Монополистер халықты басынуын қояр емес. Жақып Бөкенбаев кімнің жағында?
Соңғы жеті жылда Оңтүстік Қазақстан облысында жылу – 26,6, электр қуаты – 30,9, табиғи газ – 80, ал ауызсу 100 пайызға қымбаттаған. Өзге облыстармен салыстырғанда Оңтүстік Қазақстан электр энергия тарифінің қымбаттығы жағынан 7-інші орын алады. Жылудан 9-ыншы, ауызсудан- 5-інші орында, ал табиғи газдың қымбаттығы жөнінен көшбасында тұр. Мұндай мәліметті өткен жұмада өткен облыстық мәслихаттың сессиясында облыс әкімінің орынбасары Жақып Бөкенбаев айтты. Әрине, қуантарлық жаңалық емес. Қымбатшылық онсыз да қос өкпеден қысып тұрған заманда монополистер осыған да шүкіршілік етсе жақсы. Үкімет алдағы жылдардан бастап тарифтің мемлекет тарапынан реттелмейтінін айтып жатыр. Бағаны ауыздықтап отырғандағы тірлік осы, егер ертең баға реттелмесе, коммуналдық саладан көл-көсір пайда тауып отырғандардың тәбетінің қандай болары бір Аллаға ғана аян шығар.
Иесі жоқ жарық
Облыстың коммуналдық саласына бақылау жасап отырған Жақып Бөкенбаев келтірген мәліметтерге тоқталайық. Оның айтуынша, соңғы жылдары бұл салаға қаржы миллиондап емес, миллиардттап бөлінген. Атап айтсақ, 2008-2016 жылдар аралығында республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 50,4 миллиард теңгеге табиғи газ саласында 180 нысанның құрылысы аяқталған. Нәтижесінде 293 елді мекенге газ құбырлары тартылып, іске қосылып, облыс тұрғындарының 1,7 миллионы табиғи отынды тұтынуға қол жеткізген. Бұдан сегіз жыл бұрын 90 елді мекеннің адамдары ғана көгілдір отынның қызығын көрсе, енді бес жылда тағы 386 елді мекен газдандырылып, Оңтүстік халқының 93 пайызы газбен қамтылмақшы. Ал, ауыз су саласында 89 миллиард теңге жұмсалып, 292 нысанның құрылысы жүргізілген. 604 елді мекен таза сумен қамтылған. Бұл дегеніңіз 2,4 миллион адам. 2021 жылға дейін тағы 80 елді мекенді ауызсумен қамту жоспарланған. Электр қуатын жеткізіп беруде 2082 шақырымға желілер тарылып, 866 трансформатор орнатылған. Оған жаратылған бюджет қаржысы 11,3 миллиард теңгені құрайды. Осындай құрғақ цифрларды тізіп шыққан Жақып Бөкенбаев бұдан арыға барған жоқ. Неге? Дәл осы жиында жұрт Жақып Бөкенбаевтан пәтуалы сөз күткен еді. Алайда ол тариф неге қымбат деген сауал төңірегінде бір ауыз сөз қозғамады. Жақып Бөкенбаев кезінде облысты жарықпен қамтамасыз еткен «Түркістанэнерго», Шымкенттегі «Энергоорталық 3» кәсіпорындарының басшысы болған. Инвестиция және даму министрлігіне қарасты электр энергиясымен қамтамасыз ету институтына жетекшілік жасағаны тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, облыстағы коммуналдық саланы бес саусағындай білетін маман. Кезінде жоғарыда аталған кәсіпорындардың ту-талақайға түсіп, қалай жекешеленгенін, қазір онда кімдердің үлесі барын, жыл сайын жөндеу жұмыстарына деп монополис компанияларға қанша қаржының бюджеттен берілетінін, пайдасының мөлшеріне дейін одан артық білетін адам жоқ шығар, сірә.
Есесіне қосымша баяндамаға шыққан депутат Әділхан Исабаев елдің көкейіндегі біраз мәселенің шетін қайырды.
– Тарифтердің жылда көтерілуі қарапайым тұтынушыларға, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп жатыр. Коммуналдық қызметтер көрсететін компаниялардың жылма жыл тарифтерді жергілікті басшылардың келісімінсіз өсіруі облысқа кері әсерін тигізуде. Кәсіпкерлер түрлі бағдарламалар бойынша мемлекеттен алған жәрдемақыларын, субсидияларын қымбаттаған коммуналдық қызметтерге жұмсауға мәжбүр. Нәтижесінде олар шығарған өнімдер бағасы жоғары болып, бәсекелестікте қауқарсыз болуда. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен тиісті мекемелердің мәліметтеріне қарасақ, 2009 жылдан бері ауызсу тарифі 286 пайызға, электр энергиясы 89 пайызға өскен. Егер бәрі дұрыс жүргізіліп, дұрыс бақыланса, коммуналдық қызметтер мұншалықты қымбат болмас еді, – деді Ә.Исабаев.
Депутат Исабаевтың айтуынша «Оңтүстік Жарық» компаниясындағы болсын, осы саладағы басқа да жауапты азаматтардың жұмыстары төменгі деңгейде. Энергетика және тұрғын үй шаруашылығы коммуналдық басқармасы депутаттық сауалға электр энергиясын тиімді және үнемді жұмсау үшін Кентау «Жылуэлектрстанциясының» қуатын ұлғайту, Шардара су электрстанциясының қуатын ұлғайту туралы жауап қатқан. Алайда бұлардың ешқайсысының үнемділікке ешқандай да қатысы жоқ екен. Бәйдібек, Мақтарал, Қазығұрт, Төле би аудандарында, Шымкент қаласында 2013 жылдары энергоүнемдеуіш шамдар қойылған делінген. Бірақ қанша энергия үнемдегені туралы бүгінге дейін ешбір дерек жоқ. Арнайы сараптаманың нәтижесінде белгілі болғандай, облыста мектептер мен балабақшаларды қоспағанда, 544 бюджеттік мекеме бір жылда 2 миллиард 200 миллион теңгенің электр энергиясын тұтынады. Егер тиімді пайдалану шынымен жүзеге асатын болса, электр энергиясы 20-25 пайызға үнемделіп, жылына жұмсалатын жалпы шығынды 800 миллионнан бір миллиардқа дейін азайтуға болады деп ойлайды депутат. Коммуналдық қызметтің қымбаттығынан бөлек бұл салада жүйесіздік, дәлірегі иесіздік көп. Шымкенттің төңірегіндегі көптеген электр желілері ешқандай мекеменің балансында жоқ. Қалай болса солай, әркім тапқан-таянғанымен тұрғызған электр желілері мен бағаналары адам өмірі үшін қауіпті. Ең бастысы, халықтан алдын ала 60 мың теңгеден ақша жинап алған трансформаторлардың қызығын жекелеген азаматтар көріп жатыр. Осы Шымкенттің өзінде жарық мемлекет бекіткен бағадан екі есе, тіпті 30-50 теңгеден төлейтін елді мекендердің барын былай қойғанда әлі мүлдем жарық тартылмаған көшелер кездеседі. Мұны реттеуге не антимонополияның, не әкімдіктің шамасы жетпейді. «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясының екі жыл бұрынғы мәліметіне сүйенсек, облыста иесі белгісіз қосалқы станциялардың саны – 426, ал тұрғындардың өздері ағаш тіреулер орнатып алып тартқан электр желілерінің жалпы ұзындығы 1059 шақырымнан асып кеткен. Биыл аталған қосалқы қондырғылар 458-ге, тұрғындардың өз күштерімен жүргізілген сымдар 1125 шақырымға бір-ақ жеткен.
...Жақып Бөкенбаев айтуы тиіс ақиқаттың бірсыпырасы міне, осы еді.
Мұрағаттан, 2016 ж