Түркістан: Білім бөлімдерінен 1,8 миллиард теңге жымқырылған
Қаржылық мониторинг агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті облыс прокуратурасының үйлестіруімен және әкімдіктің атсалысуымен Мақтаарал аудандық білім бөлімінің есепшілеріне 1,2 млрд теңге және Бәйдібек аудандық білім бөлімінің 600 млн теңге көлемінде сеніп тапсырылған мүлікті заңсыз иемдену фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Бұл туралы агенттіктің ресми өкілі Әлібек Әбділов хабарлады.
-Бүгінгі таңда аталған 2 аудан бойынша мемлекетке келтірілген шығынның жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеден астам. 2020-2023 жылдар аралығында «1С: Бухгалтерия» есеп бағдарламасында жалпы білім беретін мектептер қызметкерлерінің карточкалық шоттары мен жеке сәйкестендіру нөмірлерінің (ЖСН) орнына олармен үлестес тұлғалардың ЖСН енгізген айыпталушылар анықталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында іс бойынша айыпталушыларға қатысты тергеу әрекеттері мен тінту жұмыстары жүргізіліп, жылжымалы және жылжымайтын мүлікке тыйым салынды. Қазіргі уақытта іс бойынша жауапкерлер 120 млн теңге көлемінде келтірілген шығынды өз еркімен өтеп берді. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды,-деді ресми өкіл.
Бұған дейін осындай қылмыстар Сарыағаш пен Шардара, ал жуырда Келес ауданында анықталған болатын.