Ісі сотқа өткен Амангелді Сопбеков сессияға қатысты
Жалпы жергілікті атқарушы билік пен мәслихат депутатына қатысты шатақ іс сайлау бітпей жатып-ақ нақ осы Шардарадан басталған болатын. Облыстық мәслихаттың мандатын бірнеше қайтара иеленіп жүрген Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің директоры Амангелді Сопбеков бұл жолғы сайлауда өзінің туған жері Сарыағаштан емес, Шардара ауданынан бақ сынаған еді. Қарсыласы оңай шағылар жаңғақ емес. Ол да бірнеше қайтара депутат атанған. Сондықтан қызықтың көкесі осы округте боларын ел алдын ала білген. Алайда қызық емес нағыз шыжықтың өзі шықты. Айтқанға көнбеген, айдауға жүрмеген Сопбековтың кандидатурасын билік сайлауға дейін-ақ қағып тастауға кіріскені сол, жағдай ешкім күтпеген арнаға күрт бұрылды. Оның округтік сайлау комиссиясы орналасқан ғимаратқа белгісіз сұйықтықты алып кіріп «сайлау әділ өтпесе өз-өзін өртеуден тайынбайтынын» айтқаны, осыншалықты өлермендікпен батывл қадамға барғаны талайды таңдандырды. Кандидаттың мұндай тосын әрекеті комиссия мүшелерін де тығырыққа тірегені түсінікті. Нәтижесінде А.Сопбековтың кандидатурасы сайлау науқанына аман-есен кірді. Қорытындыда ол қарсыласынан екі есеге жуық басым дауыс алып, жеңіске жеткен. Рас, өз-өзін өртеймін деп бопсалау оқиғасы құзырлы органдардың назарынан тыс қалған жоқ. А.Сопбековтың үстінен қылмыстық іс қозғалғанымен, сәуірде оның қысқартылғаны белгілі болған...
Алайда арада екі ай өткенде құзырлы органдар Амангелді Сопбековты мүлдем басқа айыппен құрыққа түсірді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының таратқан ресми мәліметіне жүгінсек, Амангелді Сопбеков облыстық білім басқармасының лауазымды қызметкеріне қосымша мемлекеттік грант бөлдіру үшін қарамағындағы қызметкері арқылы 3 миллион теңге пара берген. Содан бергі екі айда күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды дегеннен басқа ешқандай мәлімет болмаған еді. Екі айдан кейін, яғни өткен аптада облыс басшысы Бейбіт Атамқұловтың есебі тыңдалған сессияға А.Сопбеков те келіп қатысты. Мұны қалай түсінуге болады?
Соңғы мәліметтерге қарағанда Амангелді Сопбековтың қылмыстық ісі 23 қыркүйекте Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотына келіп түскен. Шамасы сот алдында оның бас шарасы өзгертіліп, мәслихат сессиясына келіп қатысуына рұқсат етілген болуы мүмкін. Сот А.Сопбековке қандай үкім шығаратынын алдын ала айту қиын. Бірақ...Сот А.Сопбековтың депутаттық мандатының да тағдырын шешіп беруі мүмкін. Өйткені «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңда қылмыс не қасақана қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін депутатқа қатысты соттың айыптау үкiмi заңды күшiне енсе, онда оның депутаттық өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылатыны жазылған. Керісінше тағылған айып дәлелденбей қалмасына кім кепіл?
Айтқандай, облыс әкімі есеп берген мәслихат сессиясының соңғы отырысына көптен бері көрінбей кеткен депутат Абай Көмекбаев та қатысты. Кейбір ақпарат құралдары оны «қаржылық қитұрқылыққа байланысты шетелге бас сауғалап кетіпті» деп еді. Сол қауесет сөз сияқты.
Мұрағаттан, 2016 ж