TikTok бұғатталмайды—вице-министр
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстанда TikTok-ты бұғаттау мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ulysmedia.kz тілшісі Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақовтан Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қандай әлеуметтік желілер қауіп төндіретіні және олар қалай шектелетінін сұраған.
– TikTok-қа қатысты мәселені нақтылайық. Шынында да, министрлік тарапынан бүгін де бұғаттау мәселесі жоқ. Бірақ кез-келген жағдайда, заңға сәйкес, қолжетімділікті шектеуге байланысты шаралар қарастырылған. Ұлттық қауіпсіздік мәселесіне байланысты заңдарды ашып қарауды ұсынамыз. Онда бәрі анық әрі түсінікті. Аумақтық тұтастықты бұзу, қоғамға төнетін қатерлер, әлеуметтік қатерлер және ұлттық қауіпсіздік құзыретіне жататын өзге де мәселелер айтылады ол жерде, - дейді Ысқақов.
Сондай-ақ, одан Telegram мессенджерінде есірткі еркін сатылып жатқанда TikTok неге көп аталады деп сұралды.
– Бізге реттеуге еш кедергі жоқ. TikTok-пен жұмыс істейміз. Оны бұғаттау жөнінде күн тәртібінде мәселе тұрған жоқ. Нақтылайықшы, заң бұзылатын кездерге келетін болсақ, біз оны нақты айттық. Балалар контентіндегі олқылықтар, қорлауға және жала жабуға байланысты мәселелер туындаса, әлбетте... Біз барлық онлайн платформа әкімшілерімен жұмыс істейміз, - деді шенеунік.