Атамқұлов бастаған тірлікті басқа атқамінерлер қолдамай отыр?

Oinet.kz 01-07-2019 1043

Screenshot_27.jpg

«Рейтинг» газетінің редакциясына арнайы келген «Қошқарата» бұлақ қорының төрағасы Есен Лесбаевтың айтуынша, өзен жағасындағы бұлақ көздерінің біртіндеп жаппай жабылып жатқанына жұрт көңілі алаңдаулы. Ел  енді 4-5 жылда Қошқаратадан біржолата айырылып қаламыз ба деп қорқа бастаған. Алдын алуға болатын осы апатқа жол бермеуге қадам жасаған  облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов бастаған тірлікті басқа атқамінерлер қолдамай отырғанын алға тартқан ол ойын одан әрі былайша өрбітті:

Қазақта «Бұлақ көрсең көзін аш» деген жақсы сөз бар. Бірақ, бұл жерде керісінше,көрген бұлақтың көздері жаппай жабылып жатыр. Мен осыған ашынғаннан ащы даусым шыға бастаса,  әр түрлі деңгейдегі бастықтар «көке, соны айтпай-ақ қойыңызшы» дейді. Жалпы өзеннің бастауынан Ордабасы алаңына дейінгі аралықта 102 бұлақ бар болатын. Асқар Мырзахметов облыс әкімі болып тұрған кезде арнасын тазалап, жағалауларды абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін Қошқаратаға 40 тонналық техникалар кіргізілді. Құрылыс жұмыстары қыста басталып, жер жұмсақ кезде ауыр салмақты көліктер біраз бұлақтарды таптап, жабылып қалды. Одан қала берсе, жағасын тау тастарымен жауып, темір сымдармен мықтап байлады. Жанынан шығып жатқан бұлақтар солай бітеліп қалды. Айналасы әдемі болғанымен өзен суы азайып барады. Бұлай жалғаса берсе, 4-5 жылда Қошқарата жер асты ағыстарымен басқа арнаға ауып кете ме деген қаупіміз бар. Егер Алланың бізге берген тамаша тартуын бүгін сақтап қалмасақ, ертең кішкентай ғана арық болып қалуы мүмкін. Екі-үш жыл бұрын суы қандай мол еді. Қазір өзеннің үлкен бастауындағы судың өзі 10 сантиметрге дейін төмендеп кеткен. Бұл туралы бірнеше зейнеткер бірігіп, облыс әкімі Бейбіт Атамқұловқа хат жолдадық. Бірақ, ол оқымаған сияқты. Енді екінші хатымызды орысша жаздық, айтарымызды, ойымызды толық жеткізе алмадық па деп. Өз қолына апарып табыстасам ба деймін. Өйткені бұған дейінгі жазғандарымыз оған жетпей қалып жүрген сияқты, – дейді ақсақал.

Төраға Е.Лесбаевтың сөзіне  сенсек, кезінде абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанда өзен жанынан шығып жатқан бұлақ көздерін таспен бастыруға болмайтыны айтылған. Тіпті сол кездегі облыс әкімі Мырзахметовке хат та жазылған екен. Ескерген ешкім болмапты.  

– Тастарды 200 өзбекстандық жұмысшы қалады. Жарты метр көтеріп қою керек еді. Сол кезде айттық та. Бірақ олар қолдарындағы сызбадан ауытқымаймыз деп өзгертпеді. Адам істеген жобаны адамның жөндеуіне болатын еді. Өзеннің бастауына барсаңыз, айналасына қойылған тастардың  асты жарты метр қуыс екенін көресіз. Соның өзі бұлақ көзінің бітелмеуіне көмектеседі. Сол жерді де бұзамыз дегенде бірнеше зейнеткер қарсылық білдірдік. Бірақ, одан басқаларын бітеп кетті. Кейбіреулеріне құбырлар қалдырып еді, су ақпай да қалды. Депутаттар арқылы сол кездегі облыс басшысы Мырзахметовке хат жібердік. Бәрібір нәтиже шықпады. Қошқаратаны қорғап қалудың бір амалы – бұлақ көздерін ашу.  Құрылыс жұмыстары жүргізілгенге дейін өзім санап шыққан 102 бұлақтың елу шақтысы үлкен бастаулар. Төртеуінен үлкен арналар құралады. Соның үшеуін ашты, біраз үйлер бұзылды. Бірақ, төртінші бұлақ арнасы ашылмай үйлердің арасында қалып кетті. Оны Бейбіт Атамқұлов білмейді, – дейді қор төрағасы.

Облыс әкімі Қошқаратаны қолдауға қайсыбір жолы өз қалтасынан 100 мың теңге  үлес қосқаны насихатталғанда ақпарат құралдары арасында «Рейтинг» газеті де жазды.

  -Сөзіңіздің төркінін түсіндім. Иә, облыс әкімінің  өз қалтасынан 100 мың теңге көмек көрсеткені рас. Бұл ақпарат көпшілікке де тарап кетті.  Ол қаланың әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа  Қошқаратаның Ордабасы алаңынан кейінгі бөлігінің жағалауларына тротуарлар салып, абаттандыруды алдағы жоспарға енгізуді тапсырды. Әкімшілікке ақша аударып бер деп еді, олар ақша жоқ деп бастама қолдау таппай жатыр.

  -Сонда  облыс әкімінің бастамасын жалғастырған ешбір шенеунік болмады ма?

-Басқа ешкім қаражат  жағынан жәрдемдескен жоқ. Ал облыс әкімі берген 100 мың теңгенің 20 мыңын Қошқарата бұлақ қорын сақтап қалу жобасын жасатуға жұмсадық. Сызбасына елу мың теңге сұраған. Кім қанша берсе де қорға келіп түскен қаражаттың қайда жұмсалғанының есебін елден жасырмаймыз. Әзірге отыз шақты зейнеткер зейнетақымызды қорға аудармақпыз.

Асылбек ҚҰНАНБАЙҰЛЫ,

«Рейтинг» газеті №17-18, 5 мамыр 2016 жыл

Генерал Оспанов осыдан кейін де отставкіге кетпей ме?
Бүлікке бастаушылардың басында кім тұр?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу