Сайрам-Өгем көлдеріне саяхат жасаңыз

Oinet.kz 20-11-2017 2066

Сайрам-Өгем көлдері.jpg

Еліміздің оңтүстік өңірінде орналасқан Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі туристік маршруттардың көбісі әсем көлдер арқылы өтеді. Жалпы парк аумағында 7 көл бар: Төлеби филиалында- Төменгі және Жоғарғы Сайрамсу көлі, Домалақ көл, Сопақ көл; Өгем филиалында- Мақпал және Сусіңген көлі; Түлкібас филиалы- Балықты көл. Осылардың ішінде туристік маршрутқа енгендері: Сайрамсу, Мақпал, Сусіңген, Балықты көлдері. 

Парк аумағындағы көлдердің ішіндегі ең жоғары орналасқаны, әрі туристік маршруттардың негізгісі- Сайрамсу көлі. Бұл мұз суларынан пайда болған көл теңіз деңгейінен 2350 метр биіктікте орналасқан. Көлдің пішіні гитара тәріздес болса, түсі әртүрлі. Көлдің төменгі бөлігі ашық жасыл болса, келесі бөлігі ашық көк түсті. Шатқалдар арасында орналасқан көлдің көрінісі көрікті. Көл өте мөлдір, әрі тұнық.

Келесі көл теңіз деңгейінен 2100 метр биіктікте орналасқан Мақпал көл. Талас тауларының оңтүстік-шығыс бөлігінде пайда болған бұл көл мұз суларымен қатар бұлақ көздерінен бастау алады. Өгем тауларының маржаны болып табылатын Мақпал көлдің ауданы 2000 ш.м., ал тереңдігі 15 метрге дейін жетеді. Суы жылы, таза, көлдің түбіндегі тастарын көруге болады.

Шымкент қаласындағы Қошқарата өзенінің бастауы болып есептелетін, қаладан 70 шақырым қашықтықта орналасқан Сусіңген көлі теңіз деңгейінен 1907 метр биіктікте. Көлдің өзі бастауын бұлақтар мен өзендерден алады. Көл аумағы 3,5 мың ш.м. 

Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің тағы бір көлі- Балықты көл. Балықты көл көне мезазой дәуірінде пайда болғандығымен және емдік қасиеттері бар суымен ерекшеленеді. Жалпы көлемі 30 гектар. Көлдің тереңдегі 16 - 17 метр болса да, түбі көрінеді.

Сондай-ақ әр көлдің өзінің халық ауызындағы ертеден қалған таңғажайып аңыз әңгілері де бар. Сайрам-Өгем МҰТП-нің көлдерінің сипаттарын, табиғатының әсемдігін бір мақалаға сыйдыра алмайсың. Ал оның кереметін сөзбен жеткізу тіпті мүмкін емес. Жүз рет естігенше, бір рет көргенге не жетсін?!

Әлібек Мамет, 

«Сайрам-Өгем» МҰТП-нің Экологиялық ағарту және туризм бөлімінің бас маманы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі 

Бастар Есқараев. Сыныптастарыма
Абайтануға өмірін арнаған ғалым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу