«Южандардың» күшейгені ме?

Oinet.kz 13-07-2019 1044

Screenshot_8.jpg

Сарапшылар алдын-ала болжағандай, премьерлік орынтақ Сағынтаевқа бұйырды. Жалпы, жаңа Үкіметтің құрамына қарай отырып, мына бір жайтқа еріксіз назарымыз ауады. Министрлік портфельге жаңадан ие болғандардың басым бөлігі – еліміздің Оңтүстік өңірінен шыққандар екен. Атап айтқанда, 6 министрдің туған өлкесі – Оңтүстік Қазақстан екен. Вице-премьер-Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың күні кешеге дейін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарғаны белгілі. Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев та шымкенттік. Оның әкесі, экс-мәжілісмен Уәлихан Бишімбаев ұзақ жылдар Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры болып істеген. Жаңадан құрылған дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің тізгінін қолға алған Нұрлан Ермекбаевтың та туған жері Оңтүстік Қазақстан облысы. Ресми ақпараттарға қарағанда оның әкесі Байзақ Ермекбаев ұзақ жылдары Шымкент педагогикалық институтының ректоры болып істеген.      Жаң әділет министрі Марат Бекетаев та Шымкент қаласының тумасы болып шықты. И.Тасмағамбетовтың орнын басқан,  жаңа Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында дүниеге келген.  Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова еңбек жолын өзінің туған жері Сарыағаш ауданынан бастаған. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін бір емес екі мәрте атқарған.  

 Ал Үкіметтің су жаңа жетекшісі Бақытжан Сағынтаев пен ауыс-түйістен кейін өзінің байырғы қызметіне қайта оралған Қайрат Қожамжаровтың біздің облыспен ауылы аралас, қойы қоралас Жамбыл облысының түлегі екендігі белгілі. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Шу қаласында туып-өскен. Үкіметтің жаңа құрамында бір топ алматылықтар тағы бар. Бұған өзге де жауапты лауазымдардағы «южандарды» қосыңыз. Мәселен, «Самрұқтағы» Шөкеев шымкенттік, Жоғарғы соттың төрағасы  Қайрат Мәми – Жамбыл облысынан,  Бас прокурор -  Қызылорданың  түлегі. Осыдан бірнеше жыл бұрын билік басында «Оңтүстіктік» кланының тым әлсіреп, биліктен шеттетілгені жайлы айтылып жүргенінде, күтпеген жерден жағдайдың өзгеріп шыға келгенін қараңызшы. 

 Бірақ, «южандардың» бөркін аспанға атып, қуануына әлі тым ерте. Себебі, саясаттанушылар бұл Үкіметтің ғұмыры тым қысқа болатынын алға тартады. Мұның сырын іздесек, әуелі Сағынтаевқа тоқталайық. Рас, бұл өте тәжірибелі де білікті шенеунік. Технократ. Қандай-да кланаралық тартысқа қатысып, «былғанбаған».  Кезінде аймақта жұмыс істеп, Үкіметте де тәжірибе жинақтады. Алайда, Сағынтаевта нағыз саясаткерге тән харизма жоқ. Әрине, «премьерлік креслоның буымен» біраз мінез көрсетіп, қарамағындағыларды сілкіп алатын мінез көрсетуі де мүмкін. Бірақ, жұрттың көзқарасындағы бұрыннан қалыптасқан стереотипті бұза алмас. Оның үстіне, Сағынтаев жаңаша бағыт ойлап таба алмас, бар болғаны алдыңғы премьерлер  салып кеткен ізбен жүре бермек. Яғни, премьердің ауысқаны елдің өмірінде тіптен білінбей кетуі мүмкін. 

Мұрағаттан, 2016 ж

Премьерді шопырмен шатастырмаңыз, Мәсімов мырза!
Мұғалімдер, өз құқығыңызды қорғаудан неге қорқасыздар!?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу