Қазақстандағы «Кіші қазан» және Алаш қайраткерлері

Oinet.kz 19-11-2019 1457

Screenshot_13.jpg

ХХ ғасырда қазақтың басына төнген қасірет аз болған жоқ. Қазақтардың өмірін түбегейлі өзгерткен құйтырқы реформалар әдейі жасалды. 1925 жылы Қазақстанға басшылыққа келген Ф.И.Голощекиннің қолымен істелген ашаршылық осының дәлелі. «Қазақстанға «Қазан төңкерісінің» әсері болмаған, сондықтан «Кіші қазан» керек» деп байбалам салған жендеттің тұтастай бір халықтың түбіне жете жаздағанына тарих куә. Белгілі ғалым Талас Омарбековтің айтуынша, ХХ ғасырдың басындағы қолдан жасалған ашаршылықтан Қазақстанда төрт миллион адам өлген.

«Шаш ал десе, бас алатын» шолақ белсенділердің әрекетін сынаған зиялы қауым өкілдері –«Алаш» қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов сияқты елуге тарта «буржуаз ұлтшыл» 1928 жылы қамауға алынды. Ал 1930 жылдың күзінде Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Жақып Ақпаев сынды қайраткерлер де осындай айыптаумен түрмеге түсті. Бұлардың біразы итжеккенге айдалса, енді бір тобы түрменің зардабын тартты.

Репрессияның екінші толқыны 1937-38 жылдармен тұспа-тұс келді. Кейбір деректерге қарағанда, сол жылдары Советтік Қазақстанда 118 мың адам сотталып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілген. Тағы бір дереккөз «27 мың адам атылған» дейді. 

1921-1953 жылдар аралығында жалпы Кеңес халқының 5,5 миллион азаматы қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 643 мыңы ату жазасына кесілген. 2 миллион400 мыңға жуығы кемі 5 жыл мен 25 жыл аралығында лагерьге айдалған, түрмеге қамалған және ұзақ мерзімге жер аударылғандар да аз емес. Тұтқындарды қамау үшін 53 лагерь құрылған, ал түрмелердің саны 30 мыңнан асып жығылған. Қазақстанда Карлаг, Степлаг, Алжир деген атаумен арнайы лагерлер жұмыс істеген. Қазақстанның өзінде «Халық жауының» әйелі болғаны үшін 18 мың әйел азап лагерінен өткен.

1937-38 жылдардағы репрессиядан Қазақ мәдениеті мен ұлттық болмысы орасан зор зардап шекті. Сол «қызыл қырғында» елге бас боларлық мемлекет және қоғам қайраткерлерінің түгелге жуығы атылып кетті. Интеллигенция өкілдері, оның ішінде ақын-жазушыларға да алапат апат келді. 1937 тамызда Ілияс Жансүгіров тұтқынға алынды. Қыркүйекте Сәкен Сейфуллин тұтқындалды. Ал қазанда Бейімбет Майлиннің ұсталғанына байланысты деректер бар. 

Соңғы жылдары репрессияға қатысты жаңа деректер шыға бастады. Әрине, бұл түпкіштеп зерттеуді қажет етеді. Десе де, мұны назардан тыс қалдыруға тағы болмайды. Мәселен, А.Солженицин өзінің бір сұхбатында былай дейді: «1917 жылдан 1959 жылға дейін кеңестік жүйенің өз халқына қарсы жасаған зұлматынан, яғни аштық, коллективтендіру, жер аудару, түрме-лагерьлерге қамау, ату-асу, азамат соғысы кезіндегі шығын бәрін қосқанда 66 миллион адам опат болды. Бұған екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалтқан 44 миллион отан¬дастарымызды қосыңыз. Демек, социалис¬тік құрылыс кезінде біз 110 миллион адам¬нан айырылып қалдық».

Қалай десек те, «Қызыл террор» деген атпен белгілі нәубет сол тұста иісі қазақтың жартысынан астамының сүйегін ақсөңке етіп шашып кетті. Бұл нәубет ешқашан ұмытылмақ емес

Кино-фото құжаттар және дыбыс жазбалары мемлекеттік архивінде репрессияға қатысты дүниелер аз емес. Сол құжаттардың бірқатарын –Алаш қайраткерлерінің бұрын көп жерде жарияланбаған суреттерін назарларыңызға ұсынамыз.

Еңлік Толықбаева,

Кино-фото құжаттар және дыбыс жазбалары мемлекеттік архивінің қызметкері

«Жақсысың, Жеңісбек»
Бастар Есқараев. Сыныптастарыма
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу