Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Биыл бізді үш сайлау науқаны күтіп тұр. Біз дегеніміз болмаса, оның біреуі ғана қарапайым сайлаушыға тиесілі (оның өзінде де барлық округте емес). 26 наурызда босап қалған мәслихат депутаттығына сайлау өтеді. Әдетте күзде келетін Сенат сайлауы биыл ертерек, дәлірегі 30 маусымға дейін өтетін болып шешілді. Сенат сайлауының қалыптасқан мерзімінен бұрын өткізіп жіберудің өзіндік себебі бар. Себебі күзде ауыл әкімдерінің сайлауы өтуі тиіс. Соңғы екі сайлаудың тағдырын тек мәслихат депутаттары шешетіні де бесенеден белгілі.
Оңтүстік Қазақстанда мәслихат депутаттығына түсетін үміткерлерді тіркеу аяқталып қойды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев мәлім етті. Төрғаның айтуынша, облыстық мәслихатта - 3 орын, ауданда - 1, қалалық мәслихатта 2 орын бос тұр. 26 наурызда өтетін сайлауда 25 үміткер бақ сынайды. Сайлау алды үгіт-насихат жұмыстары 1 наурызда басталып кетті, 24 наурызда аяқталады.
Осы жолы жоғарыда айтқанымыздай, облыстық мәслихатта үш орын бос тұр. Соңғы екі-үш айдың көлемінде облыстағы лауазымды қызметтерге кадр облыстық мәслихаттан тағайындалғаны белгілі. Депутаттық мандатты былтыр қазанда Мақтарал ауданындағы округтен алған Бауыржан Жамалов сайлаушыларының аманатын бар-жоғы екі айдай ғана арқалады. Желтоқсанда ол облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Жалпы Мақтаралдағы №25 округтен сайланған соңғы екі депутаттың да өкілеттік мерзімінің қысқа болғанын айта кеткен жөн шығар. Былтыр наурызда осы округтен өткен депутат Айдархан Орынбасаров істі болып, ұзамай мандатын өз еркімен тапсырып кеткен еді. Орынбасаровтың орнын басқан Жамаловтың да келгенінен кеткені тез болды. Облыстық мәслихатқа Шымкент қаласындағы округтен бір емес бірнеше қайтара депутат болған Мұқан Егізбаевтың денсаулық саласындағы іскерлік қасиетін, халық арасындағы жылы лебізді, сол «халықтың көзі, тілі һәм құлағы» (Алаштың арысы Ахмет Байтұрсынов айтқандай) саналатын ақпарат құралдары өкілдерінің пікірін де өңір басшысы Жансейіт Түймебаев ескерген болуы керек, жыл басында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды. Мәслихаттағы ең жас депутат атанып жүрген сайрамдық Мадияр Оразалиев Сайрам ауданы әкімінің орынбасары қызметіне кіріскені белгілі. Облыстық мәслихаттағы үш депутаттың орны кімге бұйыратынына қатысты болжамға құрылған талдау мақаланы «Рейтингтің» алдағы нөмірінде ұсынбақпыз.
Биылғы саяси доданың ең үлкені Сенат сайлауы. Оңтүстік жұртшылығы, дәлірегі мәслихат депутаттары үшін биылғы сайлаудың жөні бөлек болайын деп тұр. Бұл жолы Сенат депутаттығын бір емес екі қайтара атқарған Қуаныш Айтахановтың өкілеттігі аяқталып жатыр. Жасы жетпіске толатын Қ. Айтахановтың өзі Сенат депутаттығына үшінші қайтара түспейді, жастарға жол береді. Ішкі түйсігіміз осылай дейді.
Жалпы Қуаныш Айтахановты ел іскер басшы, ұлтжанды азамат ретінде таниды. Еңбек жолын шаруашылықта қарапайым малдәрігері болып бастаған ол төрт ауданның тізгінін ұстапты. Тоқсаныншы жылдары облыс әкімінің орынбасары қызметін де атқарған. Сенат сайлауына алғаш рет 2005 жылы түсті. Сол жолғы сайлауда прокуратура саласында қызметтерді атқарған, Астанадағы үлкен лауазымды шенеуніктің сыныптасымен үзеңгі қағыстырған. Араға алты жыл салып өткен 2011 жылғы сайлауда жеңіске жету Айтаханов үшін аса қиын шаруа бола қойған жоқ. Алғашқыда додаға түсуге алты кандидат өтініш бергенімен, ақырғы сәтте таразының екінші басында Шардара аудандық мәслихатының хатшысы Тоқсанбай Бердібеков қана қалған. Айтаханов жеңісті даусыз иеленді.
Жалпы Оңтүстікте Сенат сайлауының жазылмаған заңдылығы бар. Өңірден Сенатта алты жылдан өкілдік ететін екі сенатордың біреуі таулы өңірден, екіншісі Сыр бойын жайлаған елден іріктеледі. Сенаторлық өкілеттігі біткен азаматты облыстың құрметті азаматы атағын беріп шығарып салу да кейінгі кездері дәстүрге ене бастады. Мәселен, Сенат депутаттығына екі қайтара сайланған Орынбай Рахманбердиевке облыс әкімдігі осыдан үш жыл бұрын осындай атақ тапсырып, жылы қоштасқаны есімізде қалыпты. Оның орнын облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев басқан. Қуаныш Айтахановты шығарып салу да осы сценарий бойынша өрбіп келеді. Былтыр сенаторға мәслихаттың шешімімен облыстың құрметті азаматы атағы берілген. Енді тек төсбелгісін тағып, құрметті демалысқа жылы жымиыспен шығарып салу рәсімі ғана қалып тұр. Айтахановтың орнына басатын кім бар?
Сенат сайлауы 30 маусымға дейін өтуі тиіс. Яғни, кандиаттарды ұсыну бұдан екі ай бұрын, сәуірде басталады деген сөз. Ары-берісі бір ай ғана уақыт қалды. Біз сенатор болуға лайық кандидаттар туралы әңгімені алдағы уақытта қайта жалғастыратын боламыз.
Жәнібек Тархан,
«Рейтинг» газеті №9, 9 наурыз 2017 жыл