Шымкентте сұйытылған газ бағасы қымбаттайды

Oinet.kz 27-12-2023 525

 414330071_1164924654667021_2347532462257149405_n.jpg

Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарында қаладағы жылу жүйесінің жағдайымен танысу үшін «3-Энергоорталық» мекемесінде болды. Мұнан кейін Е.Ақкенженов Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесіп, министрлік тарапынан үшінші мегаполистің энергетика және инфрақұрылымын дамыту бағытында қолға алынған жұмыстары жайында баяндады. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.

Кездесуге келген тұрғындар табиғи газ, сұйық газ және инфрақұрылымға қатысты сұрақтарын қойды. Әсіресе жиында сұйық газ тасымалымен айналысатын кәсіпкерлер тарапынан бағаны нарық талабына сай көтеру ұсынысы айтылды. Оған вице-министр:

–Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, осы жылдың қаңтар-тамыз айларында газ пайдаланатын автокөлік саны 2022 жылмен салыстырғанда шамамен 350 мың бірлікке өсті немесе өсім 71 %-ды құраған. Автомобильдердің бензиннен сұйытылған мұнай газына ауысуының негізгі себептерінің бірі – баға айырмашылығы. Сонымен қатар, «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізілді.

Заң жобасының негізгі нормасы – Министрлік бөлшек сауда бағаларын бекіту бойынша құзырет беру болып табылады. Бұл сұйытылған мұнай газының бағасының күрт өсуіне жол бермейді. Қазіргі уақытта Шымкент қаласы бойынша сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек бағасы литріне 64 теңгені құрайды. Ал 2024 жылдың 1 тоқсанында, яғни наурыз айынан бастап, бір литр сұйық газдің бағасы 5 теңгеге өседі, – деді Е.Ақкенженов.

Айта кетсек, қазір Шымкент қаласында 192 автогаз құю станциясы бар. Шаһарда сұйытылған мұнай газын тұтыну көрсеткіші осы жылдың қаңтар –қараша айларында шамамен 105 мың тоннаны құраған екен.

Сөз соңында ҚР Энергетика вице-министрі тұрғындар толғандырған сұрақтарын «Е-өтініш» электрондық жүйесіне жолдауға болатынын, осылайша платформа арқылы министрлікпен байланыса алатынын жеткізді.

 


Түркістан облысында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі
"НеМолчи.kz" қорының басшысына іздеу жарияланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу