Олжас Бектенов: Барлық жобалар белгіленген мерзімдерде іске асырылуға тиіс
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында орынбасары Серік Жұманғаринге инфляцияны төмендете алмаған өңірлердің мәселесін дереу баяндап отыруды тапсырды.
«Серік Мақашұлы, аталған мәселенің әлеуметтік маңызы зор, сондықтан оны қатаң бақылауда ұстаңыз. Егер өңірлер жергілікті жерде инфляцияны төмендету бойынша қажетті шаралар қабылдамаса, тиісті шешім қабылдау үшін маған дереу баяндауыңызды сұраймын. Осы бағыттағы жұмыста тұрақтандыру қорлары, форвардтық және оффтейк-келісімшарттар, өнім құнын арзандатуды субсидиялау, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша сауда субъектілерімен келісімдер жасау сияқты пәрменді тетіктерді белсенді пайдалану керек», - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ, ол азық-түлік тауарларын өндіруге арналған басым дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту қажеттігін еске салды.
«Әкімдер делдалдық схемаларды анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмысының тиімділігін арттыруға тиіс. Орталық және жергілікті атқарушы органдарға бақылауды күшейтіп, Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін сапалы орындау бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын. Жоспарланған және қолданыстағы барлық жобалар белгіленген мерзімдерде іске асырылуға тиіс», - деді ол.