«Сыра королініңкі» не сандырақ?

Oinet.kz 14-07-2019 941

Screenshot_3.jpgФото Tengrinews.kz сайтынан алынды

Атышулы шымкенттік кәсіпкер, билікті күшпен басып алмақ болды деген ауыр айыппен қамалып, қазіргі уақытта ісі Астанадағы сотта құпия түрде қаралып жатқан Тоқтар Төлешов Атырауға барған жоқ. Естеріңізде болса, ол Атырауда жер сатуға қарсы наразылық митингісінің белсенділері Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісіне куәгер ретінде қатысуы тиіс еді. Алайда Т.Төлешов физикалық және моралдық шаршау салдарынан (ресми анықтама) Атыраудағы сотқа Астанадағы соттан тікелей бейнебайланыс арқылы жауап берді. Сотта ол Тағат Аянға жерге қатысты наразылық шараларын ұйымдастыру үшін 100 мың доллар бергенін растады. 

Бұл Тоқтар Төлешовтың ұсталғалы бері жұрттың алдына алғаш рет шығуы. «Сыра королі» тоғыз айдан бері абақтыда отырған адамға ұқсаңқырамайды. Өзін сергек, еркін ұстады. Алдымен «шындықтан басқа ештеңе айтпаймын» деп, ант беру рәсімін жасады. Осыдан кейін судья оған «сізге осы ант берудің мән-маңызы түсінікті ме?» деп сұрады. Төлешов «әрине, түсінікті» деп күлімсіреді. 

Тоқтар Төлешов жауап беру барысында жерді сату, шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзарту туралы заңға қарсы наразылық шараларын неге батыс облыстарынан бастағанын айтты. Оның ойынша батыстың халқы шешімтал, белсенді, нақты қадам жасай алады екен. Қоғам белсендісі, түрлі шараларды ұйымдастырып жүрген Талғат Аянды ол интернет арқылы тапқан. Осы жігітпен бірге жұмыс істеуге бекінеді. Т.Аян жер сатуға қарсы баспасөз мәслихатын, митинг өткізу, халыққа ақпарат тарату шараларын ұйымдастыра алады деп сенген. Т.Төлешов Т.Аянға тікелей емес, әлдебір делдал арқылы шыққан. Ол делдалдың аты-жөнін айтқан жоқ. 

- Талғатпен менің жолдасым жұмыс істеді, бірақ мен оның есімін атай алмаймын. Ол Атырауда тұрады, қарапайым жұмысшы, оның басына проблема туындағанын қаламаймын,-деді Т.Төлешов.

Т.Төлешов делдал арқылы Т.Аянмен байланысып, оған мән-жайды түсіндірген. Т.Аян бұл үшін біраз шығын қажеттігін ескерткен. Алғашқы сумма 150 мың доллар болған көрінеді. Т.Төлешов әлгі делдал арқылы Т.Аянға 100 мың доллар беріп жіберген көрінеді. 30 қаңтарда Т.Төлешов тұтқындалып, Астанадағы ҰҚК-нің абақтысына қамалады. Сәуір айының аяғында ол газеттерден Атырауда жерге қатысты митингі өткенін оқыпты. Газеттегі басылған  суреттен Т.Аянды танып, өзінің жасаған жоспарының жүзеге асып жатқанын түсініпті. Т.Төлешовтың Т.Аян мен М.Боқаевтың ісіне қатысты берген жауабының қысқаша мән-мағынасы осы. Жауап алу барысында ол өзінің қалай вице-президент болғысы келгенін де әңгімелеп берді. Оның айтуынша, вице-президент жобасын ол қоғам қайраткерлері, қоғамдық ұйымдар немесе  депутаттар арқылы Конституциялық сотқа жолдауды жоспарлаған. Конституциялық сот мұны мақұлдаса, оны Парламентке енгізіп, Президенттің қол қоюына жіберіледі деген дәме болғанға ұқсайды. Бірақ Тоқтар Төлешовтың вице-президент лауазымын иеленетіндей танымалдылығы жоқ. Сотта мұны Т.Төлешовтың өзі де мойындады. Ол жерге қатысты наразылық шараларының аясында өзінің имиджін көтеріп, осы олқылықтың орнын толтыруды жоспарлапты. Алайда...

Қазақстанда Конституциялық соттың жойылып кеткеніне жиырма жылдан асып кетті емес пе? Ал оның орнын басқан Конституциялық кеңес елде қабылданған заңдардың Ата Заңға сәйкестігін қарайды, сайлау өткізудің мерзіміне қатысты туған дау-дамайды шешіп береді. Конституциялық кеңес вице-президент немесе басқа да үлкен лауазымдарды енгізу мәселесін қарайды деген сөз Ата Заңда жоқ.  

Сонда  Т.Төлешовтың айтып отырғаны не сандырақ? 

Жәнібек Тархан, 

2016 ж

​«Вице-премьерден облыс әкімдеріне дейін шейхтарға құрақ ұшып қызмет көрсетуі керек»
Айсұлтан Назарбаев әкесінен ешуақытта бас тартпайтынын айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу