«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев қыркүйектің 24-і күні әлеуметтік желідегі парақшасына былай деп жазды: «Қымбатты достар! Әсіресе журналистердің, байланыс және ақпарат қызметкерлерінің, азаматтық сектор өкілдерінің назарына!
Бүгін біздің министрлік «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталына «Ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасына қатысты Тұжырымдаманы орналастырды.
Бұл құжат бізге қарасты салада елеулі өзгерістер жасауға бағытталған және кәсіби топтардың кең ауқымы мен жалпы жұртшылықтың мүдделерін қамтиды.
Мен мұндай нормалар азаматтық талқылау арқылы ғана қабылдануы тиістігіне нық сенімдімін.
Тұжырымдама жарияланған бөлімде өз ескертулеріңізді, ұсыныстарыңыз бен талап-тілектеріңізді қалдыруға болатын арнайы функция бар. Оның барлығын министрлік жанындағы заң шығармашылық жөніндегі жұмыс тобы қарастыратын болады».
Министрлік заң жобасын дайындап ұсынды. Оны парламентте таныстырды. Сөз жоқ, Абаев айтпақшы, тұжырымдамада «елеулі өзгерістер жасауға» талпыныс пен «кәсіби топтардың кең ауқымы мен жалпы жұртшылықтың мүддесін қамтитын» тармақтар бар. Мәселен, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 19-бабын қайта қарауды ұсынбақ. Яғни, дауды сотқа дейін шешуге басымдық бергісі келеді. Дұрыс па? Дұрыс.
Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің құқығын қорғауды мықтап қолға алмақ. Әлеуметтік желіде балаларға қарсы зорлық-зомбылықтың насихаты күшейген заман болды. Осыны шектеу қажет пе? Әрине, қажет.
«БАҚ-қа қатысты әкімшілік жазаның көлемі мен формасын өзгертеміз» дейді. Әрнені сылтау етіп тиражды тәркілеп, тәуелсіз басылымның жұмысын үш айға тоқтатқысы келетіндер аз емес. Ендеше, БАҚ-қа қатысты жауапкершілікті қайта қарау керек пе? Керек болғанда қандай!
Алайда осы тәп-тәуір, жаңашыл өзгертулердің арасында сұмпайы толықтыру еніп кетіпті.
Тұжырымдаманың 6-тармағы «Журналистік қызметті регламенттеу» деп сыпайы аталады. Журналистің қызметін «регламенттей» келе, соңғы абзацында былай депті: «...Бұдан бөлек, журналистердің шынайы ақпаратқа жүгініп, ақпаратты тексеруі міндеттеледі. Тұлғаның жеке өмірі мен жеке басына қатысты ақпаратты алу үшін, журналист міндетті түрде тұлғадан жазбаша рұқсат алуы тиіс».
«Журналистің шынайы ақпаратқа жүгінуі» туралы сөз етпей-ақ қояйық. Ол онсыз да солай. Енді қараңыз, әлдебір тәуелсіз басылымның тілішісі ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов туралы немесе ЕХРО-2017 Ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов жайлы сын мақала жазғысы келді делік. Аты аталған шенділер тәуелсіз басылымның тілшісіне жазбаша түрде (!) рұқсат бере ме? Ешқашан бермейді. Бермейтін себебі – тәуелсіз басылым тек мадақ айтатын үкіметтік БАҚ емес.
Айталық, тәуелсіз газеттің тілшісі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси портретін жасағысы келді. «Тұңғыш президент туралы тәуелсіз БАҚ-қа жазуға болмайды» деген заң жоқ. Олай болса, тілші президенттен жазбаша рұқсатты қалай алады? Жеке өзінен бе? Әлде президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбековтен бе?
Дәл осы толықтыруды министр Дәурен Абаевтың өзі ұсынып отырғанына күмәніміз бар. Абаев өлетін жерін білмейтін жігітке ұқсамайды. Өзі айтпақшы, «президенттен көп нәрсе үйренгеніне» сенуге әбден болады. «Мистер патамуштаның» кім кебін кигісі келеді дейсіз. Ендеше, неге мұны тықпалады?
Биліктің тепкішектерінде «тұмсығын жаныған қырғилар» да, «гуілдеген көгершіндер» де отыр. «Қырғи» деп кімдері айтамыз? Олар – Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері биліктің тұтқасын ұстаған жондылар. Ал енді «көгершіндердің» кімдер екені белгілі: билікке енді араласа бастаған жастар.
Міне, журналистердің жазбаша рұқсат алғаны ең алдымен осы «қырғиларға» тиімді. Олардың бәрінің «айтқызбасы» бар. Әзірге, жас министр Д.Абаевта «топқа жалғыз шабатындай» қауқар жоқ. Сол себепті де әлеуметтік желі арқылы азаматтық қоғамнан араша сұрағандай болды. Уақыт та қос бүйірден қысып барады. Заң жобасын қоғамдық талқылаудан өткізу мерзімі қазанның 10-ына дейін ғана. Ендеше, дәл осы мәселе Қазақстандағы азаматтық қоғамның не өлі, не тірі екенін анықтап бермек. Бұл мәселе тірі азаматтық қоғамның талқылауына түссе, ешқашан қабылданбайды. Ал енді биліктегі «қырғилар» жасақтаған «өлі» топтың қарауына түссе...
Тәуелсіз журналистика жар басында тұр. Әсірелегеніміз емес, анығы сол. Егер тұжырымдаманың осы тармағы қабылданып кетсе –тәуелсіз журналистиканың соры қайнағаны. «Тұлғадан» жазбаша рұқсат алмаған «тентектердің» сот пен отқа қалай түскенін сонда көреміз.
Ерік Рахым, журналист.
2016 ж