Жазғы демалыстың жайы немесе Бурабайға барғызбай тұрған баға...

Oinet.kz 20-07-2017 952

Screenshot_4.jpg

Жерінің қойнауында қазба байлығы жоқ болса да, экономикасы қарыштап дамып келе жатқан мемлекеттер әлемде аз емес. Мысалы, соңғы деректерге сүйенсек, Түркия елі жылына 40 миллионға жуық турист қабылдайды екен. Әрбір турист кемі 1000 доллар қалдырса, Түркия  үкіметі туристер есебінен жылына қанша қаржы тауып отырғанын ойша есептей беріңіз. Ал, әлемдегі нөмір бірінші туристік мемлекет – Францияға жылына 84 миллион турист саяхаттап баратын көрінеді. Осылайша Франция бір ғана туристердің арқасында әлмедегі әлеуетті елдермен иық тірестіріп келеді.

Ал, біздің елімізде туризм қалай дамуда? Оңтүстікқазақстандықтар жазғы демалысын қайда өткізеді? Біз осы сұрақтарға жауап іздеп, қаладағы туристік агенттіктерді аралап көрдік.«Континент» туристік агенттігі  мамандарының айтуы бойынша, Шымқала тұрғындары жазғы еңбек демалысын Туркия, Грузия, Біріккен Араб Әмірлігі, Мысыр секілді елдерде өткізгенді  құп көреді екен. Бұл елдерде туристерге барлық жағдай жасалған. Әрі кететін шығын көлемі де  қалта көтерерлік. Мысалы Түркия елінде бір адам  ең кемі 500-550  АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсап, емін-еркін демала алады. Бұл бағаға  3 жұлдызды қонақ үйге  орналасу, таңғы және кешкі ас кіреді.  Мысыр еліне демалып қайту 450-470 доллар, Біріккен Араб Әмірлігіне 250-300 доллар көлемінде шығындаласыз. Еуропа елдерінің ішінде Францияға барамын деушілер жиі кездеседі. Бірақ, мамандардың айтуынша, Еуропа елдеріне демалуға Шымкент қаласының тұрғындарынан сұраныс аз. Себебі Еуропа елдерінде демалу қымбатқа түседі екен.

Ал, өз елімізде демалу қаншаға түседі? «Континент» агенттігінің мамандары келтірген мәліметтерге сенсек, қала тұрғындары Бурабай, Сарыағаш, Қапшағайда демалғанды ұнатады екен. Себебі, аталған жерлерде тек демалумен қатар, ем алуға да болады. Бойында ауру-сырқауы бар жандар осындай шипалы мекендерді таңдап жатады. Әрине, ауасы саф, суы зәм-зәм жерде денсаулығыңды түзеп алғанға не жетсін. Дегенмен, бір «әттеген-айы» бар екен. Бұл «әттеген-ай» – бағасында. Егер сіз Бурабайда демалғыңыз келсе, күніне 80 доллар төлейсіз. Бұған қонақ үйде жату, таңғы және кешкі ас кіреді. Біз интернетте туристер қалдырған пікірлерді оқып көріп едік, онда туристерге жасалған жағдай Түркиядағы жағдаймен салыстыруға мүлдем келмейді екен. Мысалы, туристер форумында анонимді түрде пікір қалдырған турист былай дейді:

Айжан: «Жолдасыммен  жазғы демалыста  Бурабайға бардық. Шындығымды айтсам Бурабайға барғанымызға өкініп қайттық. Табиғаты тамаша екенін мойындаймын. Алайда туристерге шетелдегідей  жағдай жасалмаған, оған қоса  қызмет көрсету сапасы да төмен. Әрі бағалары да Түркия еліне барып демалып келгеніңмен бірдей.  Бір сөзбен айтқанда құр ақшамызды құртып қайттық..»

Света: «Отандық туризмді қолау мақсатында Қапшағайға барып демалып келдім. Ия барлығы маған ұнады. Қонақ үй де, қызмет көрсету сапасы да барлығы жоғарғы деңгейде. Дегенмен ең өкініштісі бағасының тым жоғары болғаны. Көпшіліктің қалтасы көтермейтіні анық. Мен демалған қонақ үй жартылай бос тұрды. Бос тұрғанға онша таң қалмадым, мұндай қымбат бағаға демалушылар шетелге барғанды дұрыс көреді»

Ал, Қапшағайда  бір кісілік стандарт бөлме күніне 30000 теңге, люкс бөлмелері күніне 60000 теңге болып отыр. Алакөлде 11000 теңгеден бастап 30000 теңгеге дейін, Сарыағашта люкс бөлме күніне 15000 теңге шамасында.  Көптеген туристер бағаның қымбаттығына шағым айтып жатады. Мысалы, шартты түрде алсақ, 100 долларға өз елімізде демалғанша, үстіне 50 доллар қосып, шетелде демалғанды құп көреді. 

Иә, елімізде туризм саласы дамып келеді. Дегенмен, оның бағалары қарапайым халыққа емес, бай-манаптарға ғана ыңғайлы болып тұр. Сондықтан да, әлеуметтік жағдайы төмендер еңбек демалысын ауылда, үйде өткізсе, орта дәулеттілер мен бай-манаптар шетел асып жатады. Көпшілік отандық ішкі туризімді дамыту үшін ең алдымен бағаны қарапайым халыққа қолжетімді ету қажет деп есептейді. Бізде барлығы бар, тек қымбат. Еліміздегі бес жұлдызды қонақ үйлер тек мұнаймен айналысатын байларға арналып салынған сияқты. 

Дана СҮЛЕЙМЕНОВА

Абайтануға өмірін арнаған ғалым
Құрылысшы. Қилыбек Тұрлыбеков
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу