Қазақстан банктері кімге тиесілі?

Oinet.kz 13-07-2019 1164

Screenshot_7.jpg

Банк саласындағы рейтингтік компаниялардың сарапшылары 2016 жылы басталған экономикалық құлдырауалдағы уақытта  бәсеңсіп, 2017-де шамалы өсу байқалады деп отыр.  Әйтсе де, келесі жылы тұтынушылар алған несиелерін қайтаруға қиналатын болады.

Зейнетақы қоры қаржысының екінші деңгейлі банктер нарығына құйылуы қолма-қол ақша тапшылығының шешілуіне оң ықпал етті. Мысалы, зейнетақы қоры бір «Халық банкінің» облигацияларына 316,5 миллиард теңге қаржы инвестициялады.

Дағдарыстың күшеюі екінші деңгейлі банктердің назары мен ықыласын ірі корпорациялардан қарапайым тұтынушылар мен шағын және орта бизнеске аударды. «Қазком» осы саланы тереңірек игеруді өзінің негізгі басымдықтарының біріне айналдырып отыр.

Соңғы кезде банктердің өз клиенттеріне деген қарым-қатынасы жақсара түсті. Бірақ, бұл өзгеріс банк секторының ізгілене түскенін аңғартпайды, бұл шарасыздықтан туындап отырған тренд.

Бүгінгі әңгімеміздің арқауы – қазақстандық банктердің, дұрысы – Қазақстанда жұмыс істеп жатқан банктердің кімге тиісті және рейтингтік орны жайлы.

Бірінші орында    «Қазкоммерцбанк». Кезінде бұл банкті Нұржан Субханбердин басқарған болатын. Бүгінде бұл банктің иесі  Қазақстандағы ең бай елуліктің 7 сатысында тұрған Кеңес Рақышев. «Казкомның»  71,28 пайыз акциясы Кеңес Рақышевқа, яғни Иманғали Тасмағанбетовтың күйеу баласына тиісті. Бірқатар сарапшылар банк саласында ұлттық буржуазияның осылай ықпалының артқаны – жағымды тенденция деп отыр.   

Екінші орында – «Қазақстан халық банкі». Бұл банк қаржылық активтері бойынша екінші орында тұрғанымен, ел тұтынушыларын қамту көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Өткен жылдың аяғында қаржылай активтері 1,4 триллион теңгені құрады. Ірі қаржы институтының 73,4 пайыз акциясы Динара және Тимур Құлыбаевтардың меншігі саналатын «АЛМЭКС» холдингтік тобына тиесілі. “Халық Банкінің» еншілес ұйымдары:  «Алтын банк», «Халық Финанс», «Казахинстрах», «Халык Проект», «Халық Лизинг», Халық Банк Грузия» , «Халық Лайф», «Халық Банк Кыргызстан» және тағы басқалар.

Үшінші орында – «Цеснабанк». Бұл қаржылық институттың негізгі иесі – ҚР Президенті әкімшілігінің  жетекшісі  Әділбек Жақсыбековтың отбасы. «Цесна банк»  2015 жылы 17,37 миллион долларға Омскінің «»Плюс Банкінің» 67,38 пайыз акциясын сатып алды.

Төртінші орында – «Сбербанк». Оның 99,99 пайыз акциясы «Сбербанк России» акционерлік қоғамына тиісті. «Сбербанк» өткен жылы кепілді несиелердің саны мен көлемі бойынша Қазақстанда «Абсолюттік лидер» атағын алды.

Бесінші орында – «Банк ЦентрКредит». Банктің 41,93 пайызы Оңтүстік Кореяның «Kookmin Bank», 10 пайызы – Халықаралық Қаржы Корпорациясына тиісті.  Және 25,6 пайызы қазақстандық олигарх (ең бай 50 бизнесменнің № 13-і) Бақытбек Байсейітовтің меншігінде. 

Алтыншы орынға «Kaspi Bank» жайғасты. Өткен жылдың қазан айында қайта құрылымданған банк енді «Kaspi» Акционерлік қоғамы деп атала бастады. Банктің иелері – «Baring Vostok Funds» - 42,77 пайыз акциямен, қазақстандық олигарх Вячеслав Ким ((еліміздегі ең бай бизнесменнің №24-і) – 28,89 пайыз, Қайрат Сатыбалдыұлы - 8,94, Михаил Ломтадзе - 8,94 пайыз, «Goldman Sachs» - 2.47 пайыз, ал басқа акционерлердің үлесі – 7,99 пайыз.

Жетінші орында – «АТФБанк». Бұл банктің негізгі акционері – саяси салмағымен ерекшеленіп келетін Ахметжан Есимовтың күйеу баласы – Ғалымжан Есенов. Ғалымжан – еліміздегі ең бай 50 бизнесменнің 18 орында тұрған жас өкілі. Ғ. Есеновтың үлесі – 99,78 пайыз. Жуырда алған қарызын етей алмай келе жатқан «Шымкент пиво» компаниясы осы  «АТФБанктің» меншігіне өтті.

Сегізінші орында – «ForteBank». 2015 жылдың 1 қаңтарында «Альянс Банкке» «Темірбанк» пен «ForteBank» қосылып, жаңа банк «ForteBank» деп атала бастады. Бұл банктің негізгі иесі – олигарх, Қазақстанның 1-і орында тұрған ең бай бизнесмені Болат Өтемұратов: оның акциялары бүгінде 87,28 пайызды құрап отыр.

Тоғызыншы орында – «Евразийский банк». Бұл банктің 100 пайыз акциясы белгілі үштік – Машкевич, Шадиев және Паттоховтың меншігі болып табылатын «Евразийская финансовая компания» Акционерлік қоғамына тиісті.

Қазекең тоғыз санын киелі санаушы еді . Біз де осы тоғыз банкпен шектеліп,  қалғандарын атүсті шолып өтейік.

Жалпы, банктер ренкингіне 35 банк енген. Сол банктердің ішінде «Ситибанк» толығымен АҚШ-тың «Citibank» тобына тиісті. Ал «Банк ВТБ» (Казахстан) толығымен Санкт-Петербургтің «Банк ВТБ», «Банк Хоум Кредит» Ресейдің «ХКБ» компаниясының меншігі. «КЗИ Банк» Түркияның «Т.С.Зираат Банкасы А.Ш» компаниясына, ал «RBS Kazakhstan» Шотландияның «Royal Bank of Scotland p/c» компаниясына, «ТП Банк Китая в г. АКлматы» Қытайдың сауда-өнеркісіп банкіне, «Шинхан Банк» Оңтүстік Кореяның «Shinhan Bank» тобына, «Қазақстандағы Пәкістанның Ұлттық банкі» Пәкстанның Ұлттық банкіне тиісті.

Еліміздегі 35 банктің 17-сі дерлік толығымен шетелдік компанияларға немесе мемлекеттерге тиесілі. «Кімнің арбасына мінсең, соның жырын жырлайсың» дейді қазекең.

Шетелдік банктердің көбеюі несие алуды жеңілдеткенмен, сол несиені қайтаруды мүлдем қиындатып жіберді. Халықты несиеге үйретіп, құнықтырған батыстық банк жүйесі ұлтымыздың аяғына – тұсау, көңіліне қаяу салып отыр. Бүгінде 5 миллион қазақстандықтың банктен алған несиесі бар, ал сол бейбақтардың 1 миллионы қарызын төлей алмай, пайыздық құлдыққа түсті.  

Қазақстанның банк жүйесі – Карл Маркс пен Лениннің «Коммунистік Интернационал» идеясы бағытымен дамып бара жатқан сала. Еліміздің банк жүйесінде «ішкі және сыртқы интернационал» толық көрінісін тапқан: қаржылық салада ірі шетелдік алпауыттар (Сити банк,  Сбербанк, ICBC - Қытайдың сауда-өнеркісіп  банкі, Британияның «Royal Bank of Scotland p/c» банкі өзінің еншілес бөлімдерін ашқан.

Еліміздегі түрлі ұлттар – корейлер, еврейлер, орыстар, өзбектер (мәселен, «Capital Bank Kazakhstan» қожайыны Қазақстандағы ең бай бизнесмендер тізіміндегі №43-і Орифжан Шадиев) Қазақстанның банк жүйесінен өз орнын ойып алып отыр.

Еліміздің банк жүйесінің осылай фрагментациялануы, яғни меншік иелерінің еларалық, таптық және топтық тұрғыдан әралуандылығы ұлттық мүддемізге кереғар үдеріс екенін орыстар «нацпат» деп атап жүрген ұлттық патриоттық рухтағы ұйымдар айтып келеді.

Біз екінші деңгейлі банктердің артында ірі саяси тұлғалар мен сол тұлғалардың нақсүйерлері тұрғанын, сондай-ақ шетелдік капиталдың тұрғанын көріп тұрмыз. Мемлекет (оның бұл саладағы  басты үйлестірушісі – Ұлттық банк) екінші деңгейлі банктердің тәбетін ұлт мүддесімен үйлестіруге шамасы келмей отыр. 17 миллиондық Қазақстан халқын ат төбеліндей «ақ жағалылар» осылай айдауына жүргізіп, айтқанына көндіріп келеді.

Қорыта айтқанда, қаржылық сауаттылығы төмен, азаматтық қоғамы дамымаған ел банктік капиталдың құрсауынан шыға алмай отыр. Ұлт мүддесін қорғау басты миссиясы болып табылатын саяси партиялар мен депутаттар: «Қаржылық құлдық жойылсын!» деп үкіметке елдің датын жеткізер кез келген сияқты.

Үсен Асқаров, 

Мұрағаттан, 2016 ж

Су ішкен құдығыңа түкірме, Блэр!
​«Вице-премьерден облыс әкімдеріне дейін шейхтарға құрақ ұшып қызмет көрсетуі керек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу