Бес басқарманың басшысы жоқ. Ал, жемқорлықпен айыпталған адам жауапты қызметке тағайындалған

Oinet.kz 18-02-2026

Screenshot_1.png

«Бас сәулетшіге жарымаған Шымкент». «Рейтинг» газетінде қайбір жолы осы тақырыппен Шымкент қаласын соңғы жылдары басқарған бас сәулетшілердің бірінен кейін бірі сыбайлас жемқорлықпен сотталғанын жазғанбыз. Бұған былтыр Руслан Берденовтің «Сыбайлас жемқорлықты 100 пайыз жеңген Шымкент» туралы әңгімесін әдейі ерегісіп жоққа шығарғандай,  Шымкент қалалық әкімдігінде екі бірдей басқарма басшысының қамауға алынғаны дәлел. Жуырда осы басқарма басшыларының ісі сотқа жетті.

Қазіргі уақытта Шымкент қалалық әкімдігінде кем дегенде бес басқарма басшысының креслосы бос тұр. Бұл өз алдына бөлек тақырып.  Оған алдағы уақытта тоқталатын боламыз.    

Тараз қалалық сотында бүгінде басқарма басшыларының ісі қаралуда. Шымкентте басқарма басшысы қызметін атқарып жүрген шенеуніктердің ісі неге көрші облыста қаралып жатқанына қатысты әзірге мардымды жауап жоқ. Кейбір ақпарат құралдары: «Негізгі фигуранттардың Шымкент және Жамбыл облысымен байланысы бар болғандықтан, сот процесі өңіраралық сипат алып отыр»,– деп жазып жатыр.

Сотқа Шымкент қаласының бас сәулетшісі Арман Әбдешовтің және Тараз қаласының бұрынғы бас сәулетшісі Алмасбек Бобеевтің, Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы  Нұрбол Жүнісбековтің, сондай-ақ кәсіпкерлер Нұрбол Нұртаев пен Қасиет Тәшімбетовтің ісі түсті. Бесеуіне де Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемдену немесе ысырап ету) бойынша айып тағылған. Кәсіпкер Нұрбол Нұртаев бұдан бөлек 218-баптың 3-бөлігі (қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге де мүлікті ірі мөлшерде заңдастыру (жылыстату)  бойынша да жауап беруде.

Нұрбол Нұртаев, Арман Әбдешов және Нұрбол Жүнісбеков қамауда отыр. Қалғандарына  үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.

Еске сала кетейік, Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешовтің «бөтеннің мүлкін заңсыз иемденді» деген күдікке іліккені ақпарат құралдарында былтыр жазда пайда болды. Артынша мұны құзырлы органдар  растады. Арман Әбдешов – Түркістан облысының тумасы. Ұзақ жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасында істеген. 2018 жылы Әулие ата өңіріне қызмет ауыстырып, Жамбыл облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысына дейін өскен.  2022 жылдың қазанынан 2023 жылғы желтоқсанға дейін Тараз қаласының бас сәулетшісі болған.  Әбдешов былтыр ақпанда Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы қызметіне тағайындалған. Оған дейін басқарма басшысының орынбасары болған.

Әбдешовтің тұтқындалуынан кейін артынша, Шымкент қалалық  тұрғын үй басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековтің ұсталғаны туралы әңгіме өршіді. Сол кезде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек брифингте Нұрбол Жүнісбековтің ісі Арман Әбдешовке қатысты қылмыстық іске ұқасас болуы мүмкін және мұның 2023 жылдары атқарылған жұмыстарға қатысы барын айтқан болатын. Н.Жүнісбеков 2023 жылдан бастап Шымкент қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы лауазымын атқарған (осы кезде Арман Әбдешов оның орынбасары болған) Былтыр жыл басында басқарма екіге бөлінді. А.Әбдешов сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы,  Н.Жүнісбеков жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Наурызда Жүнісбеков қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының креслосына отырады.

Ал, сотталушылардың бірі Алмасбек Бөбеев еңбек жолында Шымкент қалалық әкімдігінде қызмет еткен. 2015 жылдардың шамасында Түркістан қаласының бас сәулетшісі болған. 2022 жылы ол Тараз қаласының бас сәулетшісі лауазымын атқарған. Алайда сот қаулысында қазіргі уақытта оның жұмыссыз екендігі және Шымкент қаласында тұратыны жазылған. Бұдан Бөбеевке қатысты қылмыстық істің ол қызметтен босатылғаннан кейін қозғалғанын байқауға болады.  Яғни, сәулетшілер ісіндегі негізгі фигуранттарының бәрі шымкенттік. Тіпті осы істе аттары аталған фирмалар да Түрістан облысы мен Шымкент қаласында жүзеге асқан сәулеттік жобаларға қатысқан. Сондықтан бұл істі Шымкентке қатысы жоқ деуге болмайды. Оның үстіне Нұрбол Жүнісбеков көрші облыста мүлдем жұмыс істемеген, еңбек жолының бәрі Шымкент пен Түркістанда өткен.

Енді мына қызыққа қараңыздар, жоғарыда келтірілгендей, Жүнісбеков былтыр қаңтар мен ақпан аралығында Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы болады. 28 наурызда ақпарат құралдарында  Жүнісбековтің Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы лауазымына тағайындалғаны туралы мәліметтер жарияланды. Тамызда оның Астана қаласында ұсталғаны белгілі болды. Ал енді желтоқсанда  Жамбыл облысы прокурорының орынбасары Ғалымжан Дәненовтің ақпарат құралдарына берген сұхбатына қарағанда, Нұрбол Жүнісбеков пен басқа да тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру былтыр 5 наурызда басталған (бұл мәлімет көптеген республикалық БАҚ-та жарияланды) .

Яғни, 5 наурызда Жүнісбековтің үстінен сыбайлас жемқорлық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалады.

Арада жиырма үш күн өткенде – 28 наурызда  Шымкент қалалық әкімдігі оны қалалық тұрғын үй басқармасының (иә, бұл содан бір жыл бұрын басшысы сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін әкімдікте өткен жиында жария түрде тұтқындалған басқарма ғой) басшысы лауазымына тағайындаған. Сонда бұл қалай? Жоғарыдағылар басқарма басшысы болып жатқан азаматтың қылмыстық жауапкершілікке тартылып, тергеуде жүргенін білмеген бе? Кандидатура тиісті тексерулерден өтпеген бе? Әлде Жамбыл облыстық прокуратурасы жұртты жаңылыстырып отыр ма?

Сотқа түскен сәулетшілердің ісінде де біраз құпиялар бар? Жуырда Тараз қалалық соты істі  Жамбыл облыстық прокуратурасына қайтарды. Соттың осы жөнінде шығарған қаулысына қарағанда, іс құжаттарымен танысудан кейін келтірілген қорғаушылардың өтінішхаттары мен шағымдары қаралмаған және шешімін таппаған, яғни заң нормаларының өрескел бұзылуына жол берілген.

«Сотталушылар Н.Ю.Нуртаевтың, Г.А.Бобеевтің, А.А.Абдешовтің, К.Б.Ташимбетовтің, Н.А.Жунусбековтің әрекеттерін саралау туралы қаулысында, сондай-ақ айыптау актісінде қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалған уақыты мен орны айқындалмаған»,– деп жазылған. Уақыты мен орны айқындалмаған бұл неғылған іс екенін түсіне алмадық. 

Бұдан бөлек, заң талаптары бұзылып, айыпталушыларға айыптау актісі берілмеген және оларға құқықтарын түсіндіру қамтылмаған, жәбірленуші шағым келтіру немесе айыпталушылардың әрекетін саралауды даулау құқығынан айырылған. Енді Жамбыл облыстық прокуратурасы заңға қайшы келетін осы мәселелерді реттеп, істі сотқа қайта жолдауы тиіс.

Айта кетері, Жамбыл облыстық прокуратурасының ақпарат құралдары арқылы жариялаған мәліметтерінде айыпталушылардың аты-жөндері ашық  аталғанымен, олардың бюджетке қанша зиян келтіргені туралы ешқандай дерек келтірілмеген. Неге?

Не де болса, әліптің артын бағып көрейік. «Рейтинг» газеті бұл істі өзінің бақылауында ұстайтын болады.

P.S. Сотталып жатқан Әбдешов пен Жүнісбековтің орны осы уақытқа дейін бос тұр. Олар әлі күнге дейін басқарма басшысы (сот қаулысында осылай деп жазылған). Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтындағы мәліметтерге қарағанда, қазіргі уақытта бас сәулетшінің міндетін  Әбдешовтің орынбасары Дәурен Мұқанов атқарып жатыр. Ал тұрғын үй басқармасы басшысының міндеті Көпжан Төлебаев деген азаматқа жүктеліп отыр. Ол бұған дейін басқарма басшысының орынбасары болған. Аты-жөніне қарап отырып, Көпжан Кенжеханұлының қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаевтың ұлы екенін аңғару қиын емес. Кенжекеңнің бір ұлы Ермек Кенжехан уақтысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары болған. Қазір Ауыл шаруашылығы вице-министрі.

«Рейтинг» газеті, 18 ақпан 2026 жыл.  



Қызметкерлер кофе ішіп, бос әңгіме айтып жүрген жоқ: «Бәйтерек» басшысы Тоқаевтың сынына жауап берді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу