«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Мектептерде мұғалімдерге сағат жүктемелері қолданыстағы заңнамаға сай бөлінбейтіні жайлы жанайқай жылдан жылға өршіп барады. «Білім туралы» заңның 52-бабы 7-тармағында педагог қызметкерлердің аптасына нормативтік оқу жүктемесі 18 сағат болуы тиістігі анық көрсетілгенімен бұл талапқа пысқырып та қарамайтын жердегі «жарты құдай» директорлар жетіп артылады. Себебі түсінікті, 18 сағатты заңға сәйкес бір адамға жүктеген тиімді ме, әлде мұны екі-үш адамға бөліп беру арқылы жұмысқа жаңадан қызметкерлер қабылдаған қызықтырақ па? Ал мұғалімдік жұмысқа жаңадан адам алу көбіне тамыр-таныстық, бармақ басты, көз қысты сыбайластық арқылы жүзеге асатынына жұрт кәдімгі жазылмаған заңдылық ретінде көндіккелі қашаа-ан! Оңтүстіктің білімі саласындағы жемқорлық әрекеттер әшкереленуі жағынан көш бастап талай былық-шылықтың беті ашылып жатқанымен бәрібір тізгін тарту, келеңсіздіктің кемуі айтарлықтай байқалмайды.
– Білім беру мекемелерінің тиімді әрі нәтижелі жұмыс істеу көрсеткіштері төмендеп кетуі бекер емес. Ал мектеп басшылары тарапынан кадр қабылдауда сыбайластық әрекеттерге жол берілуде деген шағымның шындығын іздеу, зерттеу, зерделеу мақсатында таяу күндері арнайы рейд ұйымдастыру жоспарланып отыр. Заң талабын біле тұра бұрмалағандар жазаланады, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Қуандық Құлажанов.
Мектептерде сәбидің күтіміне байланысты берілетін жалақысы сақталмайтын демалыстан кейін жұмысқа шығу тәртібі де жиі бұзылады. Декреттік демалысына шығып алып жұмысынан айырылып қалып жатқандар қаншама!
– Бала күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын еңбек демалысына шыққан педагог қызметкерлерді білім беру мекемелерінің басшылары қайтадан жұмысқа шығуына әртүрлі себептермен кедергі келтіріп, Еңбек Кодексінің де 100-бабының 1, 3-тармақтары талаптарының бұзылу фактілері көптеп кездесуде деген ақпаратқа қатысты тексеру ұйымдастыру, анықталған кемшілікке қатаң шара қолдану да күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Сондықтан мектептердегі келеңсіздіктерді жойып, барлығын заң талаптарына сәйкестендіруді талап етіп жатырмыз. Бастапқыда ескертеміз. Егер орындалмаса, заң алдында жауапқа тартылады, – дейді Құлажанов.
Білім басқармасы басшысының өзі облыстағы мектептерде заңбұзушылықтарды болдырмау жолында бірлесе күресуге шақырып отырғанда, бұл ойын әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы ортаға салғанда мұғалімдер де өз құқықтарын қорғауға білек сыбанып кірісіп кетер деп ойлағанбыз. Әзірге ұстаздар қауымы тым-тырыс.Үнсіздік. Әлде құқықтары қорғалудың орнына қорланатынына әбден ауыздары күйген бе? Бәлкім олар Шымкент қалалық білім бөлімінің биыл ұйымдастырған тамыз кеңесіндегідей мұғалімдердің өзекті мәселесін өткір түрде жайып салатын Жанысбек Өтеген сияқты қоғам белсенділерін күтіп жүр ме? Сол кезде Ж.Өтеген ашып айтқан ащы ақиқат «қышыған жерлерін дәл қасығандықтан» қайта-қайта қаттырақ шапалақтаған ұстаздар қайда қалды? Шарт еткен шапалақтай шындықты бетке айт деп тұрған жоқ па, Құлажанов? Әлде... Бізге де өзінің құқығын сотта дәлелдеп шығатын алматылық Айман сияқты бір батыл педагог керек болып тұр ма?
Айман Сағидулланы жұрттың бәрі біледі. Ол оқушылардан ақша жинау, концерттерге билет сату, мұғалімдерді қоғамдық жұмыстарға жегу секілді мәселелерге қарсылық танытып, өз ойын аудан деңгейінде ғана емес, республика көлемінде жеткізе білген мұғалім. Соттан да қаймықпай өзіне тағылған айыптың жала екенін дәлелдеп шыққан ұстаз.
Мұғалімдердің бірнешеуімен хабарласқанымызда ойын бүкпесіз айтудан бас тартып бүгежектеп қалды. Олардан қайран болмаған соң облыстық еңбек инспекциясына хабарласқанбыз, мұғалімдердің 18 сағатын екі немесе одан да көп адамға бөліп беру фактілері тіркелді ме деп. Басқарма басшысы Бастар Есқараев ондай мәлімет бере алмады. Сосын облыс прокуратурасына сұрау салғанбыз. Ауызша, баспасөз қызметі арқылы. Облыста ешбір мұғалімнің құқығы бұзылмағандай. Тіркелмепті. Бірақ қос құзырлы орган да ондай құқықбұзушылықтар жоқ деп кесіп айта алмайды.
Өзінің айтуынша, «республикамыздың бір топ ұстаздарының өтініші бойынша» кеше ғана Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысының алдына кіріп, сүретке түсіп, онысын әлеуметтік желіде жариялап, мектепте заңсыздықтар болып жатса, айтыңыздар деп жүрген Өмір Шыныбекұлы да мұғалімдердің құқығы туралы пікір білдіргісі келмеді. Әйтпесе, оған шағымын жеткізуші әріптестері аз емес шығар. Алайда ол ұсынған белсенді мұғалімдер заңмен бекітілген 18 сағаттың 6, 7, 9, 12, 14 сағатқа бөлініп кеткенін растағанымен аты-жөнін көрсеткісі келмейді. «Қуғынға ұшырап кетпеймін бе?» дейді. Ал, «Демократияны дамыту институттары» қоғамдық бірлестігі үкіметтік емес ұйымының төрағасы Жарқынбек Сейтінбеттің айтары көп-ақ екен. Алайда, оған да шағымданып барушылар аты-жөнін айтпауды сұранады екен. Солардың біреуі декреттік демалысынан соң жұмысына қайта барса мектеп директорықырын қабақ танытқан. Сосын анасы зейнетақысынан 60 мың теңге беріп пәрелепті. Қалтасын қампайтқан директор әлгі келіншекке орыс сыныбын ұсынғанға ұқсайды. Оған Жарқынбек Сейтінбеттің өзі араласып, әлгі ұстаз қазақ сыныбындағы жұмысын жалғастыруға қол жеткізген.
Тағы бір мектепте ағылшын тілі пәніне бөлінген сағатты саудалап жатқанын жеткізді. Әрине, қай жердегі білім ұясы екенін нақтылаған жоқ. Десек те осы секілді толып жатқан заң бұзушылықтарды бәріміз де естіп-біліп жүрміз ғой. Мектеп директорларына қарсы емеспіз деп жазып беріп, 18 сағатты бөліп алған апайлар да бар. Бірақ, солардың барлығы да қорқады, өздерінің құқықтарын қорғаудан. Ал облыстық білім басқармасының басшысы мектептердегі заңсыздықтарды жою мақсатындағы тексерулер аяқталған соң оның қорытындысы міндетті түрде басппасөзде жарияланатын қадап айтты. Енді амал қайсы, соны күтеміз де. Әй бірақ, қызық көргендей Құлажановтың соңынан артынша-ақ Оңтүстікте Аймандар көбейіп кетпесе болғаны...
– Жемқорлық пен ұстаз бір-бірімен үйлеспейтін дүниелер. Онымен күресу қажет. Жемқорлықты көріп өскен бала ұлтымызға қауіпті тұлға болып өтеді. Ол сырттан келген жаудан да жаман, – деп еді ғой, облыс басшысы. Б.Атамқұлов бұл сөзді таяуда өткен облыстық мұғалімдердің тамыз кеңесінде ұстаздарға қаратып айтқан. Ендеше, не тұрыс?! Әкімнің әңгімесі-мынау, басқарма басшысының басмасы-анау.
Асыл ДОС
Мұрағаттан, 2016 ж