Жамбылда жерленген әйел бір айдан соң тірі оралды
Жамбыл облысында қайтыс болды деп танылып, жер қойнына тапсырылған әйел бір айдан кейін аман-есен табылды. Бұл туралы Оinet.kz порталы BAQ.KZ-ке сілтеме жасап хабарлайды.

1953 жылы туған әйел 2024 жылдың тамыз айында Тараз қаласына әпкесінің қолына көшіп келген. 2025 жылы Құрбан айт мерекесінен кейін ол із-түссіз жоғалып кетеді. Осыған байланысты туыстары полицияға арыз түсірген.
2025 жылдың тамызында ауыл маңындағы даладан белгісіз адамның мәйіті табылып, қылмыстық іс қозғалады. Марқұмды талап қоюшы мен оның ұлы жоғалған анасы деп таныған. Соның негізінде өлім туралы актілік жазба тіркеліп, тиісті куәлік берілген.
Алайда араға бір ай салып, 2025 жылдың қыркүйегінде әйел Жамбыл ауданы Қостөбе ауылындағы ағасының үйіне өз аяғымен келген.
Белгілі болғандай, Құрбан айттан кейін ол Айша бибі ауылына кетіп, сол жерде пияз жинау жұмысына орналасқан. Біраз уақыт өткен соң зейнетақы төлемдері тоқтатылғанын байқап, Таразға келгенде өзінің ресми түрде «қайтыс болғандар» тізіміне енгенін білген. Туыстарының айтуынша, оның алдын ала ескертпестен ұзақ уақытқа кетіп қалатын әдеті болған.
Анасының құқықтық мәртебесін қалпына келтіру үшін талап қоюшы сотқа жүгініп, өлім туралы жазбаны жарамсыз деп тануды сұраған.
Жамбыл аудандық соты табылған мәйіттің басқа адамға тиесілі екенін анықтады. Полиция эксгумация жүргізіп, сот-медициналық және генетикалық сараптамалар тағайындаған. Нәтижесінде марқұмның жеке басы анықталып, қылмыстық іс тоқтатылған. Бұл туралы Жамбыл облысы соты баспасөз қызметі мәлімдеді.
Сот шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, өлім туралы куәлік пен актілік жазбаның күші жойылды.
Шешім заңды күшіне енді.


