Тоқаев Путинмен телефон арқылы сөйлесті: олар нені талқылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған Oinet.kz тілшісі.

Әңгімелесу барысында екі елдің басшылары Қазақстан-Ресей сан қырлы қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын достық әрі өзара сенім сипатында талқылаған.
Президенттер жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың дәйекті түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өткен.
Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету жұмыстарына оң баға беріп, бірлескен ғылыми-білім беру бастамаларын ілгерілетудің маңызына тоқталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын тағы да растаған.
Бұдан бөлек, әңгімелесу барысында тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасқан.


