Қымбатшылыққа Forbes тізіміндегі олигархтар кінәлі—депутат

Oinet.kz 26-12-2023 596

d71f3f4c-36fa-4d98-9fd8-28e0ad89812e.jpg 

Сауда орталықтарының қожайындары мемлекеттің ішінен қоғамның ешбір талабына бағынбайтын мемлекет құрып алған. Мәжіліс депутаты Баққожа Анас сауда саясатын дамыту мәселелеріне арналған Үкімет сағатында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

«Бүгінде бағаның көтерілгеніне сауда орталықтары мен сауда үйлері, солардың қожайындары кінәлі деп ашық айта алам. Сауда орталықтарының қожайындарының бәрі – Forbes тізіміндегі олигархтар. Олар мемлекеттің ішінен қоғамның ешбір талабына бағынбайтын мемлекет құрып алған.

2018 жылы сауда орталықтарындағы дүңгіршектерді жалға беру құны 1 шаршы метріне 4 мың теңге болса, қазір 21 мың теңге - 5 есе өскен. Салдарынан киім-кешектің бағасы жыл сайын өсіп жатыр. Мысалы, 2018 жылы шұлықтың бағасы - 300 теңге болса, қазір - 1500 теңге.
Көп бутиктерде есептеуіш құрал жоқ. Сауда орталықтары соны пайдаланып, коммуналдық төлемдерге ойына келген бағаны қояды. Араны ашылғаны соншалық, жалға беру бағасын қымбаттатқанымен қоса 2-3 ай алдын ала депозит талап етеді. Осылайша маңдайы терлеместен миллиардтап пайда тауып отырған сауда орталықтары мемлекетке салық төлемеудің де амалын жақсы ойластырған», - деді ол.

Баққожа Анас сауда орталықтарының көбі жалға беру ақысын қолма-қол ақшамен алып отырғаны да заңсыз әрекет екенін атап өтті.

«Сауда орталықтарының көбі жалға беру ақысын қолма-қол ақшамен алып, бутиктерді өздері ашқан жеке кәсіпкерлік нысандар арқылы субарендаға беріп, кірістерін жасырып отыр. Осының бәріне наразы болған саудагерлерді сауда үйінен шығарып тастаймыз деп қорқытып отыр. Жұмыссыздық кесірінен амалсыз саудаға кеткен халық осылайша сауда орталықтарының айтқанына, лаңына көніп отыр. Осы сауда орталықтарын қашан ретке қоясыздар? Сауда нысандарында саудагерлермен бірге қоғамдық бақылау орнатып, салық ревизиясын жасауға дайынсыздар ма?» - деп сұрады депутат.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев биылдан бастап салық ревизиясы басталғанын еске салды. Сондай-ақ, сауда орталығындағы нүктені субарендаға беруге заңмен тыйым салынғанын атап өтті. Ведомство басшысы сауда орталықтарының монополиясын көпформатты сауда-саттықты дамыту арқылы ғана шектеуге болатынын айтады.

 


Жетісайдың әкіміне жұмысын ширату тапсырылды
Түркістан облысында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу