Оңтүстіктегілер үш күнде 906 адам солтүстікке көшті
Сәуір айының соңғы үш күнінде 906 оңтүстікқазақстандық еліміздің солтүстік өңірлеріне көшуге дайын екендіктерін аңғартқан.Бұл туралы Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, 27-29 сәуір күндері Мақтарал, Сарыағаш аудандары мен Шымкент қаласында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкелері мен «Серпін» бағдарламасы аясындағы кездесулерге үш мыңға жуық адам жиналған. Олардың арасында солтүстік облыстарға көшуге ниет білдіргендердің 107-сі мақтаралдық, 216-сы сарыағаштық, 583-і шымкенттік тұрғындар. Іс-шараға Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков қатысыпты.
Үш күнге жалғасқан шараға Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарынан 36 өкіл қатысқан. Олардың қатарында әкімдіктер, басқармалар, оқу орындары басшыларымен бірге жұмыс берушілер де бар. Олар оңтүстікқазақстандықтарға өз өңірлеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынып, жастарды оқуға шақыруда. Көшіп келем деушілерге жеңілдіктер қарастырылғандарын жеткізіп, қандай жағдайлар жасалатынын түсіндірген.
–Үкіметтің биылғы қаулысына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келем деуші 101 отбасыға квота бөлінді. Ал, облыста ауыл шаруашылық кәсіпорындарының басшылары 258 баспана дайындап отыр. Оның ішінде 91-і қызметтік тұрғын үй. Жұмыс берушілер тегін үймен қамтамасыз етеді. Презенттерін мектептер мен балабақшаларға орналастыруға жәрдемдеседі. Оларға төленетін еңбекақы Оңтүстіктегіден кем болмайды, – деп сендірді Тайынша ауданы әкімінің орынбасары Медет Оспанов. Десек те еліміз бойынша ең төменгі жалақы Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелген.
Бүгінге дейін 50 оңтүстікқазақстандық отбасыны қабылдаған Солтүстіктің билік өкілдеріне үш күндік жұмыс барысында 303 адам жолығып кеңес алса, 168 отбасы қоныс аударуға ниет білдіріпті. Бұған дейін Қызылжар ауданының адамдары да келіп түсіндіру жұмыстарын жүргізген екен. Нәтижесінде бұл жолы олармен бірге баруға 15 отбасы мүшелері келісімдерін беріпті. Оның үшеуі жанұясымен Солтүстікте қалатын болса, 12-і айтылған жағдайларды өз көздерімен көріп қайтпақ.
– Бізбен еріп баратын отбасы мүшелері жол шығындарын толық өздері көтереді. Қызылжар ауданының адамдары Астанадан күтіп алып, дайындап қойған көліктеріне мінгізіп аралатады. Үш отбасыны қоныстандырса, қалғандарына ауданды аралатып көрсетіп, жағдаймен таныстырып, қайта шығарып салады. Егер 12 отбасының мүшелерінің кейбіреулері, тіпті бәрі қалу туралы шешім қабылдап жатса да, оларды жайғастыруға қызылжарлықтар толық дайын. Қалам деген азаматтарға баспана жалға емес, тегін беріледі. Алайда жұмыс берушілер ұсынған тұрғын үйлердің құжаттары шаруа қожалығында болады. Екі жақ қол қоятын келісім-шартта көрсетілген мерзім аяқталмайынша қоныстанушының үйді сату құқығы болмайды. Ал атқарушы билік тарапынан алғашқыда азық-түлік себеті мен көмір, отын түрлері көмек ретінде беріледі. Баспана маңындағы 10 сотық жерге отбасы қажеттіліктерін егіп өсірулеріне де болады, – деп толықтырды Солтүстік Қазақстан облысының атынан өкілдік ету құқы берілген азамат.
Риддер қаласы әкімінің орынбасары Данияр Дүйсенбаевтың айтуынша, шығысқа көшуге 209 оңтүстікқазақстандық ниет білдіріпті. Оның 31 денсаулық сақтау, 57-сі білім беру саласының мамандары болса, 151-і басқа да мамандық иелері.
– 2014-2015 жылдары «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында Риддерде салынған көпқабатты үш үйге Оңтүстіктен барған 60 отбасы қоныстанып, 205 адам қалада жұмыс істеп жатыр. Шаһарда мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамту толық шешілген, бүлдіршіндер кезегі жоқ. Бізде көшіп келуші отбасының отағасына – 50, әр отбасы мүшелеріне 35 айлық көрсеткіш көлемінде субсидия беріледі. Пәтер жалға беріледі, үш бөлмелі баспанаға айына 4-5 мың теңге аралығында төлеп тұруы тиіс. Келісім-шартта көрсетілгендей көшіп келуші отбасылардың бір адамына жұмыс тауып береміз. Тек бірінші болып көшіп барған 30 отбасындағы еңбекке қабілетті азаматтардың үшеуі ғана жұмысқа орналаспаған. Бірақ, олар жеміс-жидек сатып, нәпақасын базардан айырып жүр, – дейді ол.
Солтүстік өңірлерге қоныс аударатын оралмандар мен этникалық қазақтарға мемлекеттік бағдарламадан бөлек Үкімет белгіленген әлеуметтік пакет аясында қолдаулар көрсетілуде екен. Бүгінге дейін Шығыс Қазақстан облысына өз бетінше 100-ден аса оңтүстікқазақстандық отбасы қоныс аударған.
Павлодар облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Балтабай Қайтпасов өздеріне үш күнде жұмыс іздеушілермен қатар кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндіктердің бар-жоғын сұрап келгендер де болғанын айтады.
– 200-ден аса азамат бізден кеңес алды. Олардың арасында «Жаңадан кәсіпорын ашсам, өз ісімді жүргізсем, қандай көмектер бересіздер? Жеңілдіктер жасалады ма? Жылыжай салсам, жер бар ма?» деп сұраушылар аз болған жоқ. Қай кәсіппен айналысам десе де тиісті жағдайлар жасауға, құшақ жая қарсы алуға біз дайынбыз. Олар көшіп келіп, келісім-шартқа отырып, жұмысқа орналасатын болса, отбасылардың отағаларына мемлекет тарапынан 100 мың, әрбір мүшесіне 70 мың теңгеден бір реттік көмек көрсетіледі, – дейді керекулік шенеунік.
Қостанай облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Аида Хусаинова өз өңірлерінде медицина мамандарының жетіспейтіндігі қатты байқалатынын айтады. Ол да әріптестері секілді аргарлық саланың мамандарына сұраныс жоғары екендігін қайталады.
– Қысы 7 айға созылатын Федоров ауданында оңтүстікқазақстандықтарды табиғи газбен қамтылған жаңа үйлер күтіп тұр. Мұндағы өзгешелік – баспана тегін берілмейді, жалға ұсынылады. Еліміздің қолданысындағы заңдарына сәйкес жалға алынған үйлерді бес жылдан кейін жекешелендіруге болады. Ал қалған алты ауданда тегін берілетін үйлер бар, – дейді ол.
Мақтаралдан бастау алған бос жұмыс орындары және «Серпін» бағдарламасы жәрмеңкелерінде қостанайлықтар 460 азаматқа кеңес беріпті. Олар да өзгелер секілді қажеттіліктеріне сай 177 отбасы қоныс аударады деген үмітте. Оңтүстікте ұйымдастырылған шаралар тиісті министрлік тарапынан оң бағаланып, ішкі көші-қон саясатын жүзеге асыру жұмыстарын жүргізу Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарына да жүктелген. Яғни, солтүстік облыстарға төрт өңірдің тұрғындарын көшіру жоспарланған.
Асылбек ҚҰНАНБАЙҰЛЫ,
Мұрағаттан, 2016 ж