Әкімдік ұсталды деген басқарма басшысына қатысты түсініктеме берді

Oinet.kz 19-02-2024 1167

 191101120532598e.jpg

Ғаламторда, әлеуметтік желіде соңғы екі-үш күнде Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашевтің ұсталуына қатысты әрқилы ақпараттар тарап жатыр. Белгілі журналист Козачков өзінің телеграм каналында Жұмашевті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұстағанын, оның үстінен "лауазымдық өкілеттігін асыр пайдалану" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, пәтерінде, қызметтік бөлмесінде тінту жүргізілгенін, бұл іске онымен бірге Астанадан еріп келген көмекшісі мен хатшысының да қатысы барын жазған болатын. Алайда Жұмашевтің ісі бойынша құзырлы органдар әзірге ешқандай ресми ақпарат таратқан жоқ. Жұртшылық арасында түрлі пікірлер көбейіп кеткендіктен болар, бүгін Түркістан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі осыған қатысты ресми ақпарат таратты.

-Түркістан облысы білім беру басқармасының басшысы туралы тарап жатқан ақпаратқа қатысты құзырлы органдар тарапынан ресми мәліметтің берілгенін күтуге шақырамыз.  Бұл жағдайдың Түркістан облысы білім беру басқармасы басшысының өңірде атқарып келген қазіргі қызметіне қатысы жоқ.  Тек ресми дереккөздерге ғана сеніп, жалған ақпарат таратудан бас тартуды сұраймыз,-делінген баспасөз қызметінің таратқан мәліметінде.

«Бұл жағдайдың» дегеніне қарағанда, әкімдіктегілер Жұмашевтің ұсталғанын жоққа шығарып отырған жоқ. Жұмашев бұл қызметке былтыр қазан айында тағайындалған болатын. Бұған дейін ол Білім және ғылым министрлігінде басқарма басшысы, департамент директорының орынбасары болған. 2016 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары лауазымдарын атқарған. Түркістанға келгенге дейін Президент Әкімшілігі Іс басқармасының «Қазақстан Республикасы Президентінің орталығы» Әкімшілік-кадрлық, құжаттамалық және құқықтық жұмыс қызметінің жетекші сарапшысы қызметін атқарып келген.

 


ҰҚК арнайы операцияның нәтижесін жариялады
Пара берген кім, алған кім? Мақсұт Исахов Шымкенттің сотына сенбейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу