Мәсімовті әулие аралауға не мәжбүрледі?
Премьер-министр Кәрім Мәсімовтың жүріс-тұрысында соңғы кездері бір бөтендік бар. Ақордадан аттап шықпайтын Мәсімов жаз бойы облыстарды аралап жүр. Барған жерінде рухани, мәдени мәселені көтереді. Мұражайларды аралайды. Ресейге барған сапарында әріптесінен Кейкі батыр мен Кенесарының басын сұратты. Шығыс Қазақстанға жасаған сапарында Абай мұражайына арнайы бас сұқты. Алматы қаласына барған кезінде Ахмет Байтұросынұлының мұражайына кіріп, Алаш арысының кітаптарын жарыққа шығаруға уәде етті. Ел аралағыш Мәсімов енді әулие жағалауға көшкен сияқты.
Кәрім Мәсімов осы аптада Оңтүстік Қазақстан облысына ресми іссапармен келді. Үкімет жетекшісі Шымкентте біраз аялдап, бұдан кейін Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесіне тартты. Одан әрі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне бас сұқты. Журналистерді ғимараттың бір бөлмесіне қамап қойып, өзі қасындағы атқамінерлерімен әруақтарға құран бағыштап шықты (Премьер осы ресми емес шараны елден жасырмай-ақ істесе не болар еді дейсің). Кесененің қазандық бөлмесінде тұрып жергілікті ақсақалдармен тілдесті. Қариялар Үкімет жетекшісіне табиғи газ, тұрғын үйге қатысты біраз сауалдарды қойды. Бір-екі ауыз қазақша сөз сөйлеген Мәсімовтың одан арғы жауабын өзімен еріп келген министрлер жалғап кетті. Ақсақалдардың ақ тілегін естіп, батасын алған Мәсімов осыдан кейін Халықаралық қазақ-түрік университетінде зиялы қауым өкілдерімен кездесуге кетті... Мұның бәрін неге тізіп отырмыз?
Жалпы Мәсімовтың осы жолғы Түркістанға жасаған сапары өзгешелеу болды. Президенттің сапарын елестетеді. Үкімет басшыларының өңірлерге жасаған сапары бұлай болмайтын. Президенттік сценарий. Мұны бір деңіз. Екіншіден, Мәсімов туризмді сылтау етіп, әулие-әмбиелердің басына зиярат ету үшін келгендей көрінді. Кейінгі кездері отставкіге кетеді деген Мәсімов қолдауды тылсым күштерден сұрап жүрген сияқты. Әйтеуір, бір құпияның бары анық. Мәсімовті бүйтіп әулие аралауға не мәжбүрледі деген ой оңтүстіктегі көпшіліктің көкейіндегі басты сауал болды.
Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған іссапарын Әулиеата жерінде жалғастырған Мәсімов көне Тараз қақпасына кірер тұстағы Айша бибі кесенесіне тәу етуге барды. Қарахан баба кенесіне де арнайы бас сұғып шықты. Осыдан кейін «Көне Тараз» мәдени-тарихи кешенінде – ашық аспан астында облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Осылайша Түркістандағы сценарий тағы да қайталанды.
Осы кездесуде археология тақырыбы ерекше талқыланды. Премьер-министр Мәдениет және спорт министрлігіне тарихи орындарды зерттеу бойынша археологиялық және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар, Қаржы министрлігімен бірігіп, 2017-2019 жылдары «Көне Тараз» мұражайын дамыту үшін қаржы бөлу туралы ұсыныс дайындауды және республикалық бюджет комиссиясына ұсынуды тапсырды.
Ал, Жамбыл өңіріндегі жастармен кездесу барысында өте өзекті мәселелер көтерілді. Жастар ісі жөнінде ведомствоаралық комиссия құру керек деген ұсынысты премьер жылы қабылдады.
-Мұндай комиссияны құру қажет. Оған өзім жетекшілік етемін, – деп жауап берді. «Көңілді тапқырлар клубына неге келмейсіз?» деген сауалды да премьер ұсыныс ретінде қабылдап, алдағы уақытта тапқырлардың кешіне барып тұруға уәде етті. «Мәә Мәсімов...» дегізіп Премьер орысша сөйлеу жағы басымдау кездесуде жастардың да көңілін табуға тырысты.
Мұрағаттан, 2016 ж