Школьниктен қалған «мұра»

Oinet.kz 01-07-2019 900

Screenshot_44.jpg

Владимир Школьник туралы күні бүгінге дейін не жазылмады десеңізші. Жұмысының салғырттығынан бастап ұлттық мүддені сатқанына дейінгі аралықтағы айыптаулар толып жатыр. Бұған сенбейін десең, Школьниктің шынайы бетпердесін сыпырып тастайтын тірілктері аз емес қой. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің табиғи қазба байлықтары мен энергоресурстарын дәл осы Школьниктей «шабуылдаған» шенеунік жоқ шығар, сірә.

Владимир Сергеевич сонау 1992 жылы еліміздің Атом энергетикасы жөніндегі агенттігінің бас директоры болып тағайындалған сәттен бері 25 жыл бойы индустрия, энергетика, минералды ресурстар мен ғылым салаларын алма-кезек басқарып келді. Әр қызметінде нендей пайдалы тірліктер тындырғаны, елдің дамуына қосқан үлесі туралы айтатын нәрсе жоқ.  Бірақ, Школьникке қатысты дәстүрлі түрде орындалатын  бір заңдылықты айта аламыз. Бұл кісі басшылық еткен саланы артынша міндетті түрде «былық-шылықтардан» тазалау қажет болады.

Школьник мырза әрдайым майлы қызметтерге баруға дайын тұрады. Тіпті  Нұрлан Қаппаровтың өлімінен соң оның ойда-жоқта «Қазатомпромның» басшылығына топ ете қалуының өзі көпшілікті таңқалдырғаны анық. Себебі, бұл логикаға мүлдем сыймайтын тағайындау еді. Жылдар бойы белгілі-бір стратегиямен дамып келген «Қазатомпром» Школьник келген соң бағытын күрт өзгертіп, Ресейдің  ығына жығыла берді.  Базбір сарапшылар мұнда белгілі-бір сценарийдің жүзеге асқанын меңзейді. «Қазатомпром» - стратегиялық кәсіпорын, уран өндіру жөніндегі әлемдегі алпауыт компания. Еліміздің атом өнеркәсібін көптен бері өзіне қаратуды көксеп келген Ресей ақыры Школьниктің көмегімен дегеніне жетті.  Өйткені,  дәл соның тұсында елімізде ресейлік компаниялардың мүддесі қорғалып, бірқатар уран кеніштері солтүстік көршінің қарамағына өтті.

Осылайша Жәкішевтің көп жылдық еңбегін бір-ақ сызып тастаған Владимир Школьниктің «Қазатомпромды» басқарып тұрған  кезінде көптеген кемшіліктерге жол бергені де анықталды. Мәселен, еліміздегі атом саласын дамытудың  2011-2014 жылдарға арналған  бағдарламасының бірінші кезеңін орындау барысында жоспарланған 46 іс-шараның 25-і атқарылмағаны, 4,2 миллиард теңгенің игерілмей қалғаны анықталды.  Алайда, «Қазатомпромдағы» былықтарына қарамастан Школьник 2014 жылы энергетика министрі қызметіне тағайындалады. Үкіметтің бұл қадамы қоғамда айтарлықтай қарсылыққа тап болған еді. Тіпті белсенділер тобы министрді қызметінен алып тастауды талап етіп, үндеу жариялады.

 Школьниктің бүкіл карьерасындағы ең үлкен жетістігін айтайық. Онысы – Владимирдің ұлы Игорьдің Ресейдегі бизнесі. Кезінде «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясында  атқарушы директор қызметін атқарған Игорь Школьник Ресейдегі «Орскнефтеоргсинтез» зауытының қожайыны атанды. Кейіннен  оны миллиардер Гуцериевке қыруар қаржыға сатып жіберген. Игорь Школьниктің бизнестегі бұлайша өрлеуі бірінші кезекте әкесінің қамқорлығы деседі.  Ал Владимир Школьниктің құдасы – Ресейдің уран алпауыты «Росатомға» қарасты «Uranium One»  компаниясының бас директоры екені көп нәрсені аңғартады. 

Школьник – презентация жасаудың хас шебері. Жаңа жобаларды таныстырғанда барын салып, жұрттың назарын өзіне қарататын қасиетін жоққа шығармаймыз. Тіпті Қаппаровтың жаназасында сөз алғанында көз жасын  сығып алуын оның шын қайғысынан гөрі әртістігінің белгісі деп қабылдадық.

  Бұл жолғы Школьниктен қалған «мұраны» реттеу  кезегі  Қанат Бозымбаевқа тиді. Есеп комитеті арнайы тексеру жүргізе келе, жүзеге асырылмаған жобалар, бюджет қаржысын жүйелі түрде игермеу, менеджментте жіберілген кемшіліктерді анықтады.  Мәселен,  былтыр   3,4 миллиард теңгенің жұмсалу барысы тексеруден өтіп, оның 1,4 миллиард теңгесіне қатысты  көптеген заңбұзушылықтар жіберілгені мәлімделді. Мұнай-газ саласының заңнамасын бұзғандарға қатысты шаралар қолданылмаған, эконогиялық қадағалау тиісті деңгейде жүргізілмеген» делінеді Есеп комитетінің баяндамасында. Сондай-ақ, жуырда Есеп комитеті және бір мәлімдеме жасады: «Жанармай-энергетикалық кешенді дамыту тұжырымдамасы мен Газ секторын дамыту  тұжырымдамасы тиісті іс-шаралар жоспарынсыз жүргізілген. Жекелеген кешенді жоспарлар мен салалық бағдарламалардың нәтижесінің тиімсіз болған. 2015 жылға жоспарланған 34 іс-шараның тек 10-ы жүзеге асырылған.  Яғни, Школьник министр ретінде өзінің тікелей міндеттерін атқаруға аса бас ауырта бермеген.  Бағдарламалар бойынша атқарылған жұмыс нәтижелерін бұрмалау, бухгалтерлік және қаржылық есептіліктерді жүргізу ретін бұзу, көзделген инвестициялық жобаларды дер кезінде жүзеге асырмау, нысандар құрылысының аяқталмауы секілді кемшіліктер орын алған. Бірқатар  ірі жобалардың құрылысына артығымен қаражат жұмсалған жайттер де анықталды. Бюджеттік және өзге де заңнаманы бұзудың жалпы сомасы 18,9 миллиард теңгеге жеткен»... қайсыбірін айтайық. Бұдан шығатын басты қорытынды - Школьниктің министр қызметіне тағайындалуы Үкіметтің кадр саясатындағы орны толмас кемшілігі болды.

Алайда, Школьник бұл жолы да аман-есен құтылып кетті. Оған қатысты іс те қозғалған жоқ, Үкімет тарапынан  шара қолданылмады, тіпті сынға да ілікпеді. Біздіңше, Школьниктің «мұрасынан» Қазақстан әлі ұзақ уақыт бойы  зардап шегетін түрі бар. Оның түрлі министрліктерде, ұлттық компаниялардағы қызметі ел мүддесіне қайшы келетін қадамдармен ерекшеленген.

Школьниктің орнына Бозымбаевтың тағайындалуын мамандар жақсылықтың нышаны ретінде қабылдады. Себебі, Қанат Алдабергенұлы  позициясынан қайтпайтын, ел мүддесін  қорғай алатын білікті кадр ретінде өзін мойындатып үлгерді.  Жамбыл және Павлодар облыстарын басқарған жылдардағы атқарған қызметі қоғам тарапынан жоғары бағалануы осының айғағы. Машкевичтей дөкейлермен келіссөз жүргізгенде батыл қадамдарға барғаны  ел есінде. Ұлттық мүддені қорғайтын сәттерде де табандылық танытқаны көпшілікті сүйсінтті. Тараз қаласында сағыздай созылып, «сақалды» құрылысқа айналған  Орталық мешіттің құрылысы  да Бозымбаев келісімен бір жазда аяқтап, пайдалануға  берілгенін әулиеаталықтар жақсы біледі.  Сондықтан, Қанат Бозымбаевтың энергетика саласына келуі ел үшін стратегиялық маңызы бар жобалардың ойдағыдай іске асатынын, ұлттық мүдденің тиісті деңгейде қорғалатынының белгісі іспетті.

Ең бастысы ол осы саланың маманы. Кезінде  Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы болды,  талай жыл «KEGOC» компаниясының басшылығында қызмет атқарды. Қанат Бозымбаев – энергетика саласы бойынша халықаралық деңгейде танылған азамат. Оған «ТМД еңбек сіңірген энергетигі» атағы берілуі осының айғағы.  «Бөдене сойса да қасап сойсын» деген халық даналығына сүйенсек, Бозымбаевтың энергетика министрі қызметіне тағайындалуы сәтті шешім болғаны анық.   Медицинаны экономист, ауыл шаруашылығын заңгер, ал қорғаныс саласын педагог басқарып жатқан мына заманда стратегиялық маңызы бар министрлікке сол саланың білікті маманы  жетекшілік еткені дұрыс қадам деп бағалаймыз.

Мұрағаттан, 2016 ж

Оңтүстіктегілер үш күнде 906 адам солтүстікке көшті
Атамқұловтың елші болғанының қызығын ел көріп жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу