Бүлікке бастаушылардың басында кім тұр?

Oinet.kz 01-08-2019 1160

Screenshot_28.jpg

      Өткен жылдың соңындағы қарбаласта қабылданып кеткен жер туралы заңды Үкімет қайта қарауы мүмкін. Жақын күндері жақсылықтан үмітті жұрттың күпті көңілін жазатын, ал күтпеген дүрлігістен әлденәрсені күткен әлдебір топты өкіндіретін жаңалық та жариялануы керек.

     Дегенмен жер мәселесі дәл осы жолы қоғамның қай деңгейге жеткенін айқындайтын сынаққа айналды. Әрі елдегі жердің жай-жапсарын ашып алуға да себепші болды. Шын мәнінде жерді шетелдіктерге 25 жылға жалға беру 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асып келеді. Демек 1 жыл 4 айдан бері. Ал жалпы арендаға рұқсат етілген 2003 жылдан бастап қытайлықтар Қазақстаннан 280  гектар жерді, ал Ресей азаматтары 10 мың гектар алқапты жалға алыпты. Сонда «қытайға берілмесін» дейміз де, орыс пен өзбектің алуына қарсы емеспіз бе?! Біле-білсек біздің тарихтағы жер дауымыз кейінгі екі көршімізге тікелей байланысты. Онда неге қазірдің өзінде 10 мың гектар жерімізді жалға алса да «орысқа сынық сүйем жер берілмесін» деп айқайламаймыз? Осы жолы қазақтың саяси мәдениеті қалыптасқан ұлт ретінде билікке талабын бейбіт түрде айта алатындығы көрінді. Алайда оған көңілі толмайтындардың көксегені не?

      260 жыл бойы Ресейдің илеуінде және билеуінде болған Қазақ елінің іргесі 2014 жылы Мәскеу Қырымды басып алғаннан кейін алғаш рет ажырады. БҰҰ-да осы даулы мәселе қойылғанда дауыс берген 100 мемлекеттің, 58-і қалыс қалды, ал 11-і Ресейді қолдап, қалғаны қарсы болғаны белгілі. Астана Мәскеумен Кедендік одақта бірге болса да, осы жолы алғаш рет бейтарап қалып, қолдамай қойды. Қабағына кірбің кірген Кремльді бұдан кейінгі әркеттеріміз де одан бетер кіржите берді. Санап көріңіз.

      Еуроодақ Ресейге санкция салып, тұқыртуды бастаған 2015 жылы Қазақстан сол Еуроодақпен ынтымақтастықты арттыратын жаңа келісім-шартқа қол қойды. Ал орыстардың тікелей ықпалындағы Кедендік одақ туралы шу шыққанда Елбасы «егер тәуелсіздікке қатер төндірсе кез-келген ұйымнан шығамыз» деп бір қайырды. Путиннің бітіспес жауына айналған Порошенконы елордаға шақырып, Ресейді айналып Грузияны көктей өтіп, Әзірбайжаннан Каспий теңізіне түсіп, Қазақ даласымен Қытайға жететін поезды жүргізуге келісім берді. Түркия шекараны қайта-қайта кескен орыс ұшағын атып құлатқаннан кейінгі Анкара мен Мәскеудің «жаға ұстасқанына» қарамастан Ердоғанның қасынан табылды. Әзірбайжан мен Арменияның Қарабақтағы қайта тұтанған соғысында сөзге келместен Бакуды қолдады. Тіптен Мәскеу ашық қолдайтын Ереванда өтуге тиісті Еуразия Экономикалық одағының Премьер-министрлер деңгейіндегі отырысқа барудан бас тартып, басқа мемлекетте өткізетін болды. Орыс тілінің тынысы тарылып, олар молынан қоныстанған өлкеге оралмандар мен Оңтүстіктің қазағын көшіретін жаңа бағдарламаның іске аса бастауы көршіміздің Солтүстікке сұқтанған үмітін үзе бастады. 2025 жылы латынға көшеміз деп кирилицаның қытығына тиетін әңгімені айтпағанның өзінде Қазақ елінің өз алдына шешім қабылдап, енді экономикалық тәуелсіздікке ұмтылуы көршімізге екібастан ұнамай отырғаны анық.

       Соңғы жылдары еліміз Еуразиялық экономикалық одақтың қабағына қарап дамытуды ғана емес, алып нарық Қытайға да шығуға талпынып жатыр.

     Егер жылына сырттан 70 млрд долларға азық-түлік сатып алатын елге жол ашылса орыс мақтанатын 150 миллиондық Кедендік одағыңыз 1,5 млрд.-тық Қытай нарығында көлшікке айналары сөзсіз. Енді экономикалық тұрғыдан тікелей Ресейге бағынышты елдің дара жол табуға яғни өзіне тәуелсіз бағытқа бой бұруы оларға ұнасын ба? Қазір экономикалық тұрғыдан толықтай Мәскеуге тәуелдіміз. Елдің экспорты мен импортының басым бөлігі Ресей арқылы жүреді. Басыбүтін бағыныштылықтан шығудың бір жолы ретінде соңғы жылдары Қытай таңдалған еді. Оларға жерді бермей-ақ нарқын игеретін тиімді жол табылар еді. Алайда өзінің әлемдегі АҚШ-тан кейінгі басты бәсекелесі Бейжіңмен Қазақ мемлекетінің байланыса бастауы Кремьлдің көңіліне алаң кіргізді. Сондықтан да ғасырлар бойы жинаған тәжірибесін тағы да пайдаланып қалуға ұмтылғандай. Осыдан-ақ бүлікшілердің басында кім тұрғанын бағамдай беріңіз.

    Бастысы қазақтың бойында қытайға қарсы тұру иммунитетінің қалыптасқанына мың жылдан асты. Соның арқасында жүздеген ұлттарды жұтып қойған жунгоның жұтқыншағына түркілер сыйған жоқ. Бірақ мыңдаған жылға созылған қарсылықтың әсерінен қазақтың да қанында да қытайға деген қорқыныш қатып қалды. Есесіне «қара қытай қаптаса сары орыс әкеңдей көрінер» деген түсінікті де кейінгі кездері сіңіріп өстік. Ұлтымыздың генінен бастап тініне дейін түгел зерттеген көршіміз қазақтың осал тұсын о бастан-ақ біліп, бір-біріне айдап салудың айла-тәсілдері туралы талай-талай еңбектер жазып, қанды қырғын жасағаны құпия емес. Енді осы жолы да ескі жырға басып, «қытай жеріңді тартып аладыға» көшті. Ізін жасыру үшін «мұны АҚШ істеп отыр, шеруге шыққан әрбір адамға 150 доллардан таратуда» дегенді Кремьлге кіндігі байланған «Еуразия» телеарнасы екіленіп хабарлауда. Сөйтіп, бір оқпен екі қоян атуды, яғни дүниедегі қос бәсекелесі Қытай мен АҚШ-ты өздеріндегідей етіп, ұлттың жауы ретінде қалыптастырғысы келеді. Көзді жұмып өтірік айтудың көкесін орыс журналистері Украинада көрсеткен еді. Сонда сыналып, нәтижеге қол жеткізген ақпараттық соғыстың механизмдері енді бізде де іске қосылып жатыр. Шетелдік арнаулы қызметтің нұсқауымен әлеуметтік желіде әртүрлі фейктер ашылып, жалған деректермен қоздыруға, топты толқытуға көшті.

       Қызды-қыздымен таяуда батыс облыстарға сапарлаған Астанадағы АҚШ елшісін батыстағы шеруді ұйымдастырушы ретінде атауы тіптен күлкілі. Не деген тұрпайы, лас ойын. Сонда толқуды ұйымдастырушы шетел агенті шаңқай түсте елдің көзіне түсіп сапарлайды ма екен?! Осындай ертегіге сендіргісі келетіндер қазақтың аңғалдығы мен адалдығын өзінің теріс пиғылына тағы да пайдаланғысы келеді.

Елбасының Вашингтонға алғашқы сапарының бірінде мынадай тамаша естелік бар. Кездесу басталғанда салған жерден Қазақ мемлекетінің картасы Бушқа таныстырылады. Қулана күлімсіреген ол «Бір жағыңызда ядролық Ресей, екінші жағыңызда миллиардтық Қытай тұрғанда сіздер қалай ғана тыныш ұйықтайсыздар?». Сонда Президент ойланбастан «сол тыныш ұйықтау үшін сізге келіп тұрмыз ғой» деп жауап қатып, Бушты рахаттандыра күлдіріпті. Демек аталған екі алыптың ортасындағы ойын, біз тұрмақ супердержава АҚШ-ты да ойландырып отыр.

      Әйтсе де шеруді батыспен байланыстыратын шылғи өтірікке сенушілер бар. Сол сенген топтың бірқатары аңғал көңілмен «маған ешкім көшеге шық деген жоқ, ешқандай ақша берген жоқ, сыртқы күштер әсер еткен жоқ» деп, екілене айқайлайды. Сіз

шыныңызды айтып тұрсыз, оған қылаудай күмән жоқ. Сіз Жер мен Ел тағдыры үшін табандап тұратын, адал адамсыз. Алайда бүлік тудырушы саяси технологтардың тапқырылғы сол, әркімге жекелеп жолықпай-ақ, әркімді сағаттап сендірмей-ақ ұтымды сәтті күтіп, ұрымтал тұстан ұрандап шығып, оқиғалардың орайында қисыннан қиыстырған өтірікке имандай сендіріп, ойқастатып орға жығады. Сондықтан да оларға қазақтардың тобырға ұқсамай саналы, өскен ұлт ретінде билікке өз талабын жеткізуі ұнамай тұр. Сондықтан да «Қазақ болсаң алаңға шық, мұсылман болсаң жерді сатпа» деген буынсыз жерге пышақ ұратын әсіреұранға көшті. Кім қазақ емес, кім мұсылман емес?! Бұл тұрмақ хақ Исламда да «мешітке кірмеген мұсылман емес» деген пәтуа жоқ. Енді ұлт тұлғаларының дауыс ырғағын салып, шеруге шақырған үндеулерді таратуға кірісті. Биліктегілер Отанын сатқан опасыз болса, күні бұрын пиғылы бөтендермен ауыз жаласып, елді осындай сын сағатта бірлікке емес, бүлікке бастағандар кім? Олардың пиғылын шетелдерде түсірілген кісі шошытарлық кадрларды алдына-ала дайындап, Сыр өңіріндегі оқиғадан соң бір сағат өтпей-ақ лезде таратқанынан байқауға болады. Егер әдейі әзірленбесе қатысы жоқ фотолар мен бейнекадрларды «Қызылордада болған оқиға» деп мәлімдеу, елдің ашу-ызасын ояту кімге керек?

     Әрине, өткен жылы айына отыз заң қабылдаған апақ-сапақта бекітілген жер туралы заң да кемшіліктен ада деуден аулақпыз. Шетелдіктерге жалға беру мерзімінің ұзақтығы, сатылған жағдайда оның иесінің шетелдік азаматтармен некелесуге тыйым салуы, жерге тиісті күтім жасалмағанда мемлекеттің қайтарып алуы сынды механизмдердің тайға таңба басқандай етіп ашық көрсетілмеуі күдік туғызатындығы анық. Мұның барлығы қайта қаралатын заңда нақтыланады деген ойдамыз. Ең бастысы билікке талабын ашық қойған саяси мәдениеті жетілген отаншыл азаматтар жердің иесіз, елдің сұраусыз еместігін көрсетіп, жауапты сәтте сырт қалған жоқ. Енді бірлікке бейімделген ұлттық ұстанымнан, елдік деңгейден төмендемеу керек. Көшенің сөзіне емес, көшелі әңгімеге тоқтайтын сын сағатында тұрмыз.

     Қайбір кезеңде де Қазақ еліндегі тұрақтылық пен тәуелсіздікке ең алдымен Қазақтар жауапты екендігін естен шығармайық! Мемлекет құрушы ұлт ретінде мұны жүрегімізбен сезініп, ар-ожданымызбен түйсінуге міндеттіміз.

Бейсенбай Дәулетұлы, Астана

«Рейтинг» газеті №17-18, 5 мамыр 2016 жыл

Атамқұлов бастаған тірлікті басқа атқамінерлер қолдамай отыр?
Оңтүстіктегілер үш күнде 906 адам солтүстікке көшті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу