Әкімді ел ішінен емес елшіліктен іздеу кадрлық кризис пе?

Oinet.kz 13-07-2019 1383

Screenshot_2.jpg

Өткен жұмада Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі ауысты.  Өңірді бұған дейін басқарған Бейбіт Атамқұлов «ғарышқа ұшып кетті». Ойламаған жерден, елдің ойына кіріп те шықпаған, дәлірегі дәл  сол тұста президент жарлығымен құрылған   су жаңа Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басшылығына тағайындалды. Оның орнына оңтүстікке Түймебаев әкім болды деген ақпарат көпшілікті оншалықты таңырқата қойған жоқ. Өйткені Жансейіт Қансейітұлы көпшіліктің аузында Оңтүстікті басқаруы мүмкін деген үміткерлердің көш басында жүретін.           

«Әкімді елдің  ішінен емес елшілердің арасынан ізде». Оңтүстік Қазақстан облысының  саяси аренасындағы соңғы жылдардың тенденциясы осындай.   Мырзахметов - Өзбекстанда,  Атамқұлов – Малайзияда елші болып  келіп еді, енді міне Түркиядан Түймебаевты алдырдық. Жансейіт Қансейітұлының 90-шы жылдарда Стамбулдағы Бас консулдықты басқарғаны және бар. Бір кездері Қазақстанның Ресейдегі елшісі болды. Анкара мен Мәскеу – біздің ең  басты стратегиялық әріптестеріміз екенін ескерсек, Ақорда Түймебаевты әжептеуір деңгейде бағалайтыны әрі сенім артатыны көрініп тұр. Әрине, Анкара мен Мәскеуді  кедеймін деген қазақтың үйінде екі өзбегі жалданып жүретін Өзбекстанмен  немесе Қазақстан үшін дұрыс-бұрыс қарым-қатынасы басты рөл  ойнамайтын Малайзиямен салыстыруға келмейді. 

Жалпы, елшіліктен бірден әкімдікке ауысу логикаға келіңкіремейтіні рас. Елші қайда, әкім қайда?  Бірі дипломат, екіншісі шаруаның адамы болуға тиіс. Дегенмен жаңа әкімді Оңтүстік халқы әрі дипломат, әрі шаруақор басшы деп бағалауын  ұзағынан сүйіндірсін, әрі үміт ақталсын деп тілейік. Ел Жансейіт Түймебаевты көбінесе білім саласын  басқарған министр ретінде таниды. 2007-2010 жылдар аралығында Білім және ғылым министрі қызметін атқарған ол бір кездері реформалар мен ҰБТ-ға қатысты даулы мәселелер бойынша сыналған болатын.  Әйткенмен, арада қанша жыл өтіп, талай министр ауысса да  ҰБТ төңірегіндегі айқай-шу басылар емес. Себебі, қалай басқарсаң да Білім және ғылым министрлігі - уы мен шуы басылмайтын,  дау-дамайдан бас көтермейтін сала. Бұл ретте - Жансейіт Түймебаев басқару ісінде әжептәуір тәжірибесі бар, еңбекқор әрі талапшыл басшы. Батыл шешім қабылдап, жауапкершілікті өз мойнына ала білетін азамат. 

Оған қоса Түймебаев президент әкімшілігінде де біраз жылдар тер төккен. Президенттің кеңесшісі-протокол қызметінің басшысы лауазымын атқарған. Яғни, Ақорданың ішкі жай-күйін жақсы біледі, Президентпен етене жақын араласып жұмыс істеген азамат.  Президентпен жақын қарым-қатынасы бар адамның атағынан ат үркетін адамдардан оңайлықпен жасқанбай жапырып жұмыс істей алатынын бұған дейін Өмірзақ Шөкеевтің аяқ алысынан байқағанбыз. Оңтүстікті бар-жоғы 11 ай басқарып оң өзгерістерді опыр-топыр енгізген Өмірзақ Естайұлының батыл қадамдары болашақта Түймебаевтың да бойыннан табылып жатса абыройы артпаса кеми қоймас. Бәйдібек ауданында туылған Түймебаевтың тағы бір жерлесі Асқар Мырзахметовтің осы облысты аттай алты жыл басқарып Астанаға өсіп кеткені белгілі.  Ал 1958 жылы туған, биыл жасы 58-ге толып отырған Жансейіт Қансейітұлы болса, енді бірер жылда пайғамбар жасына келеді. Мұны неге айтып отырмыз? Жансейіт Түймебаев тірлікті көзге түсіп қалуы үшін істейтін жастағы шенеунік емес. Әкімдік қызметті баспалдақ ретінде пайдаланатын азамат деуге де келмейді. Сондықтан жаңа әкімде  президенттің сенімін, кіндік қаны тамған туған жерінде елдің үмітін ақтау үшін аянбай тер төгуден басқа таңдау жоқ.  Әдетте  жұрт Оңтүстікке тағайындалар әкімнің  осы Оңтүстіктен шыққан түлектерден болғанын қалайды. Өйткені Оңтүстіктің тумасы ғана менталитеті ерекшелеу, моралдық ахуалы ауырлау Оңтүстіктің жағдайын жақсы біледі. 

Оңтүстік – еліміздегі ең қиын да күрделі өңірлердің бірі. 3 миллиондай халқы бар аймақтың тыныс-тіршілігі қазандай қайнап жатады. Яғни, қай жағынан алғанда да  мықты басшыны қажет ететін облыс. Басқа-басқа, дәл осы облысты басқару кімге де болсын оңайға соқпайды. Біздіңше, әкім қызметіне  елшілікте жұмыс істегендерді әкелудің ұтымды тұстары да баршылық. Шетелде біраз жыл жұмыс істеп, өмір сүрген адам өз елінің де жоғары деңгейде  дамуын қалап, сыртта көріп-білгенін іске асыруға ұмтылары хақ.  Бұл тұрғыдан алғанда Малайзия да, Түркия да біз үшін дамудың тамаша үлгісі  бола алады.  Қос  мемлекет те соңғы жылдарда дамудың жоғары деңгейінен көріне білді. Әсіресе  тұралаған экономиканы жандандырудағы Түркияның сәтті қадамдары  қызықтырады. Сол елдің  әлеуметтік-экономикалық өрлеудегі тәжірибесін, әсіресе ұлттық иделогиясын ерекше ұлықтауын  бізге енгізе алсақ қанеки. 

Түймебаев – кәнігі дипломат. Түркиядағы елшілік қызметінде тура алты жыл жұмыс істепті. Осы уақыт ішінде түрік елін түгел аралап шыққан. Барлық дерлік губернаторларын таниды. Енді өзі де губернатор - әкім болды.    Сондықтан, жаңа әкім шетелдік байланыстарын пайдалана отырып экономиканы түлетудің тың жолын ұсынетын шығар. Елімізде түрік бизнесінің позициялары онсыз да күшті. Әйткенмен, қос елдің бизнес әлеуетін әлі де кеңейтуге толық мүмкіндік бар. 

Түймебаев  сонымен қатар белгілі филолог әрі түркітанушы. Қазақ ұлттық университетінде 13 жыл сабақ берген ол отызға жуық еңбектің авторы. Бұл кітаптардың басым бөлігі филология мен түркі әлемін зерттеуге арналған. Осыдан шығатын қорытынды – ол ұлтжанды, түркі әлемінің бірлігін аңсайтын азамат.Ең бастысы,  Жансейіт Қансейітұлы қазақы ортадан шыққан, қарапайым ауыл баласы. 

Жансейіт Түймебаев көп балалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Қансейіт пен анасы Ұлмекен 13 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. 13 ұл-қыз дегеніңіз, етегінен бала саулаған, Батыр аналары көп Шаян өңірі үшін таңқаларлық дүние емес. Әкесі Қансейіт марқұм  уақтысында Бәйдібек, Созақ аудандарында басшылық жұмыстарды атқарған. Отбасыда ұлдың үлкені Байсейіт Түймебаев да лауазымды  қызметтердің құлағын ұстады. Бәйдібек ауданының әкімі болған, өмірінің соңғы жылдарында  антимонополиялық қызметтің Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстық департаменттеріне жетекшілік жасаған. Айтқандай, қазіргі уақытта Жансейіт Түймебаевтың туған інісі Имангелді Түймебаев Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет етеді. 

Оңтүстік Қазақстан облысының оныншы әкімі қызметіне кіріскен Түймебаев алғашқы қадамын ақын Мұхтар Шахановпен бірге Шәмші аллеясындағы қазақ вальсі корольінің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастады. Дәл орынтаққа отырған күні Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын дәріптейтін VII ретро-фестивалдің аяқталуына тұспа-тұс келді. Фестивалге  арнайы келген ақындар Мұхтар Шаханов пен Исраил Сапарбаевқа, әнші Нұрғали Нүсіпжановқа оқалы шапанды көмекшілерінің жәрдеміне жүгінбестен, қарапайымдылықпен өз қолымен кигізіп, қазақ вальсі корольінің жесіріне сый-сияпат жасады. «Менің Қазақстаным» Халықаралық ән байқауының жеңімпаздарын салтанатты түрде   марапаттап, бас жүлдегер қызылордалық Назым Сағынтайға 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Әкім сөз сөйлеуге келгенде шешен, қамшы салдырмайтын жүйрік екенідігін елге осы алғашқы күнгі концертте-ақ аңғартты. Іске де осындай шебер болса екен десті ел. Ал сенбіде әкім бельгиялық инвесторларды қабылдап, өңірде онкологиялық орталық салу, Шымкент әуежайын қайта жаңғырту, Сарыағаш пен Мақтаарал аудандарының арасындағы жол мәселесін талқылады. 

Енді Атамқұлов туралы қысқаша айтсақ. Бейбіт Бәкірұлы 1 жыл 2 айда  креслосын босатты.   Мұншама қысқа мерзімде көзге көрінерліктей жұмыс атқару қиын. Алдымен Атамқұлов сырт көзге  қарапайым,  елмен тығыз араласуға құштар  азамат болып көрінді. Қаралы жиындарда жасандылық танытпай даусы дірілдеп жанары жасқа шыланып сөйлеуі арқылы жүрегінің жұмсақтығына, нәзіктігіне жұрт шүбәсіз сенді. Елдің арыз-шағымына, мұң-мұқтажына келгенде ол үшін ұсақ-түйек нәрсе болған жоқ. Тұрғындардың ауыз су, газ, жол мәселелеріне қатысты талап-тілегін мейлінше шешуге ұмтылды. «Ашық әкімдік» жобасын енді қолға алғанда қызметімен қош айтысқанын қарасаңызшы.  Атамқұловтың тұсында Оңтүстік инвестиция тарту бойынша көшбасшы облысқа айналды. Әкімдердің жұмысы инвестиция тартумен бағаланады. Шымкентте «Ontustik Invest – 2016» халықаралық инвестициялық форумын ұйымдастырды. 20 елден келген 600-ден астам бизнес өкілі қатысқан форумда жалпы құны 2,5 миллиард долларды құрайтын 40-қа жуық меморандумға қол қойылды. Кейбір ақпарат құралдары Атамқұлов өткізген осы бір ғана форумның өзін атан түйеге жүк болар тірлікке балап жатты. Дегенмен...

Бір келіп, бірі кетіп жатқан әкімдердің бір-бірінің жасаған тірлігін жалғастырып әкетпейтін әдеті бар. Гректермен бірігіп кірпіш зауытын, венгерлермен күн сәулесінен электр қуатын өндіретін станса саламын, бұдан бөлек қант зауытын, ет өңдейтін кәсіпорындарды іске қосамыз деген Атамқұловтың әйдік жобаларын енді жаңа әкімінің командасы жалғастыра ма?   Әлде әкім ауысты, тірлік бітті бола ма?   

Ғалымжан Елшібай,

Оңтүстік Қазақстан облысы, 

Мұрағаттан, 2016 ж

Жар басындағы журналистика
Оңтүстіктің оныншы әкімі... Биліктің шахмат тақтасында қандай жүрістер жасауы мүмкін?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу