Шардара шатақ істен арылмай тұр

Oinet.kz 13-07-2019 1093

Screenshot_7.jpg

Шардара ауданы  әкімінің   басына бөтелкемен ұрған даулы оқиғаның салдарынан  бір топ атқамінер өз арыздары бойынша қызметінен кеткелі жатқанын сенімді ақпарат көздеріне сүйеніп oinet.kz ақпараттық порталы хабарлады. Ақпараттық порталдың жазуынша,олардың қатарында Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Қамытбек Айтөреев пен Шардара аудандық мәслихатының хатшысы Бұлтбай Мүтәлиевтің де  мәселесі алдымен облыстық деңгейде, одан Астанада майшаммен қаралған.

Естеріңізге сала кетейік,  Шардарадағы шатақ іс 1  қыркүйекте—Білім  күнінде  орын алған. Осы күні аудандағы жаңадан салынған білім нысандарының салтанатты ашылуында сөз сөйлеп, лента қиған бір топ атқамінерлердің  Шардара су қоймасының жағалауындағы «Алтын жағалау» демалыс орнына барып, қуанышты жағдайды өздерінше атап өтуінің ақыры абыройсыз оқиғаға жалғасқаны жайлы  бұған дейін де ақпарат құралдарында айтылды. Соңы жергілікті кәсіпкер мен әкімнің өзара келіспеушілігіне, бөтелкемен басқа бір-ақ ұруға ұласқан даулы дастарханның  басындағы оқыс оқиғаға   кімдердің қаншалықты қатысы барын алдағы уақытта бұл қылмыстық істі қолға алған Бас прокуратура егжейлі-тегжейлі айта жатар, бірақ әлгі бірі  аудандық, енді бірі облыстық мәслихаттың хатшысы Қамытбек Айтөреев пен Бұлтбай Мүтәлиевтің сол күнгі  лента қиған салтанатты жиындарда арқан-жарқа жүргені ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде әбден жарнамаланды. Қамытбек Айтөреев мәсхатшылыққа дейін дәл осы ауданды басқарып, дәл осы өңірден сайлауға түсті.  Ал Мүтәлиев бірнеше жылдары бойы аудан әкімінің орынбасары болған азамат. Бұл екеуінің жұртқа жаға ұстатқан жағымсыз оқиғаға ешқандай байланысы болмаса мәселелері майшаммен қарала ма? Жөні бөлек бұл жанжалға кімнің қандай үлес қосқаны қаншалықты толыққанды ашылатынын тергеу амалдарының нәтижесі көрсете жатар. Әрине, ақшаның буымен болуы мүмкін, оған қоса арқа сүйер көке-жәкелерінің қолдап-қолпаштауларына тым қатты арқаланып кеткен болуы мүмкін, әйтеуір аудан әкімінің басына бөтелкемен ұрып елді дүрліктірген сұмдық оқиғаның басты кейіпкер болған кәсіпкер жазасыз қалмайтын шығар. Ол аудан әкімінің Президент әкімшілігінің келісімімен, жергілікті мәслихаттың қолдауымен, облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың ұсынуымен тағайындалған кадр, ең бастысы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың аудандағы тікелей өкілі болып саналатынын ет қызумен білмей қалуы мүмкін бе? Әй, қайдам?! Мемлекеттің сеніп жіберген өкілінің  басына бөтелкемен ұру мемлекеттік саясатттың басына бөтелкемен ұрумен бірдей болып шықпай ма? Бұған байланысты осы жолы айыптыларға  қатаң шаралар қолданылмаса ертең кімді не күтіп тұратынын ойлаудың өзі қорқынышты. Осынау елді дүрліктірген сойқанға қатысты қаншалықты кінәсінің бар-жоғына қарамастан таяқ жеген аудан әкімі  Арман Абдуллаев та қызметімен қош айтыспаса, ар-ожданға да, мемлекеттік қызметтің этикасына да сай келмейтіні даусыз. Қызметімен қош айтысатын болып арыз жазғандардың арасында Арман Абдуллаевтың да бар екенін естідік.  Әкім әуел баста шатақ істі көпшіліктен жасырғысы келген сияқты. Басынан жарақат алған әкім дәрігерлердің көмегіне де, құқық қорғау органдарына да араға бірнеше  күн салып барып жүгінгендігінде не сыр бары әзірге белгісіз. Оның өз құқығын қорғауына облыстық әкімдік түрткі болған сыңайлы. Арман Абудллаев Шардара ауданының әкімі қызметіне сайлау өте салысымен тағайындалған болатын. Бұған дейін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы қызметін атқарған. Басқармадан басқа жақта, яғни әкім болғанша аудандарда қызмет атқарып көрмеген тәжірибесіздігі де осы абыройсыз тірлікке ұрынуына белгілі бір деңгейде әсер еткен шығар. Демек мұны кадр таңдаудағы, тағайындаудағы қателікпен де байланыстырсақ артық болмас. Осылайша әкімнің басына тиген бөтелке біраз адамның тағдырын күл-талқан етіп кететін түрі бар.

Ал депкорпустың басшысы ретінде айы оңынан тумаған  Қамытбек Айтөреев мәсхатшылықтан айырылғанымен, депутаттық мандатын ешкімге бере қоймас. Енді оның орнын кім басады? Жұрттың бәріне белгілі жайтты жасырудың жөні жоқ, облыста мәслихат хатшылығына кандидаттарды іріктеудің бұрыннан қалыптасқан үрдісі бар. Облыс басшысы «ана ауылдан» болған соң, мәсхатшы сөз жоқ «мына ауылдан» ізделеді.  Бейресми ақпарат көздеріне қарағанда бұл лауазымды иеленуі ықтимал кандидат Қайрат Балабиев. Қайрат Балабиев мәслихат депутаттығына алғаш рет сайланған. Алғаш рет депутат атанды демесеңіз нағыз алпауыт. Уақтысында прокуратура, кеден органдарында лауазымдық қызметтерді атқарған. Қазір кәсіпкерлігімен, жұртқа қайырымдылық жасаумен де  аты шыққан азамат. Шымкенттегі оған қомақты кіріс көзін түсіретін әр саладағы нысандарын санасақ он саусақ та жетпес, сірә, басқасын айтпағанда   екі бірдей үлкен базары барын елдің бәрі біледі. Қайрат Балабиевтің кандидатурасы мәсхатшылыққа әу баста-ақ, жаңа депкорпус жасақталған кезде-ақ  қарастырылғаны туралы ақпарат алғанбыз. Бірақ ақырғы сәтте бұл орынтақ  Қамытбек Айтөреевке бұйрып кетті.  Міне, енді осы жоспарды жүзеге асырудың реті келіп тұр. Қ.Айтөреевті алмастыруы мүмкін тағы бір кандидат Созақ ауданынан сайланған депутат Талғат Баймаханов дейді білетіндер. Байқап қараңызшы, Баймаханов та тегін адам емес,  «ҚазТрансОйл» АҚ Шығыс филиалы Шымкент мұнай құбырлары басқармасының басшысы. 

Шынымен де бейресми ақпарат расталып Айтөреев қызметінен кетіп жатса, алдағы 30-қыркүйек күнге шақырылып қойылған облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында су жаңа хатшы сайланып та қалатын шығар. 

Ғалымжан Елшібай, 

Оңтүстік Қазақстан облысы 

2016 ж

Пара алудың тараздық тәсілі... Масалимов ештеңені мойындамаған жоқ
Ісі сотқа өткен Амангелді Сопбеков сессияға қатысты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу