Белгілі қазақстандық журналист өмірден озды
15-08-2022
Мен Арыста туғанымды әркез мақтан етемін. Менің атам Жүнісбай да, әкем Ерлан да Арыстағы теміржол мектебін бітірген кісілер. Оқу озаттары аталатын біздің әулетте әкемнің ағасы, яғни менің атам Қалдарбек те, әпкелерім Ботагөз бен Айгүл де алтын, күміс медальдерін иемденгендер. Осы абыройды асқақтату жолында мен де үздік оқуға бел шешіп, деңгейімді түсірмеуге тырысып келемін.
Әкем мені туған жердің тарихын білуге міндеттеп отырады. Төменгі сыныпта жүргенімде жас болдым ба, әйтеуір санама барлығын бірдей сіңіре алмадым. Бертін келе тарихқа деген қызығушылығым артты. Жан әкешім тез меңгеріп алсын дегені ме, кейде қызығушылығымды арттыру мақсатында бір оқиғамен байланыстырып түсіндіруге тырысады. Әкемнің қызметіне орай, Арыстан Шымкентке көштік. Шымкентке келгенде Төлеген Тәжібаев атындағы мектеп-гимназиясында оқыдым. Сыныптастарыма мен Арыс қаласының тумасымын, ондағы балалар үйі де академик Төлеген Тәжібаевтың есімімен аталады деп түсіндірдім. Оларға осылай дегенімде, Арыс қандай қала деп қызығушылық танытатын. Ондайда мен де жігерлене түсемін. Ол біле білсең, «тоғыз жолдың торабы» деймін.
Ал балалар үйіне келер болсақ, онда Бейсен Онтаев, Берген Исаханов, Садық Исмайылов, Иван Журба, Нағи Илиясов секілді Кеңес Одағының батырлары тәрбиеленген деп мақтаныш етемін. «Орта Азия қақпасы» атанған өңірден Әуезхан Салықбаев, Әбдуәлі Балғынбаев, Сырлыбек Байжанов, Көпжан Мұхамеджановтай еңбекпен есейген аталарымның шыққанын тағы қосып қоямын. Ал Задария елдімекенінің ертедегі совхоз болып өркендеуінде Боранбек Шүкірбековтің еңбегі сіңген. Олардың барлығы да сол дәуірдің Еңбек Ері атағын алғандар. Бүгінгі тілмен айтқанда, халық қаһарманы.
Сонымен қатар Арыс өнер майталмандарын үлкен сахнаға шығарған қала деймін оларға. Оқушылардың қызығушылығы оянатын әрі айта түсші дейтін жері де осы тұс. Опера әншісі Нұржамал Үсенбаеваны, «О, менің Арысым» деп туған өңірін қалықтаған әуезді әнге қосқан әнші-композитор Ержан Серікбаевты айтсам, еее, мен де білемін, ана әні ше, «Інжі моншақ» десе, енді бірі патриоттық «Қазақ жігіттері» әнінің авторы екенін айтып-біліп деп жатады. Танымал әншілер қазір ол кісінің әндерін орындап келеді.
Көрдіңдер ме, менің туып-өскен жерім айтулы тұлғаларға бай деп қоямын.
Айтпақшы, өткен жазда әкеммен ілесіп, Шымкенттің әуежайына мен де бардым. Жазираны ел болып ардақтап, күтіп алдық. Мұхит асып, сонау Бразилияда қазақтың намысын абыроймен қорғады. Әрбір спортшы армандайтын олимпиада ойындарында екінші орынды жеңіп алды. Қазақтың ару қызының ауыр спорт түрін таңдауы әу баста анасын қуанта қоймағанымен, үлкен еңбекпен жеткен жетістігіне бүкіл ел қуанды. Сол елдің бір мүшесі ретінде мен де қуандым. Ата-анасы да бұл күнде қызына қонған бақтың Алла берген сый екеніне көздерін жеткізді. «Неге алтын жүлде емес?» - деп сұрап қалады дегені ме, әйтеуір Жазира осының алдын алып: «Алланың бергені осы, әзірге қазақтың күміс қызы бола тұрамын», – деп әзілдегенін құлақ естіді.
Шымкент әуежайына халық көп жиналды. Жазира Жаппарқұл мен Отгонцэцэг Галбадрахты құшақ жайып қарсы алды. Ыстық ықыласқа толы құттықтаулар, құшақ-құшақ гүлдер, нұрланған жүздер. Барлығы да жарасымды көрінді. Әуежай алаңынан шыға берісте оларды күтіп алған үш жүздей адамнан қуаныш лебі сезіліп жатты. Әуежай маңына Жазираның шашбауын көтеруге арыстықтар да жеткен. Олар да көп.
Халықтың шынайы ықыласын сезінген күміс жүлдегер «Әрқашан бақытты болыңыздар. Дендеріңіз сау болсын. Осылай спортшыларға тек қолдау көрсетіп, жанкүйер болып сенім арта біліңіздер» - деп алғысын білдірді. Әкем сұқбат алып, репортажын телеарнаға шығарды. Мен жеңімпаз аруларды көргеніме қуандым. Ертесіне сыныптас достарыма тебірене айтып бердім.
Айтпақшы, Кеңес Одағының батырларынан бөлек, Еңбек Ерлерінен бөлек, тіпті әншілерден бөлек, Жазирамен де мақтандым. Неге деген сыныптасым қойған сұрағына «Біз арыстанбыз» деп тіл қаттым.
Мен енді Жазирамен мақтанамын!
Ақтолқын ЕРЛАНҚЫЗЫ,
Шымкент қаласы.