Премьерді шопырмен шатастырмаңыз, Мәсімов мырза!

Oinet.kz 13-07-2019 905

Screenshot_7.jpg

Экс-премьер Кәрім Мәсімов ен істеп, не бітіріп жатқанын әлеуметтік желі арқылы хабарлап отырғанды жақсы көретін. Ол тым твиттершіл еді. Бұл жолы да бұрынғы әдетіне салып, өзінің твиттер-парақшасында премьерлік қызметінің нәтижесін қорытындылап, елде жоқ статистиканы келтіріпті. Сөйтсек... Үкімет басшысы лауазымын 2975 күн атқарған екен. Осы уақыт ішінде Үкіметтің 392 отырысын өткізіп, шетелге 80, ел ішінде 113 рет іс-сапарға шығыпты.    Қоғам өкілдерімен 2 мыңға жуық кездесуге қатысып, 300 мыңнан астам шақырым жол жүріп өткен. Ұшақпен ұшқанын уақытына дейін өлшепті – 503 сағат. Ел ішінде 28 мыңдай шақырым жүріп өтіп, 40 қала мен елді мекенді, 158 кәсіпорынды аралап үлгеріпті. Мәсімовтың еңбегі осы екен. 

Мұның барлығын экс-премьер не оймен жазғанын  білмейміз. «Жұрт мақтасын» дей ме? Бірақ премьердің жұмысын шопырдың жұмысымен шатастыруға болмайды ғой. Премьер-министр  қызметінің нәтижелілігі метр немесе сағатпен емес, нақты жетістіктермен, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруымен өлшенетіні белгілі. Ал бұл тұрғыдан келсек Мәсімов пен оның командасы атқарған жұмысқа елдің де, сарапшылардың да берер бағасы мәз емес. 

Турасын айтқанда, дағдарыс кезінде Мәсімовтың командасы түк те істей алмады. Бірталай ірі реформаны жүзеге асыруға оқталған Мәсімовтің бастаған ісін соңына дейін жеткізбейтін «қасиеті» жайлы да  көп айтылды. Ал соңғы кездері  премьерлік қызметінде оның тіпті бар-жоғы да білінбеді. Теңгенің құлдырауы, жердің сатылуы мәселелері бойынша  жұрт улап-шулап жатқанда Мәсімов үнсіз отыра берді. 

Сарапшылар мына бір жайтқа назар аударады. Логика бойынша, премьердің қызметтен кететіні жайлы мәлімдеме 9 қыркүйек күнгі Үкіметтің отырысында жасалуы тиіс еді. Алайда, Мәсімовтың Үкімет жетекшісі қызметімен қоштасып, жаңа тағайындау алған күні – 8 қыркүйек екен. Мұндағы мақсат – Мәсімовтың сүреңсіз жұмысы үшін сыналып, талануына жол берместен, тезірек басқа креслоға отырғызу болған секілді. Оның үстіне, Үкіметті басқарған шенеунікке лайықты қызмет табудың өзі қиын ғой. Министрлік немесе кез-келген өңірге әкім болып тағайындау – төмендеуді білдіреді. Президент әкімшілігіне қайтып бару – ұят. Бұл ретте ҰҚК – ең дұрыс таңдау болып көрінеді. 

Мұрағаттан, 2016 ж

Сағынтаев уақытша премьер, ал Дариға мұрагер болуға дайындықты бастады ма?
«Южандардың» күшейгені ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу