Оралхан Дәуіт - «Жас Алаш» газеті бас редакторының бірінші орынбасары
Күні кеше төрт бірдей облыстың әкімі ауысып, бүгінгі сәрсенбіде жаңа жұмысқа өңір басшысы ретінде келді. Төрт әкімнің қадамы ел құт болсын, олар үмітті қаншалықты ақтайтынына тақсыр уақыт төрелік айтар, ал төрткүл дүниені шыр айналып іздесеңде табылуы қиын тамаша дос, орны бөлек азамат Оралхан Дәуіт те бүгінгі сәрсенбінің сәтінде жаңа қызметіне білек сыбанып кірісті. Республикалық «Жас Алаш» газеті бас редакторының бірінші орынбасары ретінде. Дәл осы «Жас Алаш» даңқты Оралхан Бөкейді де кезінде қаламгерлік қырынан танытқаны елге мәлім. Тасқа ойып жазылған ғасырға жуық тарихы бар қасиетті қарашаңырақта Оралхан Дәуітке алдыңғы буын Орағаңның,Оралхан Бөкейдің тағдыры емес ерекше таланты жұғысты болып, қалам ұстаған қауым, жалпы қалың ел тағы бір Оралханның дарыны мықтылығын мойындайтын күнді де көретін болармыз Алла жазса! Ол бұған дейін «Жас Алаштың» Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі ретінде жұмыс істегенде мұның бастапқы белгісін жұртқа аңғартып та үлгерді.
Қуанышты хабар өткен күндерді еске салып отыр. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» деген тәмсіл бар қазақта. Оралдың әкесі Әбдіраш, ел аузында Қошақан атанған көкеміз кезінде оқырман мен жазушылар жоғары бағалаған очерк, мақалаларымен танылған жан еді. Жазу стилі ерекшелеу ауыл азаматының еңбектері аудандық, астаналық басылымдарда жиі жарияланатын. Әбдірашқа ұқсап әңгіме жазғысы, журналист болғысы келетін жастар көп еді. Әке жолын бүгінде ұлдары жалғастыруда. Ізінен ерген, бір кіндіктен тараған бауыры Бақытжан бүгінде «Жас Алаштың» Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі.
Оралханға қазақ баспасөзінің қарашаңырағы, ел газеті «Егемен Қазақстан» шығармашылығын шыңдай түскен үлкен өмір мектебі болды. Басылымның Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы меншікті тілшісі болып адал тер төкті, бертініректе Астанаға ауысып бөлім меңгерушісі болды. Мүмкіндігі шектелген жоқ, шыңдала түсті. Осы орайда «Егеменге» қайтсек ел оқитындай жақсы дүниелер жазуға болады деп жан-жақты ізденісін, жаңаша талабын, уақыт талабына сәйкес өзгеріс енгізу амалдарын жасап жанталасып келе жатқан, алғашқы бетбұрыстары оқырман тарапынан оң бағалана бастаған басылымның қазіргі басшысы Дәкеңе, Дархан Қыдырәліге бір ауыз тоқтала кеткен жөн шығар, сірә. Аймақтан Астанаға өзі аттай қалап алдырғанына қарамастан, қимастығын сыйластыққа сыйғыза білген, түскен тосын ұсынысқа байланысты он ойланып, тоғыз толғанып барып қабылдаған Оралханның кесімді шешіміне құрметін білдіріп, келісімін беріп, «Жас Алашқа» ақ жол тілеп шығарып салғаны азаматтық қой. Орал досым жауапкершілігі атан түйенің арқасын шыдатпайтын зіл батпан бұл қызметте де өзін көрсете алатынына және биіктерді бағындыра беретініне сенімдімін. Қызмет құтты болсын, досым!
Ізгі ниетпен Ғалымжан Елшібай,
Кеше «Жас Алаштың», бүгінде «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі.
Мұрағаттан, 2017 ж