Айсұлтан Назарбаев әкесінен ешуақытта бас тартпайтынын айтты
Айт-айтпа, ал саяси элитадағы дөкейлердің спортқа деген ерекше әуесі бар. Бүгінгі таңда спорттың әр саласын бір-бір дөкейден ұстап алған. Жауапты қызметін атқарып немесе жүздеген миллион долларлық бизнесін домалатып жүргендердің спортқа да уақыт табатынына кейде сүйсінесің, кейде күйінесің. Сүйсінетініміз, спорт – елдің намысын асқақтатып, абыройын асыратын сала. Күйінетініміз, кейбіреулері «беліне көтере алмас шоқпар байлап алғанның» кебін киіп, я болмаса жеңіл жолмен өзіне саяси ұпай жинаудың амалын жасайтыны.
Өтемұратов - теннис, Мәсімов – муай-тай, Тасмағамбетов – оқпен ату, Исекешев – шахмат, Әбіқаев - гольф... әрқайсысы бір-бір саладан ұстап алған. Бұл үрдістен Президентке туыстық қатысы барлар да тыс қалмады. Елбасының күйеу баласы Тимур Құлыбаев бүгінде қазақстандық бокстағы №1 адам. Боксыңыз не, ұлттық спорттың көшбасшысы десек қателеспейміз. Бокс федерациясымен қатар ол Ұлттық олимпиадалық комитетті де басқарады. Жасыратыны жоқ, бокстың дамуына Құлыбаев барлық жағдай жасап жатыр. Әйтеуір, былғары қолғап шеберлері тарапынан наразылық байқалмайды. Құлыбаевтай бастығы барына барлығы да риза.
Отандық спорттағы ең шиеленіскен сала – футбол екені сөзсіз. Қазақ футболының өзіндік тарихы болғанымен, еліміз халықаралық деңгейдегі қандай-да жетістігімен мақтана алмайды. Құрамалар деңгейінде бірді-екілі табысымыз болмаса, үнемі сол масқара ойындармен күнелтіп келеміз. Клубтық деңгейде тек соңғы жылдарда ілгерілеушілік байқалуда. Бір сөзбен айтқанда, қазақ футболының «не өлі, не тірі» екенін айыра алмай әлекпіз.
Қызығы сол, қиян-кескі талас-тартыс пен дау-жанжал нақ осы футболдың төңірегінде өрбіп жатады. Оның біразы Рахат Әлиев пен оның перзентімен тікелей байланысты. Тарқатып айтайық.
Рахат Әлиев – қазақ футболының қаһарманы ма?
Тәуелсіздік алған жылдардағы отандық футболдың басты сәтсіз қадамы – Азия футбол конфедерациясының құрамына өтуі болды. Сол кезеңдердегі Азияның футболы барып тұрған сорақылыққа толы, әділетсіз шешімдерден көз ашпайтын қойыртпақ еді. Қазір де жағдайдың өзгергені шамалы. Талай рет отандық командалар құрлықтық турнирлерде төрешінің белден басқан әрекеттерінен жапа шекті. Әлбетте, мұндай жағдайда футболға ешкімнің қызығушылығы ояна қоймасы анық. Әуелі Заманбек Нұрқаділов, кейін Сегізбаев пен Ордабаев басқарған Ұлттық федерация қазақ футболын тығырықтан шығара алмады. Жанкүйерлердің «УЕФА-ға өтуіміз керек» деген талап-тілегіне пысқырып та қарамай, «Еуропада бізді ешкім күтіп отырған жоқ» деп міз бақпады. Бұл іске Рахат Әлиевтің араласуы ұлттық футболда төңкеріс жасаумен бірдей болды.
Әрине, Рахат Мұхтарұлы Әлиев – қылмыскер, мемлекетке қарсы шыққан адам. Билік басында жүрген кездерінде көптеген кәсіпкерлерге қарсы рейдерлік саясат жүргізіп, талай бизнесті тартып алғаны, тіпті кісі өлтіруге қатысы толық дәлелденген. Әйткенмен, Әлиевтің футболға қатысты жасаған жақсылығын мойындау қажет. 2002 жылы федерация басшылығына келген Әлиев басты мақсаты - Қазақстанды УЕФА-ның құрамына өткізу екенін мәлімдеді. Берген уәдесін орындап, небәрі бір жыл ішінде Еуропаның футбол қауымдастығы жаңа мүше – Қазақстанды қабылдады. Сол сәтте жанкүйерлер қуанғаннан бөркін аспанға атып жатты. Осы қадам арқылы Рахаттың беделі анағұрлым өсті. Рас, ұлттық құрамамыз Еуропа алаңдарында айтарлықтай табысқа жеткен жоқ. Кәрі құрлық әлі де бізді Сан-Марино, Лихтенштейн мен Фарер аралдарымен бір қатарға қояды. Әйткенмен отандық футболдың тарихында жаңа кезең басталғанын мойындау қажет.
Енді Рахаттың ұлы Айсұлтанға келейік. Ол да әкесі сияқты футболдың жанкүйері. Өзінің «менің футболға деген махаббатымды әкем оятқан» деп ағынан жарылғаны бар. Былтырдан бері осы Айсұлтан отандық футболда шу шығарып, Федерация басшылығының отставкаға кетуін талап етті. Есесіне осы қызметке нағыз лайықты адам ретінде өзін ұсынды. Бір жылға жуық уақыт осы ұйымды басқарып келе жатқан Ерлан Қожағапанов Елбасының немересіне несімен жақпай қалды? Жалпы, Айсұлтанның көздеген мақсаты не? Осыған кеңірек тоқталайық.
Қожағапанов көп жылдар бойы салық және кеден саласында жұмыс істеген шенеунік. Спортқа қатысы жоқ ол осыдан үш жыл бұрын күтпеген жерден Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы болып шыға келді. Артынша Футбол федерациясының президенті атанып, сонымен қатар «Астана» клубының бас директоры қызметін қоса атқаруда. Дау-жанжал осы жерден басталады. Ұлттық біріншілікте бірнеше маусымнан бері «Қайрат» командасының чемпиондық үшін күресіп келе жатқаны мәлім. Бұған «Астана» клубы кедергі келтіруде. Соңғы екі жылда елордалық клуб қатарынан екі рет чемпион атанды. Ал «Қайрат» клубының қожайыны Қайрат Боранбаев – Айсұлтан Назарбаевтың қайын атасы. Сарапшылардың пікірінше, Айсұлтанды айдап салып отырған осы азамат. Ол «Қожағапановтың әрі Федерацияны басқарып, әрі «Астана» клубына жетекшілік етуі шектен шыққандықтың белгісі» деп мәлімдеме жасап, ашық шабуылға шықты.
Айсұлтан да Федерация басшылығын айыптап, масқаралауға көшті. «Жақсыбековтің тұсында мұндай цирк болмаған еді. Қазіргі футбол нағыз клоунадаға айналды. Федерацияның қазіргі басшылығынан өз жұмысының лайықты атқаруын күту – бос әурешілік. Мұны өздеріңіз де байқап отырған шығарсыздар, поп-корнды молынан алып, реалити шоу форматындағы бұл комедияны соңына дейін көрейік», деп мәлімдеді.
Елбасының немересі қазақ футболын тығырықтан шығарар бағдарламаны ұсынатынын мәлімдегенімен, артынша «белгілі себептерге байланысты мұны кейінге қалдыруға мәжбүрмін» деп ақталды. Қожағапановқа қарсы нағыз ақпараттық майдан ашылып, оны масқаралаған мақалалар бірінен соң бірі жарық көріп жатты.
Айсұлтанның осылайша «атакаға» шығуын ел-жұрт өзінше жорыды. «Ее... демек федерация басшылығы жуырда ауысып, креслоға Айсұлтан отыратын болды ғой» десті. Сарапшылар да осы пікірге қосылды. Қалай дегенмен, Елбасының немересі ғой, оған қарсы тұратындай Қожағапанов кім еді? Оның үстіне, Айсұлтанның сүйенетін уәжінің бірі - өзінің Еуропалық клубтың құрамында өнер көрсетіп, үздік тәжірибе жинақтауы. Шынында да ол 2007 жылы Англияның «Портсмут» командасында жарты жылдай ойнаған екен. Алайда, уақыт өтіп жатқанымен, федерацияда өзгеріс бола қойған жоқ. Қожағапанов бұрынғысынша қызметін атқарып келеді. Сарапшылар «соған қарағанда, атасы немересінің бұл қадамын құптамаған болар» деген қорытындыға келді.
«Әкемнен ешуақытта бас тартпаймын»
Айсұлтанның футбол федерациясы үшін күреске білек сыбана кірісуінің бір себебі әкесіне деген құрметінде жатқан болар. Ұлының әкесіне деген көңілі былтыр белгілі болды. 10 желтоқсан - Рахат Әлиевтің туылған күнінде өзінің Фейсбуктегі парақшасында Айсұлтан ешуақытта әкесінен бас тартпайтынын шегелеп тұрып жазды.
«Бұқар жырау «Әкелі бала жаужүрек, Әкесіз бала сұмжүрек» деген екен. Неге екені белгісіз, бұл сөзді дәл әкемнің туған күні - 10 желтоқсанда оқыдым. Бұл күні әкем Рахат Әлиев өзінің 53-ші туылған күнін атап өтер еді. Бірақ, Алланың оған қатысты басқа жоспары бар екен», деп жазған Айсұлтан әкесінің жанашыры екенін анық аңғартты. «Мен үшін ол әрдайым жақсы тәрбие берген, өсіріп, оқытқан әке болып қала береді. Менің футболға және жалпы спортқа деген махаббатымды оятқан осы адам. Қандай жағдай болмасын, мен өз әкесінің ұлы ретінде оған шексіз алғысымды білдіремін» дейді Айсұлтан.
Сол жазбада атасына деген де құрметіне тоқталып өткен. Дегенмен... кім қалай десе де, ол бірінші кезекте нағашы атасы Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі емес, туған әкесі Рахат Әлиевтің ұлы екенін білдірді. Бәлкім, жылдар өте «әкем Рахат Әлиев қазақ футболын биік шыңдарға жетелеп, ел абыройын асқақтатқысы келген еді... Мен әкемнің бастаған ісін аяқтап, оның алдындағы перзенттік борышымды атқардым» деп қасқайып тұрып айтатын күнді армандай ма, сол арқылы Рахаттың есімін ақтап алуға тырыса ма, кім білсін? Осы жазбадан соң атасының немересіне деген көзқарасы өзгерді ме, жоқ па, ол жағы да белгісіз.
P.S. Жуырда Қожағапановтың қызметінен кеттікені жайлы ақпарат тарады. Мұны сарапшылар Футбол федерациясына келген Қайрат Боранбаевтың командасымен байланыстырады. Айсұлтан Назарбаев дегеніне жетті ме? Әзірше Федерацияны уақытша Сеилдә Байшақов басқарады. Қожағапановтың өзі болса «мен оқуға кетіп барамын, әлі ораламын» деп ескертіпті. Бірақ, сарапшылар бұған сенбей отыр. Істің немен тынарын күтейік.
Мұрағаттан, 2016 ж