К.Көкірекбаев сот залынан қамауға алынды
Сот Кәрім Көкірекбаевқа қатысты шығарылған ақтау үкімінің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі хабарлады.
--25 шілдеде Алматы облыстық соты «Қазселденқорғау» мекемесінің жетекшісі К.Көкірекбаевқа қатысты үкімнің күшін жойып, қылмыстық іс бірінші сатыдағы соттың қарауына қайта жіберілді. Көкірекбаев сот залынана қамауға алынды,--делінген ресми ақпаратта.
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің бұрынғы басшысы К.Н. Көкірекбаевқа қатысты ақтау үкімін 7 маусымда жариялаған. Ол адамдар тобы болып аса ірі мөлшерде бірнеше рет пара алды деп айыпталған болатын.
--Көрсетілген соттың үкіміне прокуратурамен оның күшін жою туралы апелляциялық өтінішхат келтіріледі,-делінген болатын сол кезде Бас прокуратураның таратқан ақпаратында.
Айта кетері, алқабилер Көкірекбаевтың орынбасары мен пара берген адамды 11 жылға соттады. Көкірекбаев «Қазселденқорғау» мекемесінің басшысы лауазымына 2019 жылы тағайындалған болатын. Ол 2022 жылдың желтоқсанында пара алды деген күдікпен ұсталған еді.