне енгізілді.
А .Эшанқұлов,
Шымкент аграрлық колледжі оқу бөлімінің меңгерушісі
Айнұр Кенжеқазықызы,
әдіскер