​ Мырзахметов тағылған айып бойынша ең төменгі жазаны алды

Oinet.kz 14-05-2024 412

67ef4cb388a71968.jpeg

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты, бұрынғы министр, «Атамекен» Ұлттық кәіпкерлер палатасының бұрынғы жетекшісі Абылай Мырзахметовке үкім шығарды. 

Сотта анықталғандай, А.Мырзахметов 2022 жылғы мамыр айынан қазанға дейін Б.-ға ақшалай сыйақы үшін мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жоғары лауазымды тұлғалары арқылы ағасы Б.-ны (бұған дейін ақпарат құралдарында оның белгілі олигарх Қайрат Боранбаев екендігі айтылды. Б.Е.).  қамаудан босату және оған қатысты сотқа дейінгі іс жүргізуді тоқтату мәселесін шешуге мүмкіндігінің бар екендігін айта отырып, жаңылыстырып, алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы, алаяқтық жасау жолымен формальды түрде қарыз шарттарын ресімдей отырып, Б.-ның аса ірі мөлшерде 13,9 млрд. теңге сомасында ақшалай қаражатын жымқырған. Прокурор айыптауды қолдады. Сотталушы кінәсін мойындап, әділ жаза тағайындауды, қорғаушылар іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуды сұрады. Сот ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша күдіктіні кінәлі деп тапты. Бұл баптың санкциясы 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазаны көздейді.

Сот сотталушының кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін, өзі жасаған қылмысты тергеуге және қылмыс жасау нәтижесінде алынған мүлікті іздестіруге жәрдемдесуін, кәмелетке толмаған баласының болуын жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.
Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. А.Мырзахметовтің кінәсі сотталушының өз кінәсін мойындауымен, куәлардың айғақтарымен, қарыз шарттарымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Сот үкімімен А.Мырзахметов аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде 10 жыл мерзімге қызмет атқару құқығынан айырыла отырып, мемлекет кірісіне қылмыстық жолмен алынған 5,8 млрд. теңге сомасында ақша қаражаты тәркіленіп, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот ҚК-нің 49-бабының 2-бөлігі негізінде ҚР Президентіне А.Мырзахметовті «Құрмет» және 3-дәрежелі «Барыс» ордені мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс енгізді.
А.Мырзахметовтің мүлкіне салынған тыйым сақталды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетері, Абылай Мырзахметов былтыр мамырда ұсталған болатын. Оның ісі желтоқсанда сотқа түсті. Оның соты жағдайда өтті.

Соттың неге жабық өткені мүлдем түсініксіз. Әдетте жабық сот жыныстық сипаттағы және мемлекеттік құпиялар айтылатын істерде өтеді. Абылай Мырзахметовтың біреуден алаяқтық жолмен ақша алғанында қандай мемлекеттік құпия бар? Кінәсін бұлтарусыз мойындағанына қарағанда, Мырзахметов құзырлы органдармен алдын ала келісім жасаған. Сотты жабық жағдайда өткізу осы келісімнің ішіне кірген болуы мүмкін.

Мырзахметовке үкімнің қашан оқылғаны белгісіз. Біраө бұл туралы мәліметтің дәл Бишімбаевқа үкім оқылып жатқан кезде жариялануы да бекер болмаса керек. «Әділетті Қазақстанда» акулаларды жасырын соттау әдетке айналып барады.  


Шойгу қызметінен кетті
​Сыздықбековке «сатқындық» жасау - «Қуатжылуорталығы» жемқорлықтың ордасына айналған ба? (ВИДЕО)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу