Бастар Есқараев. Сыныптастарыма
«Алғыс айту», «Отбасы» күні секілді адамға рухани тәрбие беретін мерекелік күндер соңғы жылдары елімізде кең көлемде аталып өтуде. 25-мамыр, өздеріңізге белгілі мектептерде қоңыраудың үні соңғы рет естілетін күн. Тіл жанашыры Оңтүстік Қазақстан облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Бастар Есқараев дәл осы датаны «сыныптастар күні» деп атап өтуді ұсынуда. Осы орайда ақындық өнерімен танылып жүрген басшының әні мен сөзіне жазылған «Сыныптастарыма» әнін жариялауды жөн көрдік.
Сыныптастарыма
Ойласам, жылдар-құс, өмір қас-қағым,
Ол кезден есіме түсер басқа кім?!
Тарыдай кіріп, таудай боп шыққан,
Қайдасың арманшыл, сыныптастарым?!
Есімде алғашқы сауат ашқаның,
Жасқана сыныпқа қадам басқаның!
«Қамқорлық» екен деп, сезбедік қалай,
Қабағын ұстаздың, сыныптастарым?!
Болды ғой сабақтан кейде қашқаның,
Біреуге ынтық боп, жолын тосқаның.
Сауықшыл кештер мен бала махаббат,
Сағыныш екен ғой, сыныптастарым!
Бұл күнде көңіл жас - егде жастарың,
Самайды ақ шалған, сиреп шаштарың.
Ертегі елінде, жүрсіңдер ме екен,
Немере жетектеп, сыныптастарым?
Әрқашан болсыншы, ашық аспаның!
Мерейлі жанұяң, аман бастарың,
Дүние тұрғанша – тұрсын ұстаздар,
Ұшырған ұядан, сыныптастарым!