​«Вице-премьерден облыс әкімдеріне дейін шейхтарға құрақ ұшып қызмет көрсетуі керек»

Oinet.kz 14-07-2019 2058

Screenshot_2.jpg

2016 ж 10 қазаннан бастап Бірікен араб әмірлігі мен Катар елдерінен келген шейхтарға  Оңтүстік Қазақстан облысында дуадақ аулаға шығуына рұқсат. Арабтар қазақ жерінде бой жазып, көңіл көтеріп, саятшылықтың қызығын көруін анау-мынау емес облыстың әкімдерінің өздері қамтамасыз етуі тиіс. Үкіметтің осы жөніндегі қаулысында солай деп жазылыпты.

Ақпарат құралдарында жарияланған осы қаулыға қарағанда шейхтар дуадақты қыран құспен аулайды. Саятшылық 15 қарашаға дейін созылады. Қаулыда саятшылыққа төрт шейхқа және оларға қанша дуадақ аулаға рұқсат берілгені де жазылыпты.   

Оның алғашқысы Бірікен араб әмірлігінің шейхі Халифа бин Заед әл-Нахаян. Оған Арыс  қаласына қарасты аумақта және Қаратау мемлекеттік қорығында 35 дуадақ, сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарының аумағындағы қорықтарда 49 дуадақты аулауға рұқсат етілген. Шейх Сурур бин Мұхаммед әл-Нахаян Маңғыстау облысынан 21 дуадақ, шейх Сеиф бин Мұхаммед әл-Нахаян 20 дуадақ, катарлық  шейх Жасем бин Хамад Бин Халифа әл-Тани Жамбыл облысындағы қорықтардан 21 дуадақ, Алматы облысынан  37 дуадақты аулай алады. Яғни, шейхтар еліміздің бес бірдей аумағында сайран салады деген сөз. 

Үкімет қаулысында осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне дуадақ аулаушыларға тиісті рұқсатын беру міндеттелген. Аң аулаушылар саятшылық жасау үшін қазынаға 260 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы төлеуі тиістігі де жазылыпты. 

Ауыл шаруашылығы министрлігіне сондай-ақ, саятшылардың жыртқыш құстарын шекарадан ешқандай кедергісіз әкелуін қамтамасыз ету, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдеріне шейхтарға көмектесіп, аңшылыққа қатысты іс-шараларды ұйымдастыру жүктелген. Айналдырған төрт шейхқа бола Үкіметтің арнайы қаулы шығарып, оларға Ауыл шаруашылығы министрі-вице-премьер Асқар Мырзахметов  бастаған облыс әкімдерінің өздері тікелей қызмет көрсететіндей бұлар кімдер еді дейсіз ғой. Айтайық.

Халифа Аль Нахайян Біріккен араб әмірлігінің президенті. Елдің бұрынғы президенті Зайд ибн Сұлтан әл-Нахайянның үлкен ұлы. 2004 жылы әкесі қайтыс болған соң президенттік тақты иеленген. Оған дейін Әбу Дабидің әмірі болған. Әлемдегі ең дәулетті миллиардерлердің бірі. Forbes журналының тұжырымы бойынша оның байлығы 15 миллиард доллар деп есептеледі. Жалпы Нахаян әулетінің дәулеті 150 миллиард долларды құрайды екен. Негіізі Нахаян әулетін Оңтүстік Қазақстан облысының жұртшылығы жақсы таниды деп ойлаймыз. Атақты шейх уақтысында Шымкент қаласында перзентхана, сонымен бірге мұнаралары көк тіреген зәулім мешіт салып берген. 

Ал Шейх Хама́д бин Хали́фа әл-Та́ни қазіргі уақытта Катар елінің әмірі. Бұл шейх туралы түрлі әңгімелер бар. Ол 1995 жылы әкесі халифа бин Хамад Швейцарияда демалып жатқан кезде елде қансыз төңкеріс жасап, әкесінің тағын басып алған. Ақпарат құралдарында жасы 65-ке жуықтап қалған әмірдің денсаулығының нашар екендігі айтылады. Сонымен бірге ол 1996 жылы атақты «әл-Жазира» телеканалын құрған азамат ретінде аталады. Қазақ жеріне саятшылық жасауға анау-мынау емес білдей президент пен әмір келіп жатқан соң олардың алдарында облыс әкімдері құрдай жорғалап жүрмегенде кім жүреді дейсіз? Бәлкім осы саятшылықты пайдаланып, мемлекет басшылары да шейхтармен Шымкентте кездесіп, тағы бір әлеуметтік нысан салу жөнінде уағдаластыққа қол қойып қалар.  

Жалпы шейхтардың қазақ жерін саятшылық жасайтын орынға айналдырғаны бүгін ғана емес. Былтыр арабтардың Бәйдібек ауданында дуадақ құсын көбейту жобасына 3,5 миллиард теңге инвестиция салғаны белгілі болған. Шейхтардың алдағы уақытта ауданға тағы да 3,5 миллиард теңге инвестиция салып, 400 адамға жұмыс тауып беруге уәде еткені облыс әкімдігінде өткен жиында айтылған-ды. Осы жанашырылыққа білдірілген ризашылық шығар, Үкімет әр күзде Оңтүстікке келіп, құс салуды әдетке айналдырған арабтарға биыл ерекше жағдай жасап, ауланатын дуадақтардың санын былтырғыға қарағанда әлдеқайда көбейтіп бергенге ұқсайды.      Қайсыбір жолы Оңтүстіктің ұланбайтақ даласында сайран салып жүрген шейхтарға заңдылықты сақтаңыздар деген ескерту жасаймын деп бір аудан әкімінің мәселесімен Президент әкімшілігінің өзі айналысқаны жайлы ақпараттан да хабардармыз. Бұл  ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатандығын кім білсін? Анық білетініміз   «Сайрам-Өгем» ұлттық паркінің аумағындағы Қасқасу ауылының бөктеріндегі бұрынғы спорттық сауықтыру лагерін шейхтардың қоршап алып, котеждер салып тастағаны, бұған халықтың наразылық білдіріп жатқаны жергілікті газеттерде  жазылған. Тау шатқалдарындағы табиғаты әсем жерлерді арабтардың иеленіп алғаны жуырда жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысында да жария етілген. 

Әйтеуір, саятшы шейхтар тыныш келіп, тыныш кетсін дейміз дә. Бұған басқа не айта аласыз? 

Ғалымжан Елшібай,

Оңтүстік Қазақстан облысы 

2016 ж

Қазақстан банктері кімге тиесілі?
«Сыра королініңкі» не сандырақ?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу