Құрылысшы. Қилыбек Тұрлыбеков
Жүзге жуық отбасы өмір сүріп жатқан ауылыңыз жаһандану заманындағы бүгінгі қалыпқа салып айтсақ, шағын елді мекен ретінде есептелер еді. Дегенмен осы шағын елді мекеннен түлеп ұшқан, ерен еңбегімен ауылдың атын бүкіл елге танытып жатқан азаматтар аз емес.Аудан орталығы - Шаян ауылынан оңтүстік-батысқа қарай жиырма шақырымдай жерде орналасқан Тасқұдық ауылының ажарланып, көркейе, өрісін кеңейте түсуі де абзал азаматтарының туған жерге деген сүйіспеншілігінің бір белгісі дер едік. Әсіресе, ауыл тұрғындары Арапбайдан тараған ағайындылардың тірлігіне тәнті.
Біз әңгіме еткелі отырған кейіпкеріміз, сол Тасқұдық ауылының тумасы, әмбебап құрылысшы, жоғарғы интелектуаль мен тәртіптің иесі, үлкенге де, кішіге де ізгілікті, саналы ғұмырын жақсылыққа, қайырымдылыққа, тәрбиеге жұмсаған білікті басшы Қилыбек Арапбайұлын ауылдастары тірлігі тындырымды азамат деп атайды. Жалпы құрылыс индустриясы – қашанда экономиканың негізгі іргетасы екендігі белгілі. Сондықтан да, құрылыс саласының дамуы елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік жағдайының артуына тікелей байланысты. Осы сала қарқынды дамыған аймақта экономиканың барлық бағыттарындағы тірліктің өркен жайып отырғанын аңғаруға болады. Құрылысты «экономиканың локомотиві» деп атау осы түсінік негізінде қалыптасқан. Бүгінгі таңда заман талабына сай заманауи үлгілермен салынған құрылыс кешендері аймақтың айбынын арттырып, сымбатына сән қосып, өңірдің өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін беруде. Осы ауқымы үлкен саланың дамуына білікті де білімді, іскер де қабілетті маман ретінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған құрметті құрылысшының бірі – Қилыбек Тұрлыбеков.
Иә, негізі мамандық атаулының барлығы да құрметті. Себебі, адам баласы қай салада қызмет етпесін оның абырой беделін сол еткен еңбегі арттырады. Өңірдегі құрылыс саласының қарқынды дамуына қосқан үлесі қомақты Қилыбек Арапбайұлының да бүгінгі абырой –беделі жылдар бойғы еселі еңбектің нәтижесі. Тараз қаласындағы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын инженер-гидротехник мамандығы бойынша бітірген Қ.Тұрлыбеков еңбек жолын Шымкент қаласындағы «Союзгипрорис» институтында инженер болып бастаған. Кеңес әскері қатарында азаматтық борышын өтеп келген соң «Қазжайылым» басқармасы құрылымдарының бірінде шебер, прораб, учаске бастығы қызметтерін атқарды. Құрылыс саласы тоқырап, жұмысшылар айлап-жылдап еңбекақы ала алмаған қиын кезеңде Ленгір аудандық құрылыс басқармасы «Ремстройсервис» АҚ бастығы болған Қилыбек Арапбайұлы қарамағындағылардың әлеуметтік мәселесін шешуді бірінші кезекке қойды. Қаржы тапшылығынан құрылыс жұмыстарына сұраныс та аз болатын. Еңбекақының азық-түлік немесе басқа затпен «бартер» жасау арқылы берілуі де қиындық тудыратын. Міне осындай кезеңде ол қалақшасы мен күрегі таттана бастаған құрылысшыларға жұмыс тауып, еңбекақының уақтылы берілуін қамтамасыз етті. Қаржы табу үшін сапалы жұмыспен сенімге ие болып, әрбір іске жауапкершілікпен қарау қажет. Осы орайда «Ремстройсервис» АҚ басшысы шағын және орта бизнесті дамыту арқылы елге танылған Орынбай Рахманбердиев, Амангелді Сәбденов сынды азаматтардан қолдау тапты. Одан кейін Шымкент қалалық әкімшілігіне қарасты коммуналдық шаруашылық және сәулеттендіру басқармасының басшысы ретінде облыс орталығының көркейіп-көріктенуіне үлес қосты. Сол кездегі қала әкімі Анарбек Орманов та өз ұсыныс-тілектерін айтып, өзекті мәселелерді көтеретін іскер басшыға қолдау көрсетті. Бүгінде Қилыбек Тұрлыбеков осыдан 20 жыл бұрын, яғни 1997 жылы құрылған «Құрылыс» ЖШС-інің директоры. Бәйдібек ауданының «Құрметті азаматы», Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы, «Ең үздік құрылысшы», «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Құрмет» орденінің иегері Қилыбек Тұрлыбеков құрылғанына 20 жыл толып отырған серіктестіктің басшысы ретінде де облыстың экономикалық дамуына, құрылыс саласының өркендеуіне үлкен үлес қосып келеді. Серіктестік салған нысандар арасында «Нұрсәт» шағынауданында бой көтерген көпқабатты үйлер, «Қасірет» мемориалы, мектептер мен балабақшалар бар. «Құрылыс» компаниясы салған тұрғын үйден пәтер алғысы келетіндердің көп болуы серіктестіктің тұтынушыларға сапалы да мінсіз қызмет атқарып келе жатқандығын білдірсе керек.
Ауылының абзал азаматы
Жоғарыда айтып өткеніміздей Қилыбек Арапбайұлын ауылдастары өнегелі отбасынан шыққан тірлігі тындырымды, қайырымды азамат деп бағалайды. Оған себеп көп. Ауылдағы өзі оқыған мектепте әкесі Арапбайдың атына алған математика сынып бөлмесін толық жөндеуден өткізді, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Бүгінгі ұрпақ оқысын, білімін арттырсын деген ниетпен кітапхана қорына төрт жүзден астам кітап тапсырды. Ойын, спорттық алаңдарын салып берді. Заманауи асхана мен спорт кешенінің салынуына ықпал етті. Ауылдың алдынан өтетін Шаян өзеніне үлкен көпір салып, елді тағы бір қуантты. Мешіт ауласынан ас беріп әруақтарға құран бағыштауға арналған арнайы үш жүз орындық жайлы ғимарат салып берді, өз қаржысына. Қажетті ыдыстарды және ас дайындайтын жабдықтармен де толық қамтамасыз етті. Ауыл іргесіндегі мазаратты қоршап берді. Ауыз су есептегішін орнатты. Тасқұдыққа жолыңыз түссе ауылға кірер жолдың бойында жайқала өсіп тұрған ағаштарға сүйсініп, кіреберістегі қақпаға еріксіз көз тоқтатасыз. Бұл енді Қилыбектің інісі Талғат Арапбайұлының ауылына жасаған кішігірім қамқорлығы. «Осындай адал, үлкен жүректі, қолы ашық ағайынды Қилыбек пен Талғаттың қайырымды істеріне алғысымыз шексіз, ризамыз. Ағайынды абзал азаматтардың біздің ауылдан екенін айтып, әрдайым мақтан тұтамыз», - дейді ауыл ақсақалы, Білім беру ісінің озаты Түймебек Сәрсенбекұлы.
Халық қалаулысы
Қилыбек Тұрлыбеков ілгеріде қалалық мәслихаттың депутаты болды. Алғаш сайланған кезде он тоғыз үміткердің арасынан топ жарып шыққан ол облыс орталығындағы өзекті мәселелердің шешімін табуына үлкен үлес қосты. Бертініректе Қ.Тұрлыбеков екі шақырылым қатарынан облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Депутаттық ол тек халық қалаулысы деген атақ қана емес, елге деген шексіз мейірім, білім мен тәжірибе, іскерлік қабілетпен келетін абырой екені мәлім. Кандидат кезінде уәдені үйіп-түгіп, бірақ артынан зым-зия болатын депутаттар да жоқ емес, өкінішке қарай. Ал Қилыбек Арапбайұлын өз сайлаушыларының аманатын азаматтық парызым деп танып, туған өлкесінің өркенді келешегі үшін еңбегін аямаған депутаттар қатарына жатқызар едік. Олай дейтініміз, облыстық мәслихаттың депутаты ретінде көптеген мәселелерді көтеріп, тиісті орындарға жеткізіп келеді. Нақтырақ айтсақ, қаржы, экономика және бюджет жоспарлау министрлеріне, Мәжіліс төрағасының орынбасарына, Кәсіпкерлер палатасының, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағаларына, Оңтүстік Қазақстан облысының әкіміне өңірдегі бірқатар мәселелер бойынша депутаттық сауал жолдады. Мәселе көтерумен қатар оның шешілу жолдарын да көрсетті. Мысалы, қала халқының жағдайы төмен отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету, яғни қолжетімді көп қабатты тұрғын үйлер салу мәселесін көтерді. Бұл орайда, депутат кәсіпкерлерді 5-6% несиелендіріп және салынған үйдің 30% жағдайы төмен отбасылар өкімет бағасымен алса, бюджет ақшасы үнемделіп, бәсекелестікпен пәтер бағасы арзандайды, қолжетімді баспана мәселесі үкіметтің қатысуынсыз –ақ шешілдер еді деп есептейді.
Сондай-ақ, депутат келесі бір сауалында «Оңтүстікжарықтранзит» ЖШС-нің қызметіне, электр қуатына қатысты мәселе көтеріпті. «Монополист мекемелердің тарифтерін бекіту кезінде «үлкен қызығушылықтар» болатыны белгілі. Жылдан жылға тарифтерді көтеріп келеді, сол тарифтерге қандай шығындар кіретіні туралы толық мәлімет еш уақытта жария етілмейді. Мысалы, Европа елдерінде тарифтің 70-80%-ы өндіруші мекемелердің үлесіне, ал 30-20%-ы тасымалдаушы мекемеге тиесілі. Ал бізде керісінше, 60-70% тасмымалдаушы мекеменің, ал қалған 40-30%-ы өндіруші мекеменің үлесіне тиесілі. Сол себепті тасымалдаушы мекемелердің тарифтерін бекітуде түйінді мәселелер жатыр. Жыл сайын бұл мекеме электр жарығының тарифін көтеріп, халықтан сол тариф бойынша ақша жинап, пайда тауып жатқан жоқ па?! Көтерілген тарифті бекітер алдында мекеме өзінің өндірісін модернизациялайтынын, барлық құрал-жабдықтарды, олардың көлемін, қуатын көбейтетінін айтады. Бірақ бұл жағдай қағаз жүзінде қалады да, қайда жабдықтау, жаңғырту жүргізілмейді. Салдарынан қалада электр қуатын пайдаланушылардың саны көбейіп, сұраныс артқанда "техникалық шартты" беру кезінде жұмыстарын саудаға айналдырып, заңсыздықтарға барып отыр",- дейді депутат өз сауалында.
Ендігі бір сауалында Шымкент қаласындағы 85000 жеке тұрғын үйлердің 80 пайызында канализация жоқтығын, тіпті орталықтағы Мәделі қожа, Байтұрсынов көшелері лас суды септикке тастап отырғанын көтерген. Айта кетелік, депутаттық сауалдан соң бұл мәселе қалада біртіндеп шешімін табуда екен. Қайтпас-1, Самал-2 тұрғын алаптарында жұмыстар жүргізілуде. Жалпы депутат көтерген мәселе аз емес. Жалған кәсіпкерлікпен, сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша, мемлекеттік сатып алу заңына өзгерістер енгізу жөнінде, жеке меншік бала бақшаларды көптеп ашу, ауыл шаруашылығында озық техникаларды сатып алу және айналым қаражаты үшін 1-2 пайыздық несие беру, қалада муниципалдық коммуналдық базарлар ашу, облыстық және қалалық туберкулезге қарсы емдеу диспансерлерін денсаулық сақтау министрлігінің белгілі нормативтері бойынша қала сыртына көшіру... тізе берсек депутаттың осы сынды көтерген мәселелері көп.
Құрылысшы – адамзат өркениетінің бастауында тұрған мәртебелі мамандық. Бұлай деуімізге әлемнің қай түкпіріне барсаңыз да құрылыс жұмыстарының бір сәтке де бәсеңдемейтіні, зәулім ғимараттардың бой көтеріп, адамзат игілігіне айналып жатқаны және құрылысшылардың қолынан шыққан, сан ғасыр өтсе де өз құндылығын жоғалтпаған туындылар толықтай дәлел бола алады. Міне, осындай жауапкершілігі зор салада еңбек етіп, кәсіби тәжірибесін кейінгі буынға үйретуден жалықпаған Қилыбек Тұрлыбеков алпыс жасқа дос сүйсінерліктей абыроймен келіп отыр