Пара алудың тараздық тәсілі... Масалимов ештеңені мойындамаған жоқ

Oinet.kz 13-07-2019 1038

Screenshot_2.jpg

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Масалимов, оның  екі орынбасары және екі бөлім басшысы  пара алу үстінде антикоррупрциялық қызметтің құрығына түсті. Сәуір айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Жамбыл облысы бойынша департаменті таратқан осы мәлімет төбеден жай түсіргендей болды. Байқайсыз ба, соңғы кездері антикоррупция жемқорларды осылайша топ-тобымен, үйір-үйірімен ұстауды сәнге айналдырды ғой. Бірақ дүрбірлеп басталған осындай шулы істердің ақыры күбірлеп аяқталатыны да жасырын емес. Облыстың бас дәрігері қарамағындағы  төрт қызметкерімен қоса құрыққа түскен кезде жоғарыда аталған антикоррупциялық департаменттің басшысы Мақсат Қожабаев журналистерге берген сұхбатында Е.Масалимовтың кабинетінде отырып, бас дәрігерлерден 500 доллардан 5 мың долларға дейін пара алғанын айтқан еді. Әсіресе, оның стоматологтарға субсидия бөлдіру үшін қарамағындағы екі бөлім басшысынан 5 мың доллар пара алғаны туралы мәлімет жаңалыққұмар журналистердің зор қызығушылығын тудырған.  Бірақ дәл осы фактіні қылмыстық іске шығарылған үкімнен таба алмадық. Әуел баста сұхбатта айтылған паралардың көлемі  үкімде жазылғанда өзара сәйкессіздікті, өзгеріске ұшырағанын байқап «ортада жоғалған» ақшаны неге жорырымызды білмедік. Антикоррупция бұл істі соңына дейін жеткізе алмады ма, ол жағы белгісіз. Белгілісі мынау ғана. 

Жалпы Масалимовтың қарамағындағылардан үздіксіз пара алатыны туралы ақпаратты антикоррупциялық қызмет алдын ала білген сияқты. Наурыз айында Меркі ауданындық ауруханасында қарапайым мейірбике болып істейтін Ж.Бабижанова дейтін азаматша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы  Жамбыл облысы бойынша департаментіне Е.Масалимовтың жемқорлыққа жол беріп жүргені жөнінде арыз жазады.  Таңқаларлық жағдай. Бұл азаматшаның аты-жөні қылмыстық істе мүлдем жоқ. Ол не жәбірленуші, не куәгер емес. Ендеше ол неге арыз жазады? Арыздан кейін департамент қызметкерлері Е.Масалимовтың басқан ізін аңдуға көшкен. Кабинетіне жазу құралдарын қойған. Оның әрбір сөзі таспаға басылған. Гәп міне қайда жатыр десеңізші?  Бір айдан астам уақытқа созылған осындай жасырын тергеу амалдары барысында Е.Масалимов заңға томпақ келетін мынандай әрекеттерге барған: Е.Масалимовтың бұйрығымен басқарманың бас акушері-гинекеологы Г.Жақсыбекова басшының орынбасары қызметін атқаруға ауыстырылады. Оның орнына маман іздеу басталады. Осы кездері Г.Жақсыбекова  облыстық диагностикалық орталық басшысының орынбасары қызметін атқарып жүрген  Сәуле Конкашева деген азаматшаның кандидатурасын ұсынған. Әрине, құр аяққа бата жүрмейтіні белгілі ғой. Басшының «әпетитін» жақсы білетін Г.Жақсыбекова 2 наурызда Е.Масалимовтың кабинетіне кіріп, оған конвертке салынған 50 мың теңгені тастап шығады. Масалимов ләм-мим деместен ақшаны қалтаға басқан ғой. Артынша С.Конкашеваны басқарманың бас аушері-гинекологы қызметіне тағайындау туралы бұйрық бұрқ ете қалады. Сотта Масалимовтың өзі ештеңені мойындамайды. «Г.Жақсыбекова жұмыс бабымен кабинетіме кіріп еді, кетер кезде  ұлының тойына шақыру қағазын берген, Сәуле деген әлдебір азаматшаның атын айтты, мен оны келіні шығар деп түсіндім» дейді міз бақпастан. Ал Г.Жақсыбекова  басқаша сөйлейді. Ол Сәуленің кандидатурасын өзі ұсынғанын, бірақ бұйрық шығарудың ұзап кеткенін алға тартады. Кейінірек әлдебір адамдар арқылы  басшының қиқаңдап жатқанын түсінеді, осыдан кейін пара беру керек деп шешіпті. Ал С.Конкашеваның өзі Жақсыбековаға ешқандай ақша бергенім жоқ дейді. Ал түсініп көріңіз. 

Биыл Тараздағы №6 қалалық емханаға 368,2 миллион теңге бөлінеді. Алайда бұл қаржы жеткіліксіз болғандықтан қосымша ақша қарастырудың қажеттілігі туындайды. Обалы не керек, бас дәрігер Д.Керімбаева ары-бері шапқылап,   басқармаға хатпен шығады. 24 ақпанда облыстық мәслихаттың шешімімен қосымша қаржы қаралады. Е.Масалимов осы қосымша қаржы-- 10 миллион теңгенің 1 пайызын дәметеді. Ол уысына түскенше тыным таппай, ындыны құрыған көрінеді. Бірде облыстық ауруханада өткен жиналыстан  кейін Масалимов Керімбаеваға қойын кітапшасын ашып, ондағы «10 млн. №6» деген жазуды көрсетеді де, дәл сол арада қаламсабымен «рахмет қайда?» деген жазуды жазады. Осыдан кейін амалы құрыған бас дәрігер бастығының кабинетіне 300 АҚШ долларын (теңгеге шаққанда 103 мың теңгені) апарып берген. Ақшаны алған бойда қырсықтығы ұстап жүрген Масалимов мәслихаттың шешімімен бөлінген қосымша қаржыны емханаға аудару жөніндегі бұйрығын өтіп кеткен датамен шығарған. Бірақ сотта Масалимов ештеңені мойындамайды, «мен бас дәрігерден ақша емес, қарапайым рахмет сұрадым» дейді мүләйімсіп.     

Бұдан бөлек басқарма басшысы 10 наурызда қаладағы №2 емхананың бас дәрігері Ж.Тойшыбековадан 100 мың теңге алады. 17 наурызда қалалық перинаталдық орталықтың бас дәрігері К.Сағынғалиевадан 150 мың теңге, 26 наруызда Ана мен бала оңалту орталығының бас дәрегері Г.Әзімқұловадан 15 мың теңге алады. Сотта Масалимов алған қаржыларды  ауырып жатқан әкесінің қажеттілігіне жұмсап жібергенін ашық айтады. Бір қызығы Е.Масалимов тергеу барысында өзіне тағылған айыптың бәрін мойындаған, сотқа келгенде жауаптарынан күрт айныған. Оның себебін тергеу барысында Ұлттық бюро қызметкерлерінің қамап қоямыз деп қорқытқанымен байланыстырады (айыпталушы тергеу барысында үйқамақта отырған).   

Тараз қалалық сотының үкімімен лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды және қорқытып пара алды деген айыппен Е.Масалимовтың  заңсыз жолмен табылған мүлкі тәркіленіп,  10 миллион 767 мың 50 теңге көлемінде айыппұл төлеуге сотталды. Е.Масалимов енді өмір бойы мемлекеттік қызметте істеу құқығынан да айырылды. Осыған шүкіршілік етейік. Кабинетіне кірген адамның алақанына қарайтын, ақшаға құныққан Масалимов енді атқарушы биліктің маңына да жоламайды. Бірақ әкімдікте, министрлікте Масалимов сияқтылардың әлі қаншасы жүр? Кабинеттен тыс алынып жатқан ақшаның  көлемі қанша? Бұл енді бір Аллаға ғана белгілі.  Жуырда қайта құрылып, өзінің бұрынғы атауына қайта оралған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорларды аулаудың қандай әдіс-тәсіліне жүгінер екен? Мұны уақыттың еншісіне қалдырдық?  

Жалпы Жамбыл облысының денсаулық саласында соңғы соңғы уақытта даулы тірліктер тым көбейіп кетті. Жаңадан салынған аурухана толық пайдалануға берілмей тұрып нысанды қабылдау актісіне көзжұмбайлықпен қол қоя салған құрылыс басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиевтің де үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол да қызметімен қош айтысқанына көп болған жоқ. Әрине бітпеген тірлікке қол қоя салудың арғы жағы айтпаса да түсінікті. Оның жасаған жағымсыз әрекетіне өкінгені ескеріліп қылмыстық іс тоқтатылған, енді қайта мемлкеттік қызметке келмейтіндей шешім шығарылған. Мұндайда не дейміз, іс бітті қу кетті деп жылы жауып қоя салудан басқа қолдан келер не қайран бар?  

Ғалымжан Елшібай, 

Жамбыл облысы 

Мұрағаттан, 2016 ж

Әкімдер популизмнен айналысып жүр
Шардара шатақ істен арылмай тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу