Полиция Мақтааралда есепшінің өз-өзіне қол жұмсағанын растады
Полиция Түркістан облысы Мақтаарал аудандық білім бөлімінде бюджет қаражатын талан-таражға салуға қатысты тексерулер кезінде есепші болып істейтін қызметкердің өз-өзіне қол жұмсағанын растады. Бұл туралы Otyrar.kz порталы хабарлады. Оқиға 25 қаңтарда болған.
-25 қаңтар 2024 жылы Мақтаарал аудандық полиция бөлімінде суицидке байланысты Қылмыстық кодекстің 105-бабының 1-бөлімімен (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) қозғалған қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде,-делінген аталған порталдың сауалына жауап берген Түркістан облыстық Полиция департаментінің мәліметінде.
Еске сала кетейік, Мақтаарал аудандық білім бөлімінде тексеру жұмыстарын Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті жүргізуде. Бұған дейінгі ресми мәліметте Мақтаарал аудандық білім бөлімінде 1,2 миллиард теңгенің жымқырылғаны хабарланған болатын.