Абайтануға өмірін арнаған ғалым
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі «Абайтану» ғылыми-оқу орталығының аға қызметкері, филология ғылымының кандидаты, доцент, профессор Тұрдыбай Қалдыбаев Абайтану ілімін елдің санасына сіңіруге сүбелі үлес қосып жүрген бірегей азаматтардың бірі. 1995 жылы ұлы ақын -- Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО ұйымының аясында дүние жүзінде кең көлемде атап өтілсе, сол жылы Тұрдыбай Қалдыбаев Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық институтының баспасынан «Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына -- 150 жыл» атты кітап шығарды. Сонымен қатар Әлем тілдері университеті шығарған жинақта «Абай -- қазақ поэзиясының жаңа дәуірін бастаушы», Алматыдағы «Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының хабаршысы» «Филология» сериясының № 10 санында «Абай және қазақ өлеңдерінің құрылысы» атты мақалалары жарық көрді.
Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы Өзбекстанда да үлкен ауқымда тойланып, бұл игілікті іс-шаралардың басы-қасында өзге зиялы қауым өкілдерімен бірге Өзбекстан -- Қазақстан достық қоғамының атқарушы директоры, республикалық Қазақ Ұлттық мәдени орталығының төралқа мүшесі Тұрдыбай Қалдыбаев ағайымыз да жүрді. Ташкентте бастау алған әдеби-сазды кештер мен салтанатты жиындар Қарақалпақстанда, барлық облыстар, қалалар мен аудандарда, жоғары оқу орындарында өзінің жарқын жалғасын тапты. Мырзашөлдің орталығы -- Гагарин қаласында Абай ескерткіші бой көтерді. Ташкенттің төрінде аталмыш мерейтойға арналған Халықаралық ғылыми- теориялық конференция өткізілді. Мерейлі мереке ТМПИ «Қазақ филологиясы» кафедрасының ұжымы, осы кафедраның меңгерушісі Тұрдыбай Қалдыбаевтың ұйымдастыруымен 1995 жылғы 31 мамырда Ташкент тоқыма комбинаты акционерлік қоғамының мәдениет сарайында өтті. Конференцияға Алматыдан, Шымкенттен, Түркістаннан, Бішкектен ғалымдар шақырылды. Институттың «Өзбек және қазақ филологиясы» факультетінің жетекші мамандары және Ташкент қаласындағы қазақ ғалымдары түгелге жуық қатысқан салтанатты жиынға ұзын ырғасы 500-дей адам келді.
Тұрдыбай Қалдыбаев 1995 жылы 8-13 тамызда ЮНЕСКО деңгейінде тойланған Абайдың 150 жылдық мерекесіне қатысу үшін мемлекет делегациясының құрамына енгізілді. Абай тойының Алматыдан бастау алып, Семей өңірінде жалғасқан салтанаттың, ұлан-ас ыр тойдың куәгері болды. Сапардан мол әсермен оралған ол «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бағытындағы оқу жоспарына «Абайтану» атты арнаулы курсын енгізді. Қазақ халқының ауыз әдебиеті, қазақ әдебиетінің тарихы, қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі мәселелерімен шұғылданып жүрген ғалым Абайтануға да бет бұрды. 1997 жылы Анкарада шыққан «Түрік легжелери вэ эдебиеті» журналында Тұрдыбай Қалдыбаевтың «Абайдың ақындық шеберлігі» атты ғылыми мақаласы жарияланды. «Абай» журналының 2002 жылғы екінші санында «Абайдың өлең кестесі» атты ғылыми мақаласы ойлы оқырмандар назарына ұсынылды.
Атамекенге аңсап келген Тұрдыбай Қалдыбаевтың «Абайтану» ілімі жолындағы ізденістері мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыра түскендігі соншалық сіңірген еңбектерін тізбектеп тауыса алмайсың. Оның Абайды өзбек оқырмандарына да кеңінен насихаттау жолында көп еңбек еткені белгілі. 2012 жылы Ташкенттегі «Тафаккур» баспасынан «Навоий Абай юртида» атты кітабы жарық көрген. Ең бастысы -- ғибратты ғалымның орыс тілінде екі-үш қайтара жарық көрген «Абаеведение» атты кітабының орны бөлек, жосығы ерек дер едік. Бұл – педагогикалық және филология мамандықтары бойынша тәлім-тәрбие алатын студенттер, магистранттар мен докторанттарға арналған аса құнды оқулық екені даусыз. Кітапта Абайдың өмірі мен шығармашылық жолы, ұлы ақынның еңбектерін зерттеушілер жайлы мол мағлұмат пен дәрістік материалдар берілген. Бұл оқулық Қазақстанның жоғары оқу орындарының орыс тілді топтарында қолданылып отыр.
Екі монографияның, екі көмекші оқу құралының, алты әдістемелік қолданбалардың және авторлар тобымен бірге Өзбекстандағы қазақ мектептері үшін арнайы жазылған жеті оқулықтың иесі Тұрдыбай Қалдыбаев Абайтануды оқытудағы биік мақсат пен мұратты жоғары қояды. Қоғамның болашағы жас ұрпақтың ой-санасын жат пиғылдан аулақ ұстап, оларды адамзаттық ақиқатпен астасып сабақтасатын Абайдағы төл таным -- «Толық адам» ілімін таныстыру ұстаздың басты бағыты. Абайдың «Толық адам» ілімін түсіндіру және әрбір болашақ маман иесінің рухани жағынан толық болып жетілуін қамтамасыз етуде ұстаздың дәрістері иманигүл, хауас, жүрек культі мәселелеріне негізделеді. Жастарды ұлтжандылық пен адамгершілікке баулуда пәк, таза, ізгілікті де қайырымды, иманды азаматтарды қалыптпстыру міндеті қазіргі қоғамның өткір сұранысы болып отырған рухани жаңғыруымыздың басты сипаты. «Абайтану» пәнінің мақсаты мен міндеті де осында екенін студент жастар ұғынып келеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласында: «...Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні -- бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана...» деп айрықша атап өткен болатын. Демек, Абайды оқып, оның кемеңгерлігін тану арқылы сана-сезімімізді дамытып қана қоймастан, өркениет көшіне қарай батыл қадам жасай беретін боламыз.
Қарлығаш ҮСЕНҚҰЛОВА,
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Ақпараттық білім беру орталығының кітапханашысы