Елімізде 2 миллионнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек берілді
Қазақстанда биыл 2 млн 87 мың 400 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 21 мың теңгені алушылардың басым бөлігін оңтүстік өңір құрап тұр, деп хабарлайды oinet.kz тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
«Түркістан облысында – 96 мың 800 отбасы, Алматы облысында – 53 мың 600 отбасы, Шымкент қаласында – 51 мың 600 отбасы, Жамбыл облысында – 39 мың отбасы және Қызылорда облысында – 31 мың 700 отбасы. Ағымдағы жылғы 16 қыркүйектегі жағдай бойынша АӘК-ті белсенді алушылардың саны 335 мың 200-ден астам отбасы немесе 1 миллион 733 мың адам, оның ішінде 1 миллион 487 мыңы – балалар», - дейді министрлік.
Қазіргі таңда, 351 мың 200 адамға атаулы әлеуметтік көмекті беру аяқталған.
«2019 жылы АӘК төлеуге 204 млрд 500 млн теңге көзделген, оның 186 млрд 100 млн теңгесі республикалық бюджеттен және 18 млрд 400 млн теңгесі жергілікті бюджеттен. 144 млрд 300 млн теңге төленді», – деді ҚР ведомствоның Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаменті басқармасының басшысы Аяжан Жанғабылова.
Сонымен қатар, АӘК-тің еңбекке қабілетті 523 мың 400-ден астам азамат алып отырғанын, оның 110 мың 200-і немесе 21% жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына жататынын атап өтті.