Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Белгілі саясаткер, Ұлыбританияны он жыл бойы басқарған Тони Блэр бірнеше жыл бұрын саясат сахнасынан кететінін мәлімдеп, жеке бизнесімен, сонымен қатар қайырымдылықпен шұғылданатынын білдірген болатын. Блэрдің бизнесі тауар шығару немесе сауда емес, ақыл кеңес беру мен болжам жасау. Ақыл айту үшін ақша алатын бизнестің қаржы айналымы ондаған миллион долларға бағаланады. Tony Blair Associate консалтингтік компанияның 20-ға жуық елдегі 200-ден астам қызметкері бар. Өзіңіз шамалай беріңіз, Блэрге қарасты компанияның келесідей клиенттері болған: атышулы диктатор Муаммар Каддафи, Кувейт, Әзірбайжан, Қазақстан үкіметтері. Яғни, Блэр кіммен де болсын жұмыс істеуге дайын. Шақырса, жақсылап ақшасын төлесе болды.
Ақылы тасыған Тонидің қызметі үшін бұл елдер қыруар қаржы төлейді. Мәселен, Кувейт 27 миллион фунт стерлинг аударған. Қазақстан жыл сайын әуелі 8 миллион, кейін 16 миллион фунттан төлеп келді. Бірнеше жыл бойы Тони Блэр еліміздің Үкіметіне жұмыспен қамту, құрылыс, қолжетімді баспана, елді индустрияландыру, ауыл шаруашылығы мен жергілікті өзін-өзі басқару салаларына қатысты «құнды» кеңестерін беріп отырған. Жуырда Блэр еліміздегі «Бірінші арна-Еуразияға» берген сұхбатында «Назарбаев мырза менің ұсынымдарымды аса жоғары бағалайтынын айтты, әрине, мұны есту мен үшін мақтаныш» деп ағынан жарылыпты.
Алайда, бірқатар еуропалық басылымдарда Блэрдің өзінің бизнесін қайта қарап, көптеген клиенттерінен бас тартатыны және Қазақстанмен жұмыс істегеніне өкінетіні жайында ақпарат таратты. Журналистері қателесті ме дейін десең, аты әлемге әйгілі «Telegraph» газеті мен «Financial Times» журналы жариялаған мәлімет. «Esquire» журналына берген сұхбатында Қазақстанда кеңесші болып істегеніне аздап өкінетінін білдіріп, «Ол жерде жұмыс істедік деп айтқым-ақ келеді.... бірақ, әрине, түптің түбінде бұл өзімізге таяқ болып тиетін дүниеге айналды. Ақшаға тым құнығып кеткен сияқтымыз» деген пікір білдірді.
Сөйтсек, ақылыңнан айналайын Тони Блэрдің авторитарлық режимдегі елдермен тығыз жұмыс істегені оның өзінің имиджіне әжептеуір нұқсан келтірген екен. Бастысы, Блэр үлкен саясатқа оралуы мүмкін екен. Себебі, сұхбаттарыынң бірінде «Ұлыбританияны бірпартиялық елге айналу трагедиясынан құтқарғым келеді» деп айтып қалды. Ал ол үшін арабтар мен қазақтар «былғаған» имиджді жақсарту керек болып тұр. Қиын жағдайдан шығамын деп енді түлкібұлаңға салып, Батыс әлемінің алдында ақталған түрі.
Бірнеше жыл бойы қазақ жерінен ақшаны күреп тапқан Блэрдің мұнысы жарамады енді. Ақылы тасыған ағылшынға жалғыз-ақ қазақтың нақыл сөзін айтқымыз келеді: «су ішкен құдығыңа түкірме». Әй, бірақ опасыздыққа бару саясаткердің күнделікті жұмысы ғой.
Мұрағаттан, 2016 ж