«Батька» сыр берді
23-05-2023
Оңтүстіктің полициясында тағы дүрбелең. Облыстық ішкі істер департаменті елді аң-таң қалдыратын әдетінен бұл жолы да жаңылған жоқ. Әр жолы әр қырынан танылады, әр жолы ішінде бүгіп жатқан бір құпиясын ашып қояды. Осыдан біраз жылдар бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттегі лауазымды қызметкерлердің есірткі саудасына «крышавать» ететіні былай тұрсын, заңсыз сауданың ұшар басында тұрған нағыз бандиттер екендігін әшкерелеп берген болатын. Одан беріде департамент басшылары мен аудандық полиция бөлімшесінің басшылары соттасып, осы дау-дамайдың нәтижесінде департаменттегі майлы орындардың ашық саудаланатыны, тіпті ставкілері де айтылып кеткен еді. Енді міне, елдің тыныштығы сеніп тапсырылған департаменттегі лауазымды басшылардың қылмыс әлемінің серкелерімен ым-жымы бір екендігі белгілі болып қалды. Таратыңқырап айтайық.
Соңғы жаңалықтарға қарағанда Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінде төрт лауазымды офицер өз еркімен отставкіге кетті. Өз еркімен...Бірақ дәл мынандай майлы әрі жайлы орынан есі дұрыс адам өз еркімен кетеді дегенге сену қиын. «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар» дейсің. Жылы креслосынан ойда-жоқта айырылып қалғандардың басында облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Сәкен Айтбеков тұр. Ол бұл қызметке былтыр жылдың аяғында тағайындалған болатын. Сәкен Айтбеков ішкі істер департаментіндегі өте тез өскен жігіттердің бірі саналады. Еңбек жолында бірқатар басқармаларды басқарған. Қылмыс әлемінің серкелерінің ісімен айналысатын ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының, Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасының тізгінін ұстаған. Бұдан кейінгі жылдары тәртіп сақшыларының тәртібін қадағалайтын өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы болған. Департамент басшысының орынбасары қызметіне жоғарылап, былтыр желтоқсанда бірінші орынбасардың креслосына қонжиған. Департамент бастығының бірінші орынбасары негізінен жедел-іздестіру саласының жұмысын үйлестіреді. Криминалдық полиция, есірткі судасымен күрес сияқты оперативті басқармаларына бақылау жасайды. Қызметін өз еркімен тапсырған екінші полковник криминалдық полиция басқармасының бастығы Кенжебек Оңдасынов. Біздің білетініміз, Кенжебек Оңдасынов ұзақ жылдар ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары болып істеген. 2011 жылы криминалдық полицияның басшысы болып тағайындалды. Қайбір жылы полиция қызметкерлері жаппай аттестациядан өтіп, төмен нәтиже көрсеткен басшылар орынтақтарынан ұшып жатқан кезде дәл осы Кенжебек Оңдасыновтың тапсырған сынағы Ішкі істер министрлігі тарапынан жоғары бағаланған болатын. Жылы орнын суытқандардың қалған екеуі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Мәлік Байзақов пен «Арлан» бөлімшесінің командирі (оның аты-жөні әзірге аталған жоқ).
Қарап отырсаңыз, отставкіге кеткен тәртіп сақшылдарының қызметі бір-бірімен тығыз байланысты. Шұғыл іздестіру, қылмыс әлемінің авторитеттерін аулау, тұтқындау операциялары...Отставкінің артында қандай құпияның жатқандығын ішіміз ептеп сезгендей болады. Ел аузында айтылып жүрген әңгімелер де бұл күдікті күшейте түседі. Өз еркімен отставкіге кету Ішкі істер министрлігінің Шымкентте өткізген операциясы барысында тұтқынға алынған, атақты сыра зауытының қожайыны кәсіпкер Тоқтар Төлешевтің ісімен байланысты деген болжам «Тvk» телеарнасы арқылы жұртқа тарап үлгерді. Астанадан арнайы комиссия келіп тексеру жүргізіп, лауазымды офицерлердің күдікті әрекеттерін анықтаған. Нақты емес ақпараттарға қарағанда, арнайы операция жүргізілетін күні облыстық ішкі істер департаментіндегі лауазымды полицейдің Т.Төлешевтің ұялы телефонына 39 мәрте тынымсыз қоңырау шалумен болған деседі. Есірткі саудасымен айналысты, қылмыстық топтарды қаржыландырды деген айып тағылған, атышулы кәсіпкердің департамент басшыларының арасында қандай қарым-қатынастың болғандығы бізге беймәлім. Бірақ күдікті жайттар өте көп. Отставкілер осы күдік-күмәнмен байланысты көрінеді. Алдағы уақытта қызметінен кеткендердің қатарын тағы біраз офицерлер толықтырады деген әңгімелер бар.
«Tvk» телеарнасының таратқан ақпаратына қарағанда облыстық ішкі істер департаменті жоғарыдағы лауазымды қызметкерлердің орындарынан кеткенін растаған, бірақ себептерін түсіндіруден қашқақтаған. Қашқақтамағанда қайтсін?! Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал Асқар Оспанов онсыз да ақпарат құралдарында жиі сыналады. Жалпы Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бастығы лауазымы полковник Асқар Оспанов үшін жаман болған жоқ. Осы орында отырып генерал шенін алды. Бірақ генералдық шен Оспановқа құт болғанымен, қара халыққа құт болмай тұр. Мұрнының астында отырған бірінші орынбасары мен басқарма басшыларының жүріс-тұрысын қадағалай алмаған басшыдан енді не қайран, не қайыр?
Әй, осыдан кейін де Оспанов отставкі кетуді ойланбайды-ау,ә!
Ғалымжан Елшібай,
Оңтүстік Қазақстан облысы
Мұрағаттан, 2016 ж