Назарбаева Түркістандағы кесененің тарихы тек қазақ тілінде жазылғанына ашуланды
Үкімет басшысының Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен кездесуіне вице-премьер Дариға Назарбаева, облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов, бір топ министрлер қатысты. Шенеуніктер халықтың қойған сауалдарына жауап берді. Осы жиында білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 2017 жылдан бастап ұлттық бірыңғай тестілеуді тек талапкерлер ғана тапсыратынын, ал мектеп түлектерінен қарапайым емтихан алынатынын хабарлады. Яғни, білім саласы айналып келіп, сол баяғы қазығын қайта таппақ. Үштілділік білім беру жүйесін 2020-2021 оқу жылында енгізу жоспарланған. Ол 5-сынып оқушыларынан басталады. Осы жиында Е.Сағадиев үш тілде тіл сөйлеп, жұрт ду қол шапалақтады. Министрдің өзге тілде сөйлегеніне де жұрт осылайша мәз боп жатты.
Дариға Назарбаеваның айтуынша, Оңтүстікте дүниеге келіп жатқан бала саны көп. Мұндай қарқынмен мектеп, балабақша жетіспеушілігін жою қиын. Мемлекет мектеп салып бәрібір үлгере алмайды екен. Сондықтан мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыта беру қажет. Ол үшін инвесторларға қажетті жағдайдың бәрі жасалады. Мәселен тегін жер беріледі. Вице-премьер бизнесмендерге мейрамхана, тойхана салғанша балабақша салу қажеттігін ескертті.
Нарық заманында бизнесменге сен неге мектеп, балабақша салмайсың деп жазғырғаныңызға жол болсын, Дариға ханым! Әлеуметтік нысанды салу ол мемлекеттің міндеті емес пе еді? Дамыған отыз елдің қане, қайсысы міндетін бизнесмендердің мойнына іліп қойып еді? Үкімет ЭКСПО сияқты бір ғана іс-шараға қазынадан жылына 40 миллиард теңгені суырып бере салса, үлгермейміз, әрине. Сол 40 миллиард теңгеге қанша мектеп салуға болар еді?
Қайбір жылдары бір басшы «кәсіпкерлер неге мешіт сала береді, мешіт көп, неге мектеп салмайды?» деген бастама көтергені есімізде қалыпты. Апыр-ай, мешіт көп деген не сұмдық? Егер мешіт көп болса, қоғамда естіген адамның денесін түршіктіретін қылмыс, алдау-арбау, ұрлық-қарлық, қазынаның қаржысына қол салу неге көбейіп бара жатыр? Бүгінде салынып жатқан тойхана, мейрамханалардың шынайы қожайыны сол шенеуніктердің өздері емес пе? Шенеуніктер мейрамхана салса, онда ол мектеп, балабақша салғаннан гөрі тиімді кәсіп болғаны ғой. Жабайы капитализмнің жолына түскен, тек баюды мақсат тұтқан қоғамнан бұдан басқа не күтуге болады?
Түркістандағы жиында Дариға Назарбаева:
-Біз бүгін Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауаи кесенесінде болдық. Бұлар қазақ туризмінің орталығы. Бірақ қалай қарасаңыз да кесененің тарихы тек қазақ тілінде жазылған. Осында орыстардың, шетелдіктердің келгенін қаламайсыздар ма? Бұл дұрыс емес,-деді.
Бұл сөзді естіген жұрт аң-таң болды. ЮНЕСКО-ның әлемдік мұрасына кірген Әзірет Сұлтан кесенесіндегі барлық сөздер үші тілде-қазақша, орысша, ағылшынша жазылған. Вице-премьердің тек қазақ тілінде жазылғанды қайдан көргенін кім білсін?! Қазақтың тілі десе тыжырана қалатын сол баяғы шенеуніктік әдет қалмады ғой, әйтеуір.
Мұрағаттан, 2016 ж