Шөкеевтің туыстары Дубайдан 8 пәтер сатып алған
Vlast.kz порталының зерттеуіне қарағанда, «ескі Қазақстанның» көптеген өкілдері Біріккен Араб Әмірліктерінен құны өте қымбат тұратын жылжымайтыны мүліктерді алған.
2022 жылы Назарбаев әулеті, атап айтқанда, оның әйелі Әсел Құрманбаева, немере інісі Қайрат Сатыбалды және оның анасы, екі әйелі мен олардан туылған балалары Дубайдағы жылжымайтын мүлікке иелік еткен.
Одан бөлек Назарбаевтар әулетінің құдасы Берік Имашев та Әмірліктерден үй-жай алған. Айта кетері, Имашевтің қызы Назарбаевтың немересінің әйелі. Бұл тізімде сондай-ақ, Қорлан Шәріпбаева да бар. Ол Дариға Назарбаеваның қазіргі күйеуінің қызы. Тізімде Құлыбаевтар отбасының мүшелері де бар.
Дубайдан үй-жай алғандар қатарында бұрынғы президентке жақын адамдар мен олардың отбасы мүшелері де кездеседі. Соның ішінде экс-президенттің былтыр қайтыс болған інісі Болат Назарбаевпен байланысы бар көптеген кәсіпкер де жүр.
Ал Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің жұбайы Венера Баймурзаеваның Дубайда 50-ден астам жылжымайтын мүліктері бар болып шықты. Олардың жалпы құны 4,3 миллион долларды құрайды.
Дубайда жылжымайтын мүлік алғандардың тізімі бұдан әрі былайша жалғасады:
--Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталовтың әйелі Багда Баталованың 210 мың долларлық екі бөлмелі пәтері бар;
-Сотталып кеткен бұрынғы Қорғаныс вице-министрі Бағдат Майккевтің 500 мың долларлық пәтері бар;
-Бұрынғы ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың әйелі Дина Қасымованың 400 мың долларлық бір бөлмелі пәтер бар;
--«ҚазМұнайГаздың» бұрынғы жетекшісі Алик Айдарбаевтың бауыры Ержан Айдарбаевтың атында 570 мың долларлық үш бөлмелі пәтер бар;
-Назарбаевтың немере інісі, қазіргі уақытта жазасын өтеп жатқан Қайрат Сатыбалдының Дубайда 2,2 миллион долларды құрайтын бес пәтері бар;
--Бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың ұлы Марлен Тұрғымбаевтың 347 мың долларлық бір пәтері бар;
--Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Даниал Ахметовтың ұлы Талғат Ахметовтың 1,6 миллион долларлық вилласы бар;
--Түркістан облысының бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бауыры Серік Естай мен оның жұбайының Дубайда жалпы құны 1,7 миллион долларды құрайтын 8 пәтері бар болып шықты.
Әдетте шенеуніктер жылжымайтын мүлікті өзінің атына тіркемейді. Сондықтан бұл тізім толық емес болуы әбден мүмкін.