Әкімдер популизмнен айналысып жүр

Oinet.kz 13-07-2019 1009

Screenshot_17.jpg

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек базарда

Мәсімов тұсындағы Үкіметке кейбір сарапшылар  Үкіметке «бұл - конформистер мен популистердің кабинеті, олардың қолынан мазмұнды экономикалық бағытты қалыптастыру ісі келмейді» деген баға берген болатын. Жөн айтылған сөз. Қынжылтатыны сол, жаңадан жасақталған Үкіметтің құрамын негізінен сол баяғы популистер құрап отыр. Бірді-екілі жаңа фигура болмаса, қалғандары бұрынғы қызметінде қалды. Бұл әсіресе қаржы мен әлеуметтік  салаға қатысты мәселе.  Осыны ескерсек, су жаңа премьердің алғашқы мәлімдемелерінің бірі нақ осы популизмге қатысты болғаны қайран қалдырады.

Негізі, біздегі биліктің көп әрекеті қып-қызыл популизм екені әмбеге аян. «Халықтың жағдайы жақсаруда!», «Жемқорлықпен күрес жүріп жатыр!», «Қаржы тиімді түрде игерілді!», «Әкім – халықтың қызметшісі!»… бұл мәлімдемелердің барлығынан популизмнің иісі мүңкіп тұр емес пе?  Бірақ, бұған дейінгі айыптаулар жалпылама айтылып келсе, күні кеше Сағынтаев нақтылы лауазым иелерін көрсетіп берді.    

Сағынтаевтың сын садағына іліккен   Алматы,  Астана әкімдері  мен  Ақтөбе облысының басшысы   жуырда ғана базарға барып, азық-түліктің бағалары қандай екенін жеке қадағалауында ұстап отырғанын көрсеткісі келді.    Байбек, Исекешев пен Сапарбаев осылайша экономикалық дағдарыс кезінде инфляциямен батыл түрде күресіп жатқандарын білдіргісі келген болар. Әріптестерінен қалыспайын деп Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин де  базарға шықты.  Көп ұзамай оларға өзге өңірлердің әкімдері де ілесер ме еді,  бірақ Үкімет басшысы бұл популистік әрекетті сап тыйды. «Біздің кейбір әріпстестеріміз лауазымды қызметке тағайындалған соң жүйелі шараларды қабылдаудың орнына базарларға барып, бағаларды инспекциялап жатады. Дегенмен де олар базарға барған кездерінде тауарлар мен өнімдердің бағасын саудагерлердің лезде төмендетіп тастайтынын өте жақсы біледі. Олар кеткеннен кейін саудагерлер ескі бағаны қайта қояды. Бұл өз кезегінде популизмнен басқа ештеңе бермейді. Сондықтан нақты, қажетті, жүйелі шараларды жүзеге асырыңыздар», деп ескертті Сағынтаев. Бұл өзге өңір басшыларына сабақ болатын шығар деген үміттеміз. 

 Шынында да, әкімнің базарға келіп, сатушыларға шүйлігуі нені өзгертеді дейсіз? Бұл тексеруден гөрі спектальге ұқсайды. Әкім келерден бұрын саудагерлердің барлығын  әдемі де таза формаға киіндіріп, сапқа тік тұрғызады. Бағалар төмендетіліп көрсетіледі. Спектальдің ұзақтығы әрі кетсе бір сағат. Әкім кеткен соң барлығы бұрынғы қалпына түседі. Сонда бұдан не шықты? 

Оңтүстіктің әкімдері де популистік әрекетке баруға құмар. Әр қадамын жарнамалауға деген әуестіктің асқынғаны сонша, бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде әкімді насихаттайтын командалар да білек-сыбанып жұмыс істеуде. Облысты алты жылдай басқарған Асқар Мырзахметов те базарды жиі аралайтын. Былтыр теңге күрт құлдырағанда  жергілікті атқамінерлер  «біз күнделікті нарықтағы бағаға мониторинг жүргізіп отырамыз» деп   ақпарат құралдары арқылы жар салған еді. Бірақ, мониторинг жүргізу  - бағаны өсіруге жол бермеу емес екен, ол тек нарықтағы бағаның өсу беталысын біліп отырудың құралы болып шықты. Қысқасы, сол мониторингтен түк те пайда болған жоқ. 

Бұйыртса, келесі жылдан бастап Оңтүстікте әкімдердің базар аралауы мүлдем тоқтайтын шығар. Себебі, қала басшысы Ғабидолла Әбдірахимов жиындардың бірінде «2017 жылы қалада базар атаулысы болмайды» деп мәлімдеме жасады. Әйтеуір, бұл да популистік әңгіме болып шықпаса игі. Әзірше айтарымыз, Сағынтаев премьер болып тұрған тұста енді әкімдер базарға абайлап аяқ басатын шығар. «Популист әкім» деген атақ кімге керек дейсіз?!

Мұрағаттан, 2016 ж

Мұғалімдер, өз құқығыңызды қорғаудан неге қорқасыздар!?
Пара алудың тараздық тәсілі... Масалимов ештеңені мойындамаған жоқ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу